Осыдан үш жыл бұрын Арайлым АМАНҚҰЛОВА Қостанай облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалды. Үш жылға жуық уақыт ішінде омбудсмен қандай мәселелердің шешіліп, қандай өзекті проблемалардың әлі де реттелмегені туралы «Қостанай таңы» тілшісіне берген сұқбатында айтты.
Бала омбудсменінің айтуынша, өңірде шешімін таппай келе жатқан мәселе көп. Мәселен, кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстық сот ісін жүргізу, қамқоршылық және қорғаншылық міндеттерді жүзеге асыру, жыныстық қысым, зорлық-зомбылық сынды проблемалар әлі де күн тәртібінен түспеген.
«Арманым шындыққа айналды»
– Арайлым Жұмағалиқызы, бір сөзіңізде құқық қорғаушы болу бала күнгі арманыңыз екенін айтқан едіңіз…
– Негізгі кәсібім адвокат. Жеке кабинетім бар, оның сыртында қоғамдық жұмыстарға атсалысамын. Қостанай облысы адвокаттар алқасының адвокаты болып табыламын. 2011 жылы алған арнайы лицензиям бар. Оған дейін Рудный қаласында салық басқармасында заңгер болып еңбек жолымды бастадым. Кейін жергілікті ЖШС заңгер болып еңбек еттім. Кейін таңдауым – адвокаттыққа біржола түсті.
Бала күнімде құқық қорғаушы болуды армандадым. Бес-алты жасымда телеарнада «Комиссар Каттани», «Спрут» деген сериалдар жүріп жатты. Менің әкем құқық қорғау саласында жұмыс істейтін. Сол сериалды көріп, адвокат деген кім деп сұраушы едім. Маған ерекше естілетін. Сол кезден бастап «адвокат» деген адамдарды қорғайды деген түсінік қалыптасты. Мен «адамдарды қорғаймын» деп қиялға берілетінмін. Бірде әкемнің жолдастары қонаққа келіп, «өскенде кім боласың? деп сұрағаны әлі есімде. Сонда мен: «адвокат боламын» деп жауап бердім. Келген қонақтар бұл қайдан біледі деп таң қалған еді. Мектепте оқып жүргенде де гуманитарлық пәндерді жақсы оқыдым. Алдыма мақсат қойдым. Бір айта кететін жағдай, менің үздік оқуға потенциалым болғанымен, аса құштарлықпен оқымадым. Бірақ А.Байтұрсынұлы атындағы университетінің заң факультетін үздік бітірдім. Өте белсенді болдым, соңғы курс оқып жүргенде жұмысқа орналастым. Аударған материалдар ғылыми жинақ болып шықты. Бір айта кетерлігі, ол кезде қазақ тілінде әдебиет жоқтың қасы. Оқытушыларға қажетті материалдарды аударып, басып беретінмін.
Алғаш жұмысқа тұрған кезде тек салыққа қатысты заңдармен жұмыс істедім. Кейіннен өңірде ювеналды сот ашылғаннан кейін сол жаққа бет бұрдым. Одан кейін тұрмысқа, кейін декреттік демалысқа шықтым. Ана атанғаннан соң балаларға деген көзқарасым ерекше өзгерді. Олардың құқығын қорғауды қолға алдым. Отбасы құқығын терең зерттей бастадым. Мені қатты қызықтырды. Бұған дейін кәмелетке толмағандар істері бұрындары жалпы сотта қаралатын.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалғанға дейін де зорлыққа ұшыраған қыз балалардың құқықтарын қорғауға тырысудамын. Бұл мәселе қатты толғандырады. Кейбір жантүршігерлік істермен танысып отырып, жағаңды ұстайсың. Бой жетіп келе жатқан аруды туған әкелері, немесе өздерінің туыстары қорлаған кезде қатты жаным ашиды. Әрі адвокаттық жұмыс өз алдына, кейде алдыма экономикалық және қылмыстық істер бойынша көмек сұрап келетіндер де кездеседі.
Аружан Саин ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл болып тағайындалғаннан кейін маған 2020 жылы өңірлік уәкіл болуға ұсыныс тастады. Балалардың құқығын тереңнен зерделеп келе жатқан маман ретінде құп алдым.
«Бұл – ұрыс емес, қылмыс»
– Сіздің алдыңызға қандай жағдаймен жиі көмек сұрап келеді?
