Әуелі Парламенттік реформа аясында Конституцияның 40 бабына өзгерістер енгізу жоспарланған еді. Алайда жұмыс тобы сарапшылар мен халықтан түскен ұсыныстарды зерделей келе, өзгеріс ауқымы 40 баптың ауқымына сыймайтынын түсінді. Сөйтіп Конституцияның барлық бөліміне және 77 бабына, яғни жалпы мәтіннің 84%-ін жаңарту қажет деген шешімге келді.
Конституцияның жаңа жобасында преамбула, 11 бөлім мен 96 бапты бекіту ұсынылып отыр. Соңғы нүкте 15 наурызда өтетін республикалық референдумда қойылады. Еліміздің ертеңгі даму жолын айқындайтын осы Конституциялық реформа жөнінде философия ғылымдарының кандидаты Дәурен Тойматаевпен сұхбаттасып, пікірін сұрадық.
– Дәурен Болатұлы, Конституцияны өзгерту қандай қажеттіліктен туындады?
– Қазақстанда Конституцияны өзгерту әр кезеңде белгілі бір қоғамдық-саяси,
әлеуметік-экономикалық себептерден туындайды. Әуелі бұл – қоғамдық-саяси жаңғырудың қажеттілігі. Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан жаңа мемлекеттік жүйе қалыптастырды. Уақыт өте келе басқару үлгісін жетілдіру, билік тармақтары арасындағы тепе-теңідікті реттеу қажеттілігі көрінді. Билік тармақтары арасында өкілеттіліктерді қайта бөлу керек болды. Мысалы, жаңа Конституция жобасында қайта жасақталатын Парламенттің құрылымы мен құзіреті жаңғыртылмақ. Қалай? 145 депутаттан тұратын, кеңейтілген өкілеттіліктерге ие, бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құрылады. Оны құру кезінде пропорционалдық сайлау жүйесі қолданылады. Ал депутаттардың өкілеттілік мерзімі 5 жыл. Пропорционалдық жүйе, партиялардың кадрлық саясатын дамытуға, инстуционалдық рөлін арттыруға және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді. Одан кейін Халық Кеңесі. 70-ші бапта ұсынылған тұжырымға сәйкес Халық Кеңесі Қазақстан халқының мүддесін білдіретін жоғарғы консултьтивтік орган. Оны құру, құрамын қалыптастыру тәртібі, өкілеттілігі және қызметінің ұйымдастырылуы Конституциялық заңда айқындалады. Халық Кеңесінің құрамына этникалық топтардың 42 өкілі, қоғамдық бірлестіктерден 42 делегат, және өңірлік мәслихаттардың 42 өкілі кіреді. Бұл өңірлік және жергілікті қоғамдастықтардың пікірін ескеруді қамтамасыз етеді. Жаңа Конституцияның тағы бір миссиясы – демократиялық реформаларды тереңдету. Бұл бастамалар Президент ұсынған саяси жаңғыру бағытымен байланысты. Сонымен қатар қоғам талабын ескеру, әлеуметтік өзгерістерге бейімделу. Қоғам дамыған сайын заңнаманы да заман талабына сай бейімдеу қажет болды. Әсіресе саяси жүйені реформалаудың уақыты жеткені айқын көрінді. Адам құқын қорғау бойынша да заңнаманы күшейте түсу мәселесі туындады. Жаңа Конституция жобасы – өмір сүру құқы әр адамның абсолютті және ажырамас құқығы екенін бекітуді ұсынады. Адам өмірін қиюға ешкімнің құқы жоқ. Ал өлім жазасына тыйым салынады. Қорыта айтқанда, Конституцияға өзгеріс енгізу – мемлекетті басқару жүйесін жетілдіру, демократиялық интитуттарды дамыту және қоғам сұранысына жауап беру қажеттілігінен туындады деп ойлаймын.
– Қазіргі Конституция не себепті талапқа сай келмей қалды?
