Сөз саңлағымен сыр-сұхбат. Ақын Ақылбек Шаяхмет оқушылармен кездесу өткізді

Сөз саңлағымен сыр-сұхбат. Ақын Ақылбек Шаяхмет оқушылармен кездесу өткізді

Тарлан тұлғадан тағылым, қазыналы қаламгерден ғибрат. Тобыл өңірінің мақтанышы, ардақты ақын Ақылбек Шаяхмет Қостанай ауданына қарасты Жамбыл ауылы мектебінің оқушыларымен кездесу өткізді. «Ақын мен ақыл» аталған жылы шырайлы жүздесуде жазушы жас буынмен сұхбат құрды. Әңгіме-сырға, ән мен жырға толы рухани кеш болды.

Танымал ақын, көсемсөзші, драматург, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, профессор, қоғам қайраткері, руханият жанашыры Ақылбек Шаяхмет – өскелең ұрпаққа өнеге болар тұлға. Қабырғалы қаламгерді, оның бай шығармашылығын қанша әспеттеп-насихаттаса да артық емес. Жамбыл орта мектебінде өткен кездесу осы үдеден шықты. Бұны ақынның биылғы 75 жас мерейтойы қарсаңындағы іс-шаралардың бастамасы деуге де болады. Ақылбек Қожаұлымен қоса, мектеп ұжымы Қостанай ауданының құрметті азаматы, жомарт жүрек кәсіпкер, «Есментаев» шаруа қожалығының басшысы Сағындық Байданұлын да қонаққа шақырыпты.

blank

Сұхбат тізгінін осы мектептің білікті мұғалімі Гүләлем Ерғалиева ұстап, өлең үзінділерін оқып, сұрақтарын қойып отырды. Әңгіме әлқиссасы Ақылбек ағамыздың бала шағы, оқушы кезі, өлең өлкесіне қадам басуы туралы естеліктерінен басталды. Мәселен, жүргізушінің «1-сыныпты «сырттай» оқығаныңыз рас па?» деген сауалына берген жауабын жас тыңдарман ұйып тыңдады.

blank

            «Мен ұстаздың отбасында тәрбиелендім. 1-сыныпты «сырттай» оқығанымның себебі, өзімнен үш жас үлкен Асылбек деген ағамның оқулықтарын үйде меңгеріп, оқу-жазуды үйреніп алдым. Сол кезде-ақ С.Мұқановтың «Балуан Шолағын» тауысқанмын. Мектеп меңгерушісі болған әкем қабілетімді байқағаннан кейін, заңға томпақтау болса да, тәбілге «1-сынып бітірді» деп толтырды. Сөйтіп ағаммен бірден 2-сыныпқа көштім. «Сырттай оқыдым» дегенімнің сыры осында», – дейді ол.

Ақылбек ағамыздың мектептегі ғана емес, ақындық жолдағы алғашқы ұстазы да әкесі еді. Өзі ептеп өлең жазатын. Өлеңге құмарлығы сол кісіден жұғысты болса керек. Бірақ Ақылбек Қожаұлы әуел баста суретші болуды армандапты. Дей тұрғанмен сөз шумақтау, ой-қисынды ұйқастыру машығы айналасына аңғарылып, қолдаушылары көбейе түседі. Бұл 3-сыныпта оқитын кезі еді. Осыдан соң бастапқы бағытын ақындық өнерге қарай бұрған. Тырнақалды туындыларын көрген әкесі де талабын байқап, қамқорлық жасай бастапты. Одан соң – қабырға газеттері, өңірлік, республикалық басылымдар, пышақ қырындай тұңғыш жыр-жинақ… Болашағы бала шағынан айқындалған талапкер ақырында Алаштың аузы дуалы, сөзі уәлі шайырына айналды…

blank blank

Ақынның әсерлі әңгімесіне еліте түскен оқушылар жарыса сұрақ қойды. Бірін шығармашылық шеберханасы, өлең жазу әдіс-тәсілі қызықтырса, енді бірі «жақсы жазушы болу үшін не істеу керек?» дегенді сұрады.

