Қосшы қаласында ел қорғаны Өтей батырға арналған жартылай кәсіпқой жекпе-жек турнирінде Арқалық қаласынан 71 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен жауынгер Жанбол Қанатбайұлы чемпиондық кездесуде Қарағандылық спортшыны уақытынан бұрын «ауырту» әдісімен ұтып, жеңімпаз және «чемпиондық белбеу» иегері атанды.
Жеңімпаз спортшы Жанбол Қанатбайұлы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінің дене шынықтыру мамандығының 1 курс студенті.
Ол «Намыс» клубында (Жетекшісі Ербол Мұқанов) жаттығады.
Клубта 60-70 аралығында жастар дайындалады. 2017 жылы ашылған спорт клубтың жеткен жетістіктері мол.

«Жауынгерлік самбо» федерациясында тіркелген. Негізгі бағыты жауынгерлік самбо болғанымен аралас жекпе жекке де қатыса береді.

«Осыдан 7 жыл бұрын осындай белбеуді Қазақстан чемпионатынан алып келген едім. Міне, енді менің сол жеңісімді арада осынша жыл өткенде тура спорттың осы түрінен шәкіртім қайталап, туған қаламызға екінші белбеуді әкеліп тұр. Жанбол болашағынан мол үміт күттіретін мықты азамат. Жақсы дайындық болса қолынан бәрі келеді. Біз оған алда да толайым табыстар тілейміз», –дейді жеңімпаздың бапкері, «Намыс» спорт клубының жетекшісі Ербол Мұқанов.
Мұрат Жүнісұлы Арқалық қаласы
