Көріксіз жарнамалар көбейіп кетті Фото: www.gov.kz

Көріксіз жарнамалар көбейіп кетті

Қала көркін кетіретін жабайы жарнамалар мен сауатсыз аудармалар көзге оғаш көрінетіні рас. Талапқа сай келмейтін сыртқы көрнекі ақпараттар қайтсек азаяды?

Қостанай қаласының жер қатынастары бөлімі тиісті эстетикалық стандартқа сәйкес келмейтін жарнамалық құрылымдарды сүріп тастау жұмыстарын қолға алғалы біраз болды. Бүгінде қала аумағында барлығы 200-ден аса жарнама құрылымы орналасқан. Былтыр соның 35-і талапқа сай келмегендіктен жойылды. Қолданыстағы стандартқа сәйкес келмейтін жарнама құрылымдарын айналымнан шығаруға арналған құқықтық іс-шаралар биыл да жалғасады. Мемлекеттік мекеме көріксіз жарнамалармен күрес жұмысын өз құзыреті шегінде мүдделі уәкілетті органдармен бірлесіп атқаруда.

«Былтыр 4 сот процесі өтіп, нәтижесінде Абай даңғылы-Тәуелсіздік көшесі, Қозыбаев, Алтынсарин-Гоголь, Әл-Фараби-Темірбаев, Алтынсарин, Мәуленов-Уральская, Әл-Фараби, Абай, Алтынсарин-Пушкин, Алтынсарин көшесіндегі 12 месяцев дүкені ауданындағы 10 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Аталған жер телімдерінде орналасқан жарнама құрылымдарын алып тастау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек мекемелер құрылымдарды эстетикалық келбетін қалпына келтіруге қатысты жарнама агенттіктеріне 30 шағым жолдаған», – деп мәлімдеді Қостанай қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Марат Темірбаев.

Пошымы ескірген, сүреңсіз сыртқы жарнамаларды заманауи LED-экрандармен алмастыруға болады. Мұндай жаңашылдықты Алтынсарин-Пушкин, Тәуелсіздік-Дулатов, Назарбаев-Дөненбаева көшелерінің қиылысынан көре аласыздар.

Қымбат ДОСЖАНОВА