Албанияның Тирана қаласында өткен халықаралық рейтингілік Muhamet Malo Ranking Series турнирінде қазақстандық балуан Лаура Алмағанбетова 55 келі салмақта алтын медаль жеңіп алды. Байрақты бәсекеде отандасымыз жоғары деңгейдегі қарсыластарын айқын басымдықпен ұтып, тұғырдың ең биік сатысына көтерілді. Жерлестері спортшыны зор қошеметпен күтіп алып, жеңісімен құттықтады.




Лаура жарысты үндістандық Пушпа Пушпамен кездесуден бастады. Бұған дейін, төрт жыл бұрын Азия біріншілігінде қарсыласынан жеңіліп қалған болатын. Бұл жолы жерлесіміз жігер танытып, 3:1 есебімен айқын басымдықпен жеңіске жетті.

«Албанияда өткен турнирден бірінші орын алып келдік. Алғашқы белдесуде үнді спортшысымен күрестім. Бұрын жеңіліп қалған едім, осы жолы есені қайтардым. Екінші айналымда Еуропа чемпионы неміс қызымен алғаш рет кездестім. Финалда украиналық спортшыны жеңдім. Бұл – рейтингілік турнир. Алматыда екі апта оқу-жаттығу жиынын өткізіп, тыңғылықты дайындалдық», – деді Лаура.
Германия өкілі Анастасия Блейвасты Лаура 6:1 есебімен ұтып, финалға жолдама алды. Шешуші белдесуді 3:2 есебімен аяқтап, жарысты алтын медальмен қорытындылады.
Бапкері Сәндібек Сәрсеновтің айтуынша, бұл жарысқа ерекше дайындықпен барған.
«Алдыңғы жарыста екінші орын алып қалғанбыз. Сондықтан бұл жолы жан-жақты дайындалдық. Соның нәтижесінде алтын медальға қол жеткіздік. Биыл өтетін Азия ойындарына қатысу – басты мақсатымыз. Келесі жарыс – Азия ойындарына іріктеу турнирі», – деді ол.
Айта кетейік, бұл жеңіс Лаура Алмағанбетованың халықаралық аренадағы беделін арттырып қана қоймай, алдағы Азия ойындары алдындағы сенімді қадамына айналды.
Айбек ЖҮЗБАЙ
Суреттерді түсірген Әли Сәлім
