Қостанай облысында алимент бойынша қарыз 3,8 млрд теңгеден асқан

Қостанай облысында алимент бойынша қарыз 3,8 млрд теңгеден асқан

Оның мыңға жуығы атқарушылық іс жүргізу 1 млрд теңгеден астамы проблемалық санатқа жатады.

Бұл көрсеткіштердің артында балалардың тағдыры, олардың күнделікті қажеттіліктері мен болашағы тұр. Мамандардың мәліметінше, борышкерлердің бір бөлігі табысын жасырса, енді бірі мүлде ресми жұмыс істемейді.

blank blank blank blank

Соның салдарынан балаларға тиесілі қаражат уақытында төленбей отыр. Алиментті өндіріп алудың бір тетігі – жұмыспен қамту.

Қостанайда «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында облыс прокуратурасының бастамасымен өңір аумағында балалардың құқықтарын қорғауға және алименттік және өзге де міндеттемелер бойынша берешегі бар азаматтарға кешенді көмек көрсетуге бағытталған бірыңғай облыстық «Еңбек қолдау» әлеуметтік маңызы бар акциясы өтті.

 

Акция облыстың барлық қалалары мен аудандарында бір мезгілде бастау алып, өңір тұрғындарының барлығын қамтуға мүмкіндік берді. Бұл облыс орталығына бармай-ақ құқықтық көмек алуға, кеңес алуға және жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге тең мүмкіндік жасады.

Іс-шараға 130-дан астам мемлекеттік орган өкілдері, 100-ден астам жұмыс беруші кәсіпорын, 18 оқу орталығы, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар қатысты. Жұмысқа орналасуға жәрдем алу және консультациялық көмек көрсету бойынша 1800-ден астам өңір тұрғыны жүгінді.
Облыс прокуроры Марат Сексембаев алимент төлемеу – ең өзекті әрі әлеуметтік маңызы жоғары мәселелердің бірі деп атап өтті.

blank

«Әрбір нақты жағдайда сөз жай ғана берешек туралы емес, баланың лайықты асырауға, тамақтануға, білім алуға, медициналық көмекке және жан-жақты дамуға деген құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуы туралы болып отыр», – деді облыс прокуроры.

blank

Бауыржан Майкеновтың жұбайымен ажырасқанына төрт жылдың жүзі болыпты. Жәрмеңкеге келген ол осы уақытқа дейін әкелік парызын мінсіз өтеп келгенін айтады. Алайда, соңғы үш айда жұмыссыз қалып, қаражаттан қиналып, алиментті төлей алмай жүрген көрінеді. Оның берешегі 320 мың теңгеге жеткен.

blank

«Біз ажырасқанда балам 10 жаста еді. Қазір 14 жаста. Бұған дейін көршілес Ресей елінде электрмонтаж болып жұмыс істедім. Жұмысшыларды қысқартқан соң, кетуге тура келді. Қостанайға оралып, басқа жерлерде де жұмыс істедім. Күніне беретін ақша бірде жетеді, бірде жетпейді. Осы жерге келіп, менің мамандығыма сай келетін мамандыққа сұраныс бар екенін естіп білдім. Жалақысы да жоғары екен», – дейді борышкер Бауыржан Майкенов.

Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі алимент өндіріп алудың бір тетігі. Жәрмеңкеге осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық прокуратура бастамашы болған. Содан бері жүйелі түрде өткізіп келеді. Жұмыс берушілер де бұған қолдау білдіріп, осы жолы өңір бойынша 1,5 мың борышкерді жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

blank

«Бізде үш бос жұмыс орыны бар. Олар тігінші, әртүрлі жұмысты атқаратын жұмысшылар. Осындай жәрмеңке өткізудің арқасыда біз өзімізге қажетті жұмысшыларды жұмысқа тартамыз, – дейді жұмыс беруші Әйгерім Дауметова.

Облыс бойынша берешекке қатысты 17 мыңнан астам іс өңдеуде. Борышкерлердің 1276-сы қарызын төлеуден жалтарып жүр. Өткен жылы 500-ден астам азамат жауапкершілікке тартылған. Нәтижесінде 1 млрд 52 млн теңге алимент өндірілген. 52 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, бір жылға дейін бас бостандағынан айырылған.

 

«Облыста алимент төлемейтін борышкерлер мәселесі әлі де өзекті. Қазір өңірде 1276 проблемалы борышкер бар. Олардың арасында төлеуге мүмкіндігі бола тұра жалтарып жүргендер де, түрлі себептермен уақытша төлей алмай жүргендер де кездеседі. Борышкерлер төлемеу мерзіміне қарай бірнеше санатқа бөлінеді. Бір бөлігі үш ай бойы төлемегендер, енді бір тобы алты айдан астам уақыт берешегін жаппағандар.  Ал мүлде төлемей жүргендердің саны – 292 борышкер. Жалпы проблемалы борышкерлердің берешек көлемі 1 миллиард теңгеден асып отыр. Өткен жылы алимент өндіріп алу бағытында нақты шаралар қабылданып, алименттік міндеттемелерді орындамағаны үшін 539 борышкер қылмыстық және әкімшілік жауаптылыққа тартылды.  Оның 52-і қылмыстық жауапкершілікке тартылып, сот шешімімен түрлі жазаға кесілді. Көпшілігі бір жылға бас бостандығынан айырылса, кейбірі қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Жыл қорытындысы бойынша алимент берешегі бойынша 1 миллиард 52 миллион теңге өндірілді. Бұл сомаға борышкерлердің автокөліктері, пәтерлері және өзге де мүліктерін тәркілеу арқылы өндірілген қаражат кіреді. Кейбір азаматтардың қарызы 5-8 миллион теңгеге дейін жеткен. Сондай-ақ борышкерлерді жұмыспен қамтуға да баса мән берілуде. Өткен жылы 31 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 500-ден астам адам тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл бұл көрсеткіш 700-ге жуықтады», — дейді облыстық Әділет департаменті басшысының орынбасары Темірбек Нажиканов.

Алимент төлемеудің айласы көп. Кейбір борышкерлер жұмысқа орналасқанда келісім шарт рәсімдемейді. Тексере қалса, жұмыссыз болып шыға келеді. Бұл кәсіпкер үшін де тиімді. Артық салық төлемейді, зейнетақы қорына ақша аудармайды.

blank

Осының салдарынан алимент өндіру ісі қиындай түседі. «Ресми табысым жоқ» деп көрсеткен жағдайда, сот орындаушыларына қаражат өндіру әлдеқайда күрделене түседі. Олар борышкердің мүлкін, банк шоттарын, тіркелген көліктерін және өзге де активтерін анықтау үшін қосымша тексерістер жүргізуге мәжбүр болады. Алайда мұндай деректерді дәлелдеу әрдайым оңай емес.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, алименттен жалтарған 73 адамның ел аумағында еркін жүріп-тұру құқығына шектеу қойылған. Бұл – алимент берешегін өтеуге мәжбүрлеудің бір ғана жолы.

Шұға ҚОҢҚАБАЙ