Ресей Федерациясының астанасында самбо спортынан көрнекті маман, осы спорт түрінің негізін қалаушылардың бірі Анатолий Харлампиевті еске алуға арналған халықаралық «Кубок основоположников» турнирі өткен еді. Аталған жарыста Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6697 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Мәлік Байсұлтанов 64 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, үздік үштіктің қатарына енді.
Ол қарсыластарымен өткен белдесулерде жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, нәтижесінде қола жүлдені жеңіп алды.
Бұл жетістік – әскери қызметшінің табандылығы мен кәсіби дайындығының айқын көрінісі. Сонымен қатар, ол Қазақстанның самбо мектебінің жоғары деңгейін халықаралық аренада тағы бір мәрте дәлелдеді.
Халықаралық дода жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әр салмақта тартысты белдесулерге толы болды. Қатысушылар өз елдерінің намысын қорғап, шеберліктерін барынша паш етті. Жарысқа әлемнің 15–20-ға жуық елінен 200-ден астам үздік спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады.

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі мұндай халықаралық жарыстар спортшылар үшін тәжірибе алмасуға, шеберлікті шыңдауға және достық қарым-қатынасты нығайтуға үлкен мүмкіндік беретінін айтады.
