1 наурызда қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» сыйлығының, «Парасат» орденінің лауреаты Серік Тұрғынбекұлы 80 жасқа толды. Қабырғалы қаламгердің мерейтойы – Тобыл-Торғай жұртшылығының да мерекесі. Ардақты ақынды облыс әкімі Құмар Ақсақалов бейнебайланыс арқылы құттықтап, өңірдің бір топ азаматы елордаға қарияның қуанышын бөлісуге арнайы барды.
Серік Тұрғынбекұлы – қазақ поэзиясына орасан олжа салған, өз толқынының өрнегі бөлек өкілі саналатын ақсамал ақын. Еркін тынысты эпик, сезімтал аудармашы. Ұлт баспасөзі мен телевизиясына еселі еңбек сіңіріп, есімін қалдырған журналист. Театр сахнасына тың туындылар қосқан драматург. Ел аузындағы, жұрт жадындағы қаншама ән ағамыздың өлеңіне жазылды. Торғайдың Тосынында туып, «қалың елдің ішіне сорпаға салған тұздай сіңіп кеткен» Серік ақын қазағының қастерлі тұлғасына, ақ басты асқар шыңына айналып отыр.
Сексеннің сеңгіріне сергек шыққан ақынды көктемнің алғашқы күнінде жарыса құттықтаған қауым көп. Интернет кеңістігінде лебіздер легі толастамай жатты. Елордада тұратын ақынның шаңырағы да тілектес қауымнан босамағаны анық. Жерлесімізді мерейтойымен құттықтап, ыстық көңілін білдіру үшін қостанайлық делегат та арнайы барды. Облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Құралбек Атамұратов, Қазақстан жазушылар одағының өңіріміздегі өкілі Жанұзақ Аязбеков, Ыбырай Алтынсариннің мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов бастаған азаматтар облыс әкімінің ақ сәлемін жеткізді.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов та сол кезде Серік ағамызбен бейнебайланысқа шығып, ақынға Тобыл-Торғай жұртшылығының атынан лебіз-ілтипатын білдірді.
«Аға, мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз қасиетті Торғай өлкесінен шыққан ардақты қаламгерсіз! Біз сізбен мақтанамыз, жақсы көреміз, құрмет тұтамыз! Апамызбен қол ұстасып, жүзге жетіп, бала-шағаңыздың рахатын көріп, қуаныш-қызыққа бөлене беріңіз! Жазға қарай облыс төрінде, сізді дүйім жұртпен ортаға алып, үлкен тойыңызды өткізуге ниеттіміз, аға! Бүгін бір жағынан Алғыс айту күні, сондықтан өзіңізге де алғысымыз шексіз екенін айтқымыз келеді!» – деді облыс әкімі онлайн-құттықтауында.
Мерейтой иесі де туған жерден ат терлетіп барған жерлестермен жүздесіп, ерекше қуанып қалғанын жасырмады. Тіпті әңгіме үстінде өңір басшысының басшысының әкесін жақсы танитынын, елге сыйлы азамат болғанын айтты. Құмар Іргебайұлының өзіне де өнегелі ізді басып, елге адал қызмет етіп, халықтың алғыс-құрметіне бөлене беруіне тілек білдірді. 
Делегация мүшелері де ақжарма лебіздерін айтып, облыс әкімінің атынан ақынның иығына шапан жапты.
«Астанадан, Алматыдан, жақын маңдағы өзге облыстардан да құттықтап келушілер аз емес екен. Бірақ ағамыздың қостанайлық делегацияға деген көңілі ерекше болды. Үйдегі жеңгеміз де қатты қуанды. «Торғай елінен менің бауырларым келді» деп жүрегі елжірей сөйледі. Бізге ұнағаны, ағамыздың өзі де тың, сөзі де мығым, жақсы көңіл-күйде екен. Жаңа шығармалар жазып жатқан көрінеді. Емен-жарқын әңгіме құрып, ілтипатына бөленіп, өзіміз де бір жасап қалдық», – дейді қаламгер, ҚЖО өңірлік филиалы төрағасы Жанұзақ Аязбеков.
Айта кету керек, делегациямен облыс өнерпаздары да ілесе барып, ақынның сөзіне жазылған әсем әндерді дүркін-дүркін әуелетті. Тойдың ажарын аша түсіп, шаңырақ астын шаттыққа бөледі. 
Мерейі өсіп, көңілі аспандап қалған ақжал ақын азаматтарға ақ алғысын жаудырып, жерлестерді сыйлас, қимас көңілмен шығарып салды. Енді, облыс әкімінің өзі уәде еткендей, қаламгердің мерейтойы туған жерде жалғасын тауып, жаз ортасында сән-салтанатымен аталып өтпек.
