Арқалықтағы білім ордасында өнегелі іс-шара өтті

Арқалықтағы білім ордасында өнегелі іс-шара өтті

Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінде «Қыз тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.

Қоғам белсенділері, ұстаздар және жастар қатысқан жиынға Арқалық қалалық «Қоғамдық кеңесінің» төрағасы, қалалық «Мәдениет сарайының» әдіскері Сандуғаш Алматова арнайы қонақ ретінде шақырылды.

Дөңгелек үстел барысында қыз баланың тәрбиесі, ұлттық құндылықтарды сақтау, заманауи қоғамдағы қыздардың рөлі жайлы маңызды ойлар айтылды. Сандуғаш Орекенқызы қыз тәрбиесінің ең алдымен отбасынан басталатынын айтып, ата-ананың үлгісі мен дұрыс бағыт-бағдары қыз баланың болашақ өмірінде үлкен рөл атқаратынын жеткізді. Сонымен қатар, ол ұлттық салт-дәстүрлердің тәрбиелік мәніне тоқталып, қазақ халқы қыз баланы қашанда ерекше құрметтеп, ибалы, білімді, парасатты болуға баулығанын тілге тиек етті. Бүгінгі таңда да сол құндылықтарды сақтап, жас қыздарға дұрыс тәрбие беру – қоғамның ортақ міндеті екендігі айтылды.

Қатысушылар да өз пікірлерін білдіріп, қыз балалардың білім алуы, өзін-өзі дамытуы, қоғамдағы белсенділігі туралы ой бөлісті. Жастар тарапынан да көптеген сұрақтар қойылып, пайдалы кеңестер берілді. Кездесу арасында колледж психологы Айнұр Дакар құрметті қонақпен сергіту сәтін өткізді. Сергіту сәтінде «Әуенді тап» яғни, өлеңнің атын тауып, сол әннен үзінді орындауда да Сандуғаш Орекенқызы өзінің жан- жақты дамыған тұлға екендігін көрсете білді.

Іс — шара түйінінде қатысушылар қыз тәрбиесі – тек отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның жауапкершілігі деген қорытындыға келді.

«Қоғамның дамуы мен ұлттың болашағы – өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тікелей байланысты. Әсіресе қыз баланың тәрбиесі – отбасының ғана емес, тұтас ұлттың болашағын айқындайтын маңызды мәселе. Осындай тәрбиелік мәні зор кездесулер жастардың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, олардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға үлкен ықпал етеді», – дейді колледждің Саз бөлімінің меңгерушісі Айгүл Егінбайқызы.

Іс – шараны іргелі білім ордасының «Саз бөлімі» және «Дене тәрбиесі  және спорт» мамандықтарының ДМ -11, ДМ-32 топтары ұйымдастырды.

             Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Арқалық қаласы