Өткен жылы Қазақстанда жылқы етінің импорты күрт артты. Ұлттық статистика деректеріне сәйкес, 2024 жылдың 11 айында елге 3,8 мың тонна жылқы еті шетелдерден тасымалданған. «Бұл – соңғы 10 жылда болмаған жағдай» дейді мамандар. Импорттың басым бөлігі, яғни 60 пайызы Моңғолиядан әкелінген. Импорттың артуы елде жылқы саны тұрақты өсіп, ішкі өндіріс ұлғайып отырған кезеңде тіркеліп отыр. Мұндай жағдай нарықтағы сұраныс, баға және логистика факторларының күрделі өзара байланысын көрсетеді.
Импорт неге артты?
Сарапшылардың пікірінше, импорттың өсуі тапшылықтан емес, ең алдымен баға сигналының әсерінен туындаған. Қазақстанда соңғы жылдары ет бағасының өсуі сырттан келетін өнімді экономикалық тұрғыдан тиімді етті.
Ет импорттаумен айналысатын кәсіпкер Өмірбек Қуаныштың айтуынша, бұрын Моңғолиядан ет тасуға әкімшілік және логистикалық кедергілер көп болды. Ал соңғы жылдары екі ел арасындағы сауда қатынастары жақсарып, бизнес форумдар мен екіжақты келісімдер бұл үдерісті едәуір жеңілдеткен.
Сонымен қатар ішкі нарықтағы бағаның өсуі шешуші рөл атқарды. Бұрын Қазақстанда жылқы еті арзан болды. Сондықтан тасымалдау шығынын есептегенде импорттың тиімділігі төмен еді. Ал қазір баға айырмашылығы 300-400 теңгеге дейін жетіп, импорт экономикалық тұрғыдан тартымды бола бастады.
Кәсіпкерлердің айтуынша, екіжақты келісімшарттар арқылы шамамен 100 тоннаға жуық жылқы еті жеткізілген. Сұраныс тұрақты, тұтынушылар тарапынан сапаға қатысты шағым түспеген.
Табиғи жайылым мен баға – импорттың басты артықшылығы
Моңғолиядан әкелінген жылқы етінің негізгі ерекшелігі – малдың табиғи жайылымда, таулы аймақта өсуі. Жылқылар бордақылау қоспаларынсыз, екпесіз, таза шөппен қоректенеді. Бұл фактор тұтынушылардың сенімін арттырып отыр.
Баға жағынан да айырмашылық сақталып отыр. Қазақстанда жайылымда өскен жылқы етінің келісі 3000-3200 теңге болса, импортталған ет 2800 теңгеден.
Моңғолияның Баян-Өлгий аймағындағы Цэнгэл сумын ауылының тұрғыны Бектас Мүлкінұлының айтуынша, бұл жақта соғымдық жылқының бағасы шамамен 2 млн төгрөг, бұл теңгеге шаққанда 285 мың теңге. Ал етті келілеп сатып алғанда бір келісі орта есеппен 2000 теңгеге жуық. Сонымен қатар ет қазақтар тығыз қоныстанған өңірде, халал талапқа сай сойылып, тиісті сертификаттармен жеткізіледі.
Ішкі өндіріс: жылқы шаруашылығы қанат жайып келеді
Импорт көлемінің өсуіне қарамастан, Қазақстанда, оның ішінде Қостанай облысында жылқы шаруашылығы тұрақты дамып келеді. Тобыл-Торғай өңірі – еліміздегі ауыл шаруашылығы қарқынды дамыған аймақтардың бірі саналады.

Бүгінде Тобыл-Торғай өңірінде 170 мыңға жуық жылқы бар. Оның 2500 басы асыл тұқымды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайыздық өсімді көрсетеді. Облыс бойынша жылқы өсірумен 1300-ден астам кәсіпорын айналысады. Жылқының шамамен 60 пайызы шаруа қожалықтары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің үлесінде.
Сонымен қатар өңірде қайта өңдеу бағыты да дамып келеді. Мәселен, Меңдіқара ауданында жылқы сүтін қайта өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл қымыз өндірісін дамытып, шаруалардың табысын әртараптандыруға мүмкіндік беріп отыр.
Қостанай облысы ауыл шаруашылығы басқармасы мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Аслан Молдашевтің айтуынша, саланың дамуына ішкі сұраныстың жоғары болуы тікелей әсер еткен.
«Бұл – бір жағынан ата кәсібіміз. Екіншіден, жылқы етіне де, қымызға да сұраныс жоғары. Сондықтан жылқы басы жылдан-жылға көбейіп келеді», – дейді Аслан Молдашев.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтаевтың сөзінше жылқы еті импортының артуы отандық өнім өндірушілерге зиянын тигізуі мүмкін.
«Моңғолиядан келетін жылқы еті қара базарға шығып кетті. Өздеріңіз қарасаңыздар бүкіл базарларда қазір Моңғолиядан әкелінген жылқы еті сатылуда. Егер мұны біз дер кезінде тоқтатпайтын болсақ өзіміздің отандық жылқы өсіріп отырған фермерлеріміздің жұмысына кедергі болады деп ойлаймын», – дейді депутат Аманжол Әлтаев.
Сарапшылар пікірі: импорт – қауіп емес
Фермерлер қауымдастығының пікірінше, импорттың артуы отандық нарыққа жүйелі қауіп төндірмейді. Соңғы 15 жылда елдегі жылқы саны 4 еседен астам өсіп, 4,3 млн басқа жеткен. Өткен жылдың 11 айында Қазақстанда 147 мың тонна ет тұтынылса, импорт көлемі соның 3 пайызына да жетпейді.

Қазақстан фермерлері қауымдастығы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ермек Әбуов бұл үрдісті нарық заңдылығымен түсіндіреді.
«Ішкі өндіріс толық қамтамасыз етіп тұрса да, баға факторына байланысты сырттан өнім келеді. Бұл – қалыпты нарықтық жағдай», – дейді ол.
Қазақстанда жылқы санының артуы ішкі өндірісті күшейтіп, бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік беріп отыр. Ал Моңғолиядан келетін жылқы еті тапшылықтың емес, баға мен тұтынушылық сұраныстың нәтижесі. Сарапшылардың пікірінше, бұл үрдіс отандық өндірушілерге қауіп төндірмей, керісінше, нарықта баға бәсекелестігін күшейтіп, тұтынушы үшін қолайлы орта қалыптастырады.
Гүлзада НҰРМАҒАНБЕТОВА
