Қалалық мәдениет сарайында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиын өтті.
Ардақты аналар қауымын қала әкімі Әмірхан Асанов құттықтап, ерен еңбегімен көш бастап жүрген төл мереке иелеріне облыс және қала әкімінің Алғыс хаттарын табыс етті.

«Тәуелсіз еліміздегі бейбіт тірліктің, мызғымас бірліктің, жарқын болашаққа деген сенімнің, ізгілік пен мейірімділіктің ұйытқысы асыл аналарымыз, аяулы аруларымыз екені белгілі. Жаратылысынан жандары жылуға, жүректері сезім мен сырға толы, тіршілігіміздің сәні болған әйелдер қауымына аймен таласқан әсемдік те, көреген көсемдік те, мейірім мен нәзіктік те тән. Анасын асылым деп сыйлайтын, апа – жеңгелерін қымбатына балайтын, қарындасын қарлығашым деп қадірлейтін, өмірінің қосағы сүйікті жары мен тәтті сезімінің жемісі өз қызын жанындай жақсы көретін ерлер қауымының Сіздерге деген құрметі мен ілтипаты қашан да шексіз. Ел тәуелсіздігін нығайту жолында отбасы мен қоғам жүгін қатар арқалап, қайыспай көтеріп жүрген барлық нәзік жандарымызға зор алғысымды білдіремін», – деді қала әкімі Әмірхан Асанов.
Қала басшысы атап өткендей, нәзік жандар әр салада нәтижелі еңбектерімен танылып келеді. Арқалық қаласындағы 27 тыл ардагерінің 20 — ы ақ жаулықты аналар. Ардақты аналардың алды ғасыр жасқа жетсе, біразы тоқсанды алқымдап отыр.
Білім беру саласындағы 800 -ге тарта адамның 85%- ке жуығы әйел кісілер. Қала әкімдігінде жұмыс істейтін 131 мемлекеттік қызметкердің жартысына жуығы, яғни 48%-тен астамы әйел кісілер. Қала әкімі аппаратындағы 18 мемлекеттік мекеменің 8 — не әйел кісілер басшылық жасап отыр.
Денсаулық сақтау саласында 600 -ден астам адамның 86%-ке жуығы әйел кісілер. Асыл ана, аяулы қыз – келіншектер қаланың коммуналдық саласында да қажырлы еңбек етуде. Арқалық жылу энергетикалық компаниясындағы 480 адамның 31 % — тен астамы, Қостанай оңтүстік электр желісі мекемесіндегі 270 адамның 26%-ке жуығы әйел кісілер.
Мерейлі мерекеде мерейі үстем болған аналардың құшағы гүлге толып, ұжымдастары мен жақын — жуықтарының да сый — құрметіне бөленді.

Қала өнерпаздары әсем ән әуелетіп, мың бұрала би билеп, салтанатты кештің шырайын аша түсті.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Суреттерді түсірген – автор
Арқалық қаласы
