Жақында Жоғары аудиторлық палатаның Қостанай облысына жүргізген тексеруі туралы БАҚ-та жарияланған ақпараттар қоғамда біраз дүрбелең туғызды. Аудит облыстағы 6 басқарманы тексерген. Бұл тексеру — бес жылдық кезеңді қамтитын жоспарлы аудит. Мұндай жұмыстар еліміздің барлық өңірлерінде қаржылық тәртіпті күшейту мақсатында жүргізіледі.
Аудиторлық тексеру үрей тудыра қоярлық дүние емес. Мақаланың тақырыбына қарап-ақ, қаралап шыға келетіндер көп қазір. Ол мақаланың ішкі мазмұнына үңілместен, ерінбегеннің барлығы сүйінші сұрағандай бірінен бірі көшіріп, дақпыртты өршітіп жібереді.

Қазіргі таңда аймағымызда тексеру қорытындысы бойынша нақты іс-шаралар жоспары бекітілді. Әрбір ескерту бойынша жұмыс жүргізілуде. Оның үстіне, аудит аяқталмай тұрып-ақ облыс пайдаланылмаған қаражатты қайтара бастаған (қазірдің өзінде 4,6 млрд теңге қайтарылды).
«Аудиторлар тексерген негізгі мәселенің бірі – облыс республикадан 30 млрд теңге қарыз алған, ал өзінің игерілмеген қаражатының сомасы 19 млрд теңге. Бұл жерде «қарыз» дегеніміз – республикалық бюджеттен нақты мақсаттарға қайтарымды негізде бөлінген қаражат. Яғни, бұл жай ғана жетіспегей тұрған қаржыны жабу емес, белгілі бір бағдарламаларды іске асыру үшін берілетін мақсатты қаражат. Аталған 30 млрд теңгенің шамамен 20 млрд теңгесі – несиелік тұрғын үй салу және сатып алуға; 8,7 млрд теңге – агроөнеркәсіп кешенін дамытуға; 1,6 млрд теңге – ауылдағы мамандарды әлеуметтік қолдауға бағытталған. Ал республикалық қарыз ірі әлеуметтік және экономикалық жобаларды жүзеге асыру үшін қолданылатын қалыпты бюджетаралық тәсіл», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов аймақ әкімдігінде өткен жиында.

Енді келесі мәселелерге қысқаша тоқталсақ.
Жедел қадам — халық игілігі үшін
Бұдан бөлек, аудиторлар 35,3 млрд теңгені тиімсіз жоспарлады деп отыр. Бірақ бюджет заңнамасына сәйкес, өтінімдер мамырда беріліп, тек желтоқсанда бекітіледі. Осы аралықта кейбір жобалар жедел қарқынмен жүзеге асырылып, уақытты созбау үшін облыстық бюджет есебінен қаржыландырылды.

Бұл ең алдымен су, жылу және басқа да маңызды әлеуметтік қажеттіліктерді уақытында қамтамасыз ету үшін жасалатын тетік.
Қаржылық өрескелдіктер мен қабылданған шаралар
Жоғары аудиторлық палата анықтаған тағы бір қаржылық бұзушылық 51 млрд теңгеге келіп тіреледі. Оның 45 млрд теңгесі — аграршылардың бюджетте қарастырылмаған субсидия өтінімдеріне қатысты. Қазір бұл сомалар толық есепке алынып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.


Сонымен қатар, 5,1 млрд теңгенің 90%-ы (4,6 млрд теңге) бюджетке қайтарылды, яғни, 3,4 млрд теңге — пайдаланылмаған тыңайтқыштарға; 1,2 млрд теңге — KIA зауытына апаратын жол құрылысындағы үнем.

Тиімсіз шығындар мен мердігерлердің жауапкершілігі
13,9 млрд теңге тиімсіз пайдаланылған қаражат деп танылып отыр. Бұл негізі мердігерлердің кінәсінен жобалардың қымбаттауы мен мерзімдердің бұзылуы себебінен болған салғырттық. Қазір осы қатарлы жағдайлардың барлығына айыппұл санкциялары қолданылып, қаражатты қайтару талап етіледі. Сенімсіз компаниялар болашақта мемлекеттік сатып алулардан шектеледі.
Өнеркәсіптің дамуы — нақты нәтиже
2025 жылға жоспарланған 7 ірі жоба (322,1 млрд теңге, 3 мыңнан астам жұмыс орны) бүгінде жұмыс істеп тұр. Мысалы, KIA автозауытын және Jetour өндірісін іске қосу жылына 70 мыңға дейін көлік шығаруға мүмкіндік береді. Kamlit KZ және «Бестекс» кәсіпорындары да іске қосылып, өнім өндіріп жатыр, тек құжаттық рәсімдеу жалғасуда.

Кәсіпкерлікті қолдау
Аудит барысында 352 шағын және орта бизнес субъектісі тиімді нәтиже көрсетпегені анықталды. Бірақ бұл — барлық 4 316 кәсіпкердің тек 8%-ы ғана. Сонымен қатар, кейбір кәсіпкерлер қызметін заңды түрде ерте тоқтатқан; кейбірінде қарсы міндеттемелер болмаған (қазіргі таңда бұл олқылық жойылған); бірқатары несиелерін мерзімінен бұрын өтеген.

Бұл мәселелер тек Қостанай облысына ғана тән емес, республика бойынша ортақ жағдай.
Ең бастысы — адамдардың өмір сапасы
Соңғы үш жылда өңірде 10 мектеп (6,8 мың орын) және 15 балабақша (2,3 мың орын) салынды. 35 денсаулық сақтау нысаны іске қосылды. 39 спорт нысаны, оның ішінде 18 дене шынықтыру кешені мен 11 хоккей корты ашылды. 8 мәдениет нысаны пайдалануға берілді.

1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, 4 500 отбасы баспаналы болды. Медицина кадрларының тапшылығы екі есеге жуық азайды. Жол жөндеу жұмыстары айтарлықтай артты — былтыр 1 300 км жол жөнделді. Ауыл халқы толықтай ауыз сумен қамтылды.

Аймақ басшылығы барлық анықталған кемшіліктер бойынша нақты жоспар әзірленіп, олар кезең-кезеңімен жойылып жатқанын жеткізді. Аудиторлық тексеру — бір жағынан жұмысты жақсартуға да мүмкіндік. Ең бастысы — қабылданған шаралар өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
