Қостанай ауданында Ұлттық спорт күніне орай жасөспірімдер арасында қазақ күресінен ашық турнир ұйымдастырылып, оған өңірдің әр ауданынан келген жас балуандар қатысты.
Дүбірлі дода 2014–2015 және 2016–2017 жылдары туған кіші жасөспірімдер арасында өтті. Жарыстың басты мақсаты – ұлттық спорт түрлерін дамыту, жас буынның спортқа деген қызығушылығын арттыру және болашақ чемпиондарды тәрбиелеу.
Аталған жарыста Аманкелді ауданының жас спортшылары ерекше белсенділік танытып, жоғары дайындық деңгейін көрсетті. Өз ауданымыздың намысын қорғаған балуандар тартысты белдесулерде қарсыластарынан басым түсіп, командалық есепте жүлделі І орынды иеленді.
Бұл – жас спортшылардың табанды еңбегі мен жүйелі жаттығудың нақты нәтижесі.

Жас балуандардың жеңісіне олардың жаттықтырушысы Нұрлан Беркінұлының қосқан үлесі зор. Ол шәкірттерін ұлттық спортқа баулып қана қоймай, олардың рухын шыңдап, жеңіске деген сенімін арттырып келеді. Жаттықтырушының айтуынша, мұндай жарыстар жас спортшылардың тәжірибе жинауына, шеберліктерін шыңдауға және өз күштерін сынауға үлкен мүмкіндік береді.
– Бұл турнир жас балуандар үшін өте маңызды тәжірибе алаңы. Әрбір жарыс олардың жігерін шыңдап, үлкен спортқа қадам басуына жол ашады. Балалардың талпынысы қуантады. Алдағы уақытта да оларды ірі жарыстарға дайындап, жоғары нәтижелерге жетуге бірге еңбек етеміз, – дейді жаттықтырушы Нұрлан Беркінұлы.
Жарыс жеңімпаздарының айтуынша, бұл жетістік – үздіксіз жаттығу мен қажырлы еңбектің нәтижесі. Олар алдағы уақытта да үлкен жарыстарда аудан намысын абыроймен қорғап, жаңа белестерді бағындыруға ниетті екенін жеткізді.
Мұндай спорттық шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, жас ұрпақты салауатты өмір салтына баулудың маңызды тетігі болып табылады. Әсіресе қазақ күресі, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық ойындардың кеңінен насихатталуы жас буынның ұлттық мәдениетке деген құрметін арттырып, рухани тәрбиесіне оң әсер етеді.
Жарыс соңында ұйымдастырушылар жеңімпаздар мен жүлдегерлерді арнайы мадақтамалармен марапаттап, алдағы жарыстарда сәттілік тіледі. Аманкелді ауданының жас спортшылары бұл жолы да өздерінің мықтылығын дәлелдеп, туған жердің абыройын асқақтатты.
Жас спортшылардың бүгінгі жеңісі – ертеңгі ел болашағының жарқын кепілі.
Ақбаян Теміржанова,
Амангелді ауданы
