Қостанай облысы автожолдардың ұзындығы жөнінен елде бірінші орында тұр. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдардың қашықтығы 1,5 шақырымнан асып түседі. Сәйскесінше, олардың күтіміне де өзге өңірлерге қарағанда әлдеқайда көбірек қаржы жұмсалады. Өткен жылы жөндеу жұмысына қомақты қаражат бөлініп, ауыз толтырып айтарлық жұмыс атқарылған.
Тобыл-Торғай өңірінде республикалық маңызы бар жолдарды күрделі, орташа, жеңіл-желпі жөндеу және күтім-бабына 50,8 млрд теңге бөлінген. Бұл соманың қай бағыттарға жұмсалғаны туралы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ облыстық филиалының директоры Серік Қарабеков жыл соңында облыс әкімдігінде өткен жиында қорытынды есеп берген еді. Оның ақпаратына сүйенсек, күрделі жөндеу жұмыстарына 3,4 млрд теңге құйылып, толық игерілген.
«Нақты сомаларын айтар болсақ, 571 млн теңге «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» автожолының 211-шақырымындағы көпірдің күрделі жөндеміне бағытталды. Мердігер ұйым «Сервис НС» ЖШС нысанды 30 қазанда пайдалануға берді. Тағы 2,9 млрд теңгеге «Жезқазған – Петропавл» тас жолының Арқалық қаласынан Жалғызтал ауылына дейінгі аралығында орналасқан 33 су өткізу құбыры күрделі жөндеу жүргізілді. Құрылыспен «Алюминстрой» ЖШС айналысты. Нысан 2025 жылдың 18 желтоқсанында толық аяқталды», – деді Серік Қарабеков.
Ал орташа жөндеу жұмыстарына 42,8 млрд теңге бөлінген. Бұған жалпы ұзындығы 380 шақырым болатын жиырма нысан жөнделіп шықты. Мәселен, «Денисов – Жітіқара – Мүктікөл – РФ шекарасы» автожолының Жітіқарадан Мүктікөл кентіне дейінгі 44 км қалпына келтіріліп, қараша айында тұтынысқа берілді. Сондай-ақ «Қостанай – Қарабұтақ» автожолының Ақтөбе облысы шекарасынан Қамысты ауданындағы Бестөбе кентіне дейінгі бөлігі жөнделді. 85 км жол кезең-кезеңімен, маусым, тамыз, қыркүйек және қазан айларында тәмамдалған.
«Бұдан бөлек, «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» автожолының Тобыл қаласынан Осинов кентіне дейінгі 3–8 шақырымы, Новонежин ауылынан Аманқарағай кенті арасындағы 83-96 шақырымы, жалпы ұзындығы 17,3 км жол орташа жөндеуден өтті. «Қостанай – Қарабұтақ» тас жолының Рудный-Қостанай қалалары аралығындағы 31,5 шақырымы жаңартылды. «Жезқазған – Арқалық – Петропавл» автожолының Арқалық қаласынан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі 71 шақырымы қалыпқа келді. «Астана – Рузаев – Сарыкөл – Қостанай – РФ шекарасы» тас жолының Сарыкөл кентінен Севастополь ауылына дейінгі, Севастопольден СҚО шекарасына дейінгі бөліктері тегістелді. «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» автожолының Октябрь кентінен Ақмола облысының шекарасына дейінгі 22 шақырымы жөнделді», – деп баяндады спикер.
Қатардағы, жеңіл-желпі жөндеу жұмыстарына да қаржы мен қажыр аз жұмсалған жоқ. 432 млн теңге сыртқы жарықтандыру, қар тоқтатқыш қоршаулар мен ангарлар салуға бөлініп, олар толықтай игерілген. Нәтижесінде 6,5 шақырымдық қоршаулар орнатылды.
Әулиекөл, Ұзынкөл және Қарабалық аудандары аумағында үш ангар салынды. «Қарабұтақ – Қостанай» автожолының Қостанайдан Рудныйға дейінгі 21,5 км учаскесінде сыртқы жарықтандыру жұмысы жүргізілді.
«Республикалық маңызы бар жолдардың күтімі де зор мәнге ие. Бұған 4,2 млрд теңге бөлініп, 100% игерілді. 24,2 мың шаршы метр аумақтағы шұңқырларды жөнделіп, жоспар артығымен орындалды. 736 жол белгісі орнатылып, ауыстырылды. Сондай-ақ 2 км көше жарықтандыруы Щербаков және Айсары ауылдарында 2 км көше жарықтандырылып, екі бағдаршам орнатылды», – деп атқарылған шаруаларды тізбелеп өтті Серік Қарабеков.
Қазіргі басты міндет – республикалық маңызы бар жолдардың қысқы күтім-бабын бақылауда ұстау. «ҚазАвтоЖол» филиалы бұл жүктемеге де сақадай сай. Спикердің мәлімдеуінше, филиал меншігінде әртүрлі маркадағы 107 қар аршу техникасы бар. Олардың 93% жарамды күйде. Құм, тұз секілді материал да алдын ала тонналап дайындалып қойылған. Бұл мәселеге облыс әкімі Құмар Ақсақалов та айырықша назар аударды.
«Биыл республикалық және жергілікті маңыздағы жолдардың, сондай-ақ елді мекен көшелерінің қысқы күтіміне 3,4 млрд теңге бөлінді, – деді өңір басшысы. – Барлық жол қызметі жағдайды ұдайы қадағалап отыруы керек. Қажет кезде қыстың тосын мінезіне қарсы жедел әрекет ету шарт. Бірінші кезекте құм, тұз, мұз еріткіш материалдардың мол қоры әзірленуге тиіс. Барлық техника толық даярлықта тұруы қажет. Тазартылған жол қауіпсіз қозғалыс кепілі екенін естен шығармауымыз керек».
Облыс басшысы барлық тұрғынды күн райы бұзылса жолға шықпауға, «дауылды ескертулерге» құлақ асуға шақырды. Ал аудан-қала әкімдеріне қысқы кезеңде жолдарды күтіп-ұстау және қардан тазалау бойынша уақтылы шаралар қабылдай отырып, елді мекендердің көше-жол желісі мен тротуарларының жай-күйіне сапалы мониторинг жүргізуді тапсырды. Шалғайдағы ауылдардың кіреберіс жолдарының уақтылы аршылуын ерекше бақылауда ұстауды міндеттеді.
«Сондай-ақ ауа райы нашарлаған кезде азық-түлік, отын, көмір және газ қорларына инспекция жүргізілсін. Жолдар жабылған жағдайда жылыну орындарының дайындығы қамтамасыз етілcін және көлік жиналған жерлерде ыстық тамақ жеткізілуі ұйымдастырылсын. Ауыл әкімдері учаскелік инспекторлармен бірге тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, олардың елді мекендерден тыс жерлерге шығуына жол бермесін», – деп тапсырма берді облыс әкімі.
Айта кетейік, жиын барысында 2026 жылдың жоспары да жария етілді. Биыл 163 шақырым жол және алты автоматтандырылған өлшеу станциясы 27,3 млрд теңгеге жөнделмек. Нақтысында, «Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай – РФ шекарасы» автожолы, «Қостанай – Мамлют» бағыты және «Денисов – Жітіқара – Мүктікөл – РФ шекарасы» тас жолы орташа жөндеуден өтеді. Бұдан бөлек Рудный қаласының батыс айналма жолы қалыпқа келтіріледі.