– Толық жарамсыз болып қалған жоқ. Бірақ уақыт өте келе оның кейбір нормалары
қоғамның жаңа талаптарына жауап бере алмай қалды. 2026 жылғы Конституциялық реформа – Қазақстанның құқықтық және қоғмдық дамуындағы маңызды қадам. Жаңа Конституция – әділеттілік, заң үстемдігі мен тәртіпті басты қағидаттар ретінде айқындап, мемлекеттің әрі қарай дамуына берік негіз қалайды. Реформада мемлекеттіліктің іргетасы қоғамдық бірлік екені нақты көрсетілген. Қоғамдағы ынтымақ, ұлтаралық, және консфессияаралық келісім ел тұрақтылығының негізгі тірегі ретінде танылып отыр. Бұл бейбітшілік пен өзара құрметке негізделген қоғам құруға бағыттылған маңызды ұстаным. Сонымен қатар осы Конституцияда мызғымас құндылықтар өзгеріссіз сақталады. Қазақстанның Егемендігі мен Тәуелсіздігі, унитарлық құрылымы және аумақтық тұтастығы мемлекеттің ажырамас негізі ретінде бекітілген. Бұл қағидаттар елдің тұтастығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты кепілі. Жаңа Конституцияда биліктің бастауы халық деген негізгі қағидаға баса мән беріледі. Қазақстан халқын мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі ретінде айқындау – азаматтардың ел басқару ісіне араласуына құқық беріп қана қоймай, оларға елдің тағдыры үшін де жауапкершілк жүктейді. Бұл өзгерістер қоғамдағы сенімді нығайтып, елдің тұрақты дамуына жол ашады.
– Конституцияны өзгерткеннен ұтарымыз не? Бұдан мемлекеттің даму үдерісі ілгерілей ме?
– Конституцияны өзгерту – жай ғана құқықтық түзету емес, елдің саяси
моделін қайта қарау деген сөз. Қазақстан жағдайында бұл бірнеше мақсаттарды көздейді. Жобада халықтық референдум ҚР Конституциясына өзгеріс енгізудің жалғыз тетігі болатыны жазылған. Оны өткізу туралы шешімді Президент өз бастамасы бойынша да, Құрылтайдың, Үкіметтің немесе Халық Кеңесінің ұсынысы бойынша да қабылдайды. Жалпы халықтық референдумға қатысуға құқығы бар ҚР азамататтарының 50 пайыздан астамы дауыс беруге қатысса референдум өтті деп есептеледі.
Неден ұтамыз? Әрине, бұл жерде билік тепе-теңдігі күшейеді. Азаматтардың құқықтық қорғанысы артады. Биліктің монополиялануы шектеледі. Бұл заман талабына сай жаңғырту. Қазір әлемде тұрақты даму үшін, ашықтық, есеп берушілік және институттардың тәуелсіздігі маңызды. Қазақстан үшін де басқару жүйесін икемді әрі жауапты ету қажеттілігі туындады. Басқа себептер де бар. Кез келген Конституциялық реформа тек идеалистік мақсатпен жасалмайды. Онда саяси тұрақтылықты сақтау, элиталар арасындағы тепе-теңдікті реттеу, қоғамдағы наразылықты институционалдық жолмен басқару, сол сияқты прагматикалық факторлар да болады. Даму үдерісі ілгерілейді. Нақты даму нормалардың қалай іске асатынына байланысты. Егер заң үстемдігі шынайы қамтамасыз етілсе, сот тәуелсіздігі күшейсе, саяси бәсекелестік шынайы болса, онда бұл реформалар мемлекеттің институционалдық дамуын жеделдетеді. Ал егер өзгерістер тек формалды сипатта қалса, онда айтарлықтай ілгерілеу болмайды. Бәрі саяси мәдениетке, институттардың жұмыс істеу сапасына және азматтық қоғамның белсенділігіне тікелей байланысты.
– Жаңа жобаның Президент билігін күшейтіп, авторитарлық жүйеге алып
келетіндей белгілері байқалмай ма? «Вице-Президенттің кандидатурасын екі рет ұсынғанда қабылдамаса, Президент Құрылтайды таратуға құқылы» деген тұстары демократия қағидаларына қайшы емес пе?
