Қостанай қаласының құрылыс бөліміне биыл бірнеше жобаны жүзеге асыруға 9,9 млрд теңге бөлінді. Оның 8,3 млрд теңгесі тұрғын үй құрылысына, 1,6 млрд теңгесі инженерлік коммуникациялар мен инфрақұрылымға жұмсалмақ.
Құрылыс бөлімінің басшысы Арсаин Байдәулетов осыы жылдың жоспарын егжей-тегжейлі баяндады. Оның айтуынша, 2026 жылы 760 пәтерден тұратын 11 несиелік көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Жалпы ауданы 57,1 мың шаршы метрді құрайды. Аталған баспаналардың үшеуі Береке, сегізі Қонай шағын ауданында бой көтерген. Былтыр басталған құрылысты жыл соңына дейін аяқтап, табыстауға басымдық беріліп отыр.
«Былтыр бірнеше жоба мақұлданып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды. Олар: Қайырбеков және Текстильщиктер көшесінің қиылысында салынуға тиісті жекпе-жек залы, Қонай шағын ауданында бой көтеретін өрт сөндіру депосы, Тобыл паркі аумағында жасанды газонмен қапталып, трибуналар орнатылатын футбол алаңы, Мәуленов көшесі 11А, Қобыланды батыр 19/1 мекенжайындағы құрылыстарды кеңейту сияқты жобалар. Биылғы жылдың 16 қаңтарында аталған барлық жобалар бойынша бюджеттік өтінімдер «Қостанай облысы әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы» ММ-не жолданды», – деді Арсаин Байдәулетов.
Былтыр қала аумағында 336 639 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өткен жылдардың нәтижесімен салыстырсақ, өсім анық байқалады. Биыл да осы қарқыннан таймай, 337 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отырғанын айтты сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Гүлсара Құрманғалиева. Құрылысты ұзақ мерзімді стратегияға сәйкестендіру және қалалық орта мен өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін Қостанай қаласының Бас жоспарына биыл түзету енгізу жоспарлануда.

Шаһар басшысы Марат Жүндібаев тұрғын үй құрылысының талаптарын күшейтумен қатар, мердігерлерге үймен бірге көлік тұрағын қарастыруды міндеттеу қажеттігін ескертті.
«Көп қабатты тұрғын үйлерді салады дағы көлік тұрағын ескермейді. Артынша, келеңсіздік басталады. Мәселен, «Елена Д» компаниясы 19 қабаттан тұратын үй салды. Ол жерде қаншама көлікке тұрақ қажеттігін есептей беріңіз. Қазір әр үйде кемі екі көліктен. Тұрғындарға жайлылық сыйлау үшін баспанамен бірге көлік тұрағын да естен шығармаған жөн», – деген қала әкімі.
Марат Қонысбайұлы сәулет бөлімінің басшысы Гүлсара Құрманғалиеваға бұдан былай көлік тұрағы қарастырылмаған құрылыс жобасының құжатына қол қоймауды тапсырды.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген – Василий ВАСИЛЬЕВ