            «Жақсы жазушы болу үшін жақсы адам болу керек. Абай айтпақшы, үш-ақ нәрсе – ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек – адамның басты қасиеттері. Мұхаммед пайғамбарымыз да хадисінде: «Мешітке кіретін адамның киімі де, жан-дүниесі де таза болуға тиіс», – дейді. Әл-Фарабидің: «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас-жауы», –деген тәмсілін де басшылыққа алуымыз керек. Мұратқа жеткізетін білім ғана емес, тәлім-тәрбие, ізгілік-мейірім. Одан соң, әрине, кеудедегі сәулеңіз еңбекқорлық, ізденіс арқылы ғана нұрлана түседі», – деп ақыл-кеңесін айтты ағамыз.

Ара-арасында автор отты өлеңдерін оқып беріп, тыңдарман қауымның қошеметіне бөленді.

«Дәл ақын құсап қай кісі

Жеткізеді айтып тілегін?

Ел менен жердің қайғысы

Ауыртады оның жүрегін», – деп өзі жазғандай, ұлттық рух пен қазақы мүдде, оған кесе-көлденең кесел-келеңсіздіктерді шендестіре жырлайын ақын кейбір сауалға мазмұнды өлеңдерімен жауап беріп те отырды.

blank

Қоғамдағы күрмеулі мәселелерді сөз етіп, Отанға қызмет істеу, ел ертеңін кемелдендіру тұрғысындағы ой-пайымдарын ортаға салды.

            «Қазақ қоғамында шешімін таппай келе жатқан түйткілдер аз емес. Отаршылдықтың, орыстың науқасынан әлі құтыла алмай отырмыз. Бірақ бізді толғандырған сауалдар біртіндеп жауабын табады деген сенім бар. Бүкіл үмітіміз осы өскелең буында. Ертең егемендігіміздің шатырын көтеріп, іргетасын қалайтын – осы балалар. Бұлар соны түсінуі керек. Біз – ноқтамызды сыпарсақ та мойнымызда соның ізі қалған буынбыз. Сондықтан ел-жердің келешек иесі – еркін өскен ұрпақ. Асты-үстіміздегі байлықты тұтынып, жарқын ел құру осылардың қолында. Әлихан Бөкейхан айтқандай, туған жеріміздің әр тасы қазақтың киген шапанына түйме болып қадалуы керек. Ал қоғамдағы кемшіліктер айтылуы, оны түзеуге күш жұмсалуы қажет», – деді Ақылбек ағамыз.

Ақынның кең көсіле сөйлеген сөзін Сағындық Байданұлы да сабақтап, жеткіншектерді білімге, өнерге құштарлықты арттыруға, көп оқып, ұлттық құндылықтарды бойға сіңіріп өсуге шақырды. Бүгінгі кештен кейін қаламгердің шығармаларымен жақын танысып, зейіндерін ашуға, әдебиетке әуес болуға үндеді.

Меймандармен жүздесу жиынына оқушылар да, ұстаздар қауымы да тыңғылықты дайындалған екен. Балдырғандар да, мұғалімдер де кезектесе ортаға шығып, ағамыздың өлең-жырларын мәнерлеп оқыды. Кішкентай дарындар күмбірлетіп күй тартып, әуелетіп ән шырқады.

Іс-шара соңында Жамбыл ауылдық округінің әкімі Жанай Қайырбайұлы, аудандық білім бөлімінің өкілі Индира  Оразғалиқызы, мектеп директоры Серік Жұмабаев тағылымды кездесу үшін қос тұлғаға разылықтарын білдірді. Ағаларымызға алғыс хат, естелік сыйлықтар табыс етіп, қазақы салтпен иықтарына шапан жапты.

Жандос Балғынбекұлы

Суреттерді түсірген – Әл-Мұхамед Сәлім