– Жоқ. Авторитарлық жүйе бір тұлғаның беделіне құрылады. Ал біз демократия
қағидаттарын басты құндылық етіп алған елміз. Жаңа жобада да Егемендіктің иесі халық деп шегеленді. Бұл идея Конституциядан нақты көрініс тапты. Сондықтан заң жүзінде билік толық халықтың қолында деп айтуға негіз бар. Ал оны іс жүзінде пайдалану азаматтардың белсенділігіне байланысты. Вице-Президент қызметінің пайда болуы да уақыт талабы. Төтенше, оқыс жағдайлар туындай қалса мемлекет қауіпсіздігін, тұтастығын, ішкі тұрақтылығын қамтамасыз етудің бір кепілі. Сондай-ақ ол Президент тапырмасымен халықаралық аренада Қазақстан мүддесін білдіреді. Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа да мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау кезінде Президенттің атынан өкілдік етеді. Қазақстан Президенті атынан өзге де өкілеттіліктерді орындайды. Сондықтан бұл қажет қызмет. Ал Вице-Президентке үміткердің кандидатурасын екі рет қабылдамаған Құрылтайды Президенттің таратуы демократия қағидатына қайшы деп есептемеймін. Себебі Президентті сайлайтын халық. Осы тұрғыдан алғанда халық Президентке сенім білдіреді. Сондықтан бұл жерде ешқандай қайшылық жоқ.
– Жаңа жоба Парламенттің атауы мен құрылымын ғана өзгертті ме? Әлде құзіреті мен жауапкершілігін де күшейтті ме?
– Иә, мәжіліс депутаттығының үміткеріне қойылған талап Құрылтайға да қолданылады
деп шешілген. Бастысы, Президент квотасы енгізілмейді. Арнайы тағайындалған таңдаулы тұлғалар болмайды. Әйелдерге, жастарға және мүгедектігі бар азаматтарға арналған партиялық квота сақталады. Құрылтайда заң жоабаларын үш оқылымда қарастыру форматы енгізіледі. Алғашқы екі оқылымда заң жобасының мазмұны анықталса, үшінші оқылым заңнамалық дұрыстығын қамтамасыз етеді. Айта кетейік, қазіргі заңға сәйкес Конституциялық соттың, жоғарғы аудиторлық палататының және орталық сайлау комиссиясының құрамын жасақтау құзіреті – Мәжіліс, Сенат және Президент арасында теңдей бөлінген. Енді осы маңызды мемлекеттік құрылымдардың барлық мүшесі Құрылтайдың келісімімен ғана тағайындалуы ықтимал.
– Жаңа жобаны дайындау барысында халықтың пікірі ескерілді деп есептейсіз бе? Өзіңіз 15 наурызда өтетін референдумға қатысасыз ба? Осы тұрғыда жалпы жұртшылыққа не айтар едіңіз?
– Жалпы Парламенттік реформаны іске асыру жөніндегі жұмыс тобы Президент
пәрменімен 2025 жылдың 8 қазанында құрылды. Оның құрамына белгілі құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді. Содан бері 6 ай ішінде e-Otinish және eGov порталдары арқылы қатардағы азаматтардан 2 мыңнан аса ұсыныс түскен. Жұмыс тобы мұның бәрін жан-жақты қарап, жүйелеп шықты. Елімізде тіркелген саяси партиялар мен жетекші қоғамдық ұйымдар саяси, Конституциялық реформаға қатысты ойларын білдірді. Осы талқылаулардың негізінде жаңартылған жоба Президент назарына ұсынылып, 15 наурызда референдум өткізілетін болып белгіленді. Сондықтан мен еліміздің басты заңнамалық құжатының жобасын дайындауда халықтың пікірі ескерілді деп есептеймін. Алдағы референдум әділ өтіп, жалпы халықтың басым көпшілігінің қалауын білдіреді дегенге сенемін. Өзім осы референдумға қатысамын. Еліміздің әр азаматы оған қатысып, таңдауын жасауы парыз деп санаймын. Осы тұрғыда барша жерлестерімді, отандастарымды, өз позициямызды білдіріп, еліміздің жанашыры ретінде зайырлы, демократиялық жолда дамуына үлес қосуға шақырамын.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан – Дәуренбек ӘБДІБЕК