– Жылдан-жылға тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың түрі көбейіп барады. Әсіресе, ҚР Қылмыстық Кодексінің 122-бабы бойынша жиі кездеседі. Бұл бап – он алты жасқа толмаған қыздармен жыныстық қатынасқа түсу немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау. Өкінішке қарай, мұндай істер тым көбейіп кетті. 14-15 жастағы қыздар өздерінен үлкен жігіттермен байланысқа түседі. Арты қайғылы жағдайға ұрындырады. Әлеуметтік желінің кесірі ме? Кейін зерделеп, неге олай болды деген сауалға жауап іздейсің. Сонда олардың ата-аналармен ақтарылып сөйлеспейтіні белгілі болып жатады. Мектептер де болып жүрмін. Ата-аналарға кеңесім: балаларыңызбен барынша ашық сөйлесіңіздер. Бірақ, әр баланың жас ерекшелігіне қарай тақырыбы болады. Мәселен, 3-5-ші сыныптың балаларына жасына сай ақпарат берілуі керек. Көп бойжеткендеріміз анасынан білу керек тақырыптарды бөтен біреуден естиді. Немесе интернеттен оқиды. Өйткені, ол тақырып оған қызық әрі құпия. Осы жағына мән берсе екен.
Бала өмір сүріп жатқан отбасына тәуелді. Біріншіден, отбасына көмек керек. Ата-ананың психологиялық, педагогикалық сауатын арттыру керек. Бала қауіпсіздігі туралы толық ақпарат алған ата-ана балаға жайлы өмір сыйлауға тырысады. Оған мемлекет те ықпал еткені абзал. Екіншіден, ведомствоаралық байланысты дамыту керек. Кейде физикалық зорлық-зомбылық болса да, полиция келіп «ерлі-зайыптылардың арасындағы ұрыс-керіс» деп айтады. «Шыдаңдар» деп көз жұмады. Бұл – ұрыс емес, қылмыс.
Мысалы, туған әкесінен зорлық-зомбылық көрген қыздар да бар. Былтыр қазанда айында Оқу-ағарту министрлігімен әріптестік меморандумға қол қойдық.
«Бастама көп, ресурс жетіспейді»
– Сіз мектептерде қорқыту мәселесіне көптеген ата-аналардың оны байыпты қабылдайтынын көпшілік алдында айтқан едіңіз.
– Біздің міндет – балалар қандай жағдайға ұшырады, оған кім кінәлі? Бәрін біліп, бақылауда ұстау. Рудныйдағы астан уланған екі баланың аяқасты өлімі, отадан кейін көз жұмған жеткіншек, бұл деректердің бәрі біздің қадағалауда. Күніне маған бірнеше ата-ана бала мәселесіне байланысты хабарласады. Бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Кейбір күмәнді қоңыраулар болған жағдайда, өзіме шақырамын. Тіпті мектебіне дейін барып келемін. Мұндай жағдай неліктен орын алды? Өйткені бұл мәселе жан-жақты зерттеуді талап етеді. Қаншама тексерістің бір бөлігі ғана дәлелденіп жатады. Қостанай қаласының мектептерінің бірінде оқу жылының басында мұғалім оқушыға қысым жасағаны туралы бізге хабарласты. Облыстық білім басқармасының маманымен бірге барып, оқиғаның рас екенін анықтадық. Көп жағдайда мұндай істерге статистика жүргізбеймін. Бірақ, арнайы қойын дәптер бастаған едім, соған тізіп отырамын.
– Жалғыз үлгеріп жүрсіз бе?
– Шын айту керек, үлгермеймін. Өйткені жоспар, жүктеме өте көп, маман жетіспейді. Жыл басында өзіме студенттер арасынан көмекші іздеп хабарландыру бердім. Олар ақша сұрады. Оған менің шамам жоқ. Сондықтан теріс айналып кеткендер болды. Енді алдағы оқу жылының басында колледж директорларымен кездесіп, соңғы курс студенттерін практика есебінде жұмысқа тартқым келіп отыр. Идея көп, ресурс жетіспейді. Былтыр аудан-қалаларға шығып, өзімді таныстыруды бастадым. Өйткені, көбі біздің облыста бала құқығын қорғайтын өкіл бар екенін біле бермейді.
Өз тарапымнан ашықпын. Идеяларды қолдау, әріптестік танытуға әрқашанда әзірмін. Бірде-бір іс-шараға бармаймын деп айтып көрген жоқпын.
– Әңгімеңізге, рақмет!