Кітап – адам өмірінің шам-шырағы десек қате айтқандық емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында әрдайым жастарға берілетін білім жайын талқылап, ел дамуында білімді жас буынның болуы маңызды екенін алға тартады.
Басты мақсат өскелең ұрпақтың озық ойлы, ұлтжанды болып өсуі. Осыған орай Қостанайда №24 мектеп – гимназиясында «Адал азамат» Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында, «Оқитын ел – озық ел» жобасы негізінде әдеби кездесу өтті.
Балаларды қолдау, білім, қауіпсіздік және даму бағыттары бір арнаға тоғысқан. Әр адамның кітаппен дос болғаны абзал. Алайда, оқуды кімнен бастаған жөн? Әрине, балалардан бастау керек. Қостанайлық жазушылар осындай пікірде. Сол үшінде балаларға арнап 3 томдық топтама жасаған. Мұндағы авторлардың негізгі ұстанымы — ел жастарының дана, білімді әрі отансүйгіш азамат атануы.

«Бұл жоба қаламгерлердің көптен бері ойында жүрген еді. Былтырғы жылы бірінші маусым күні үш кітаптың арнайы тұсаукесері, таныстырылым болды. Ол облыстық деңгейде, облыс әкімінің орынбасары және қостанайлық мектеп өкілдерінің қатысуымен өтті. Міне, алғаш тұсаукесерінен-ақ, біз бұл кітаптың халыққа керек екенін аңғардық. Себебі осындай жоба Қазақстанда алғаш рет болып отыр. Сондай-ақ, жобаның ерекшелегі аталған кітапқа енген авторлардың дені Қостанай өңірінің ақын-жазушылары», – дейді Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Жанұзақ Аязбеков.
Қазіргі таңда жергілікті бүлдіршін оқырмандардың саны артқан. Әсіресе, жас буын қостанайлық қаламгерелрдің шығармаларын тұщынып оқиды. Сөзімізге №24 мектеп – гимназиясының оқушылары айқын дәлел. Білім шаңырағынан 120-ға жуық оқушы антологияның «Ботақан» деп аталатын бірінші томын оқуда.

«Біздің негізгі мақсатымыз балалардың кітапқа деген құштарлығын дамыту. Жан-жақты, білімді азамат болып қалыптасуы үшін жағдай жасау. Қазақстан Жазушылар одағы Қостанай облыстық филиалы, «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі, білім басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік жас оқырман» байқауы өтеді. Аталған сайыс әуелі мектепшілік, кейін наурыз айында облыстық дейейде ұйымдастырылады. Оған оқушыларымыз тыңғылы дайындық үстінде», – дейді №24 мектеп-гимназиясының директоры Нұргүл Қасенова.
Нұрдана ТАҒАЙМҰРАТОВА,
ҚӨУ журналистика мамандығының 4 курс студенті
