Қостанайлық бишілер Ташкенттен зор олжамен оралды

Қостанайлық бишілер Ташкенттен зор олжамен оралды

Жақында ғана 20 жылдық мерейтойын қарсы алған «Алтынай» халықтық үлгілі би ансамблі Ташкент қаласында өткен «Tashkent Summer Festival» халықаралық фестивалінде 1 Гран При және 5 бірінші орынға ие болды.Жеңімпаздарды А. Байтұрсынов атындағы халықаралық әуежайда қалың ел күтіп алды. Жас бишілердің жетекшісі Салтанат Нұрымованың айтуынша, Ташкент қаласына Қазақстан Респуликасынан онға жуық би ұжымы барған.

– Елімізден жалпы саны 8 би тобы бардық. Хромтау, Жезқазған, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Астана және Қостанайдан барған бишілер өнер көрсеттік. Байқауға «Алтынай» халықтық үлгілі би ансамблінен 30 өнерпаз қатысты. Әділқазылар алқасына біздің жас бишілердің қарым-қабілетті ерекше ұнады деуге болады. Себебі марапаттау салтанатында «Қостанайдан келген жас бишілердің деңгейі өте жоғары. Нағыз еңбек пен маңдай тердің қаншалықты көп төгілгені байқалады» деп ыстық лебіздерін білдірді, – дейді С.Нұрымова.

Расында, жас бишілердің шығар шыңы алда екені сөзсіз. Дегенмен олардың үлкен сахнада, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп, ел атын шығарғаны көңіл қуантады.

– Осы уақытқа дейін бірнеше халықаралық байқауға қатыстым. Бірақ үлкен форматтағы және шетелде өткен байқауға алғаш қатысуым. Алған әсерім ерекше. Жан-жақтан келген бишілердің өнері қатты ұнады. Гран При иегері деп біздің би тобын атағанда қуаныштан жүрегім жарылып кете жаздады. Іс-шараны ұйымдастырушыларға және жетекшіме зор алғысымды айтамын, – дейді 14 жастағы жас биші Айзия Қыдырбекқызы.

Бейбіт НҰРМҰХАНОВ,
Суретті түсірген автор

Жаңалықтармен бөлісу