Азаматтарды қабылдау: “Шешілмейтін түйін жоқ”

Азаматтарды қабылдау: “Шешілмейтін түйін жоқ”

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов және басқарма басшылары Жастар сарайында азаматтарды қабылдауда.  Тұрғындар денсаулық сақтау, жер және жерді пайдалану, қоғамдық көлік, құрылыс, ТКШ, тұрғын үй тағы басқа мәселелермен көптеп келуде.

Қаладағы Қадырбек Оспанов атындағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директорының орынбасары Балға Тобылұлы нысан аумағындағы инфрақұрылым мәселесімен келген.

            – Мектеп Промышленный 40 мекенжайында орналасқан. Дайындыққа келетін балалардың қауіпсіздігіне алаңдаймыз. Жаяу жүргіншілер жолы жоқ. Көлік ағыны мол, жол белгілерін орнату керек. Жылдамдық бәсеңдеткіш жасаса дейміз. Бұларды жобаға енгізбеген, – деп мәселесін айтып берді Б.Тобылұлы.

Кәсіпкер Нұрмахан Сопбеков тойхана құрылысын бастаған. Алайда, қаржысы жеткіліксіз болған соң несие рәсімдеп жатыр. Банк талабына сәйкес бірнеше басқармалардан құжатқа қол қойдыруы керек екен.

            – Құрылысты бастағаныма екі жыл болды. Сырты аяқталды, тек іші қалды. Оны толық бітіруге қаржым жеткіліксіз болып тұр. Сол үшін несие рәсімдеп жатырмын. Банк талап еткен мекемелерді жағалап құжаттарға қол қойдырттым. Тек облыстық мүгедектер қоғамының басшысы қол қоймай отыр. Айтуынша, мүгедектерге арналған дәретхана болуы шарт. Бірнеше шақырту тетіктерін орнатуым керек екен. Мен түсіндіріп айттым 2 мың шаршы метр, бірден дәретхана жасап қоя алмаймын. Ішкі құрылысын толық жүргіземін. Сол кезде бірге жасаймын. Әзірше кепіл қағаз жазып берейін. Талап орындалмаса айыппұл төлейтін мен ғой. Өйткені, құбыр тарттыруға кепіл қағаз арқылы келіскенбіз. Оның құрылысы қазір жүріп жатыр. Ең бастысы, маған ақша керек. Қол қойсаңыздар, талаптарыңызда орындалады десем түсінер емес, – дейді Нұрмахан Сопбеков.

Облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Айгүл Гендашеваның айтуынша, мұндай ұйымдастырудың тиімділігі мол.

 – Халықпен диалог құру – кез келген мемлекеттік органның басты міндеті. Ел тұрғындарының өтініштерін қабылдау үшін барлық жағдай жасалған. Жыл басынан бері облысымыздың мемлекеттік органдарына 40 мыңнан астам өтініш келіп түсті. Өткен тоқсандағы көрсеткіште облыс әкімі және оның орынбасарларына 81 тұрғынды қабылдады. Оларға заң тұрғысынан кеңес берілсе, 38 өтініш сол арада шешімін тапты, – дейді Айгүл Гендашева.

Сағат 17:00-дегі ақпаратқа жүгінсек қабылдауға 180 адам келген, оның 52-ін облыс әкімі қабылдаған. Айта кету керек, азаматтарды қабылдау 10:00-ден 18:00-ге дейін жалғасады.

           

Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ

           

 

Жаңалықтармен бөлісу