Арқалықтық жас кітапханашының есімі энциклопедияға енді

Арқалықтық жас кітапханашының есімі энциклопедияға енді

Арқалық қаласындағы №2 облыстық ғылыми — әмбебап кітапхананың қазақ әдебиеті бөлімінің кітапханашысы, «Үздік жас маман», «Арқалық қаласы жастарының Алтын кітабы – 2024» лауреаты Гүлназ Жақия «Ұлт тұлғасы» энциклопедиясына еніп, «Еңбек даңқы» медалымен марапатталды.

Гүлназ Көшімбекқызы – Қостанай облысы, Амангелді ауданында дүниеге келген. Шығармашылыққа бала жастан құмартып, поэзия әлемінен өз орнын таба білген жас ақын.

Дарынды жас мәдениет пен әдебиет насихатына үлес қосып, жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларын кеңінен насихаттап келеді. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған «Көркемсөз – көңіл тілі», «Мемлекеттік тіл – менің тілім» байқауларында І орын, «Жүзден жүйрік» сайысында ІІІ орын иеленді. 2022 жылы Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағына арналған «Келешекке керек әлі бұл маса» мақаласы үшін облыстық үздік мақалалар байқауында ІІІ орын алды. 2024 жылы мәдениет саласындағы еңбегі үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен және «Үздік жас кітапханашы» атағымен марапатталды.

blank blank   Гүлназ Жақия БАҚ беттерінде жиі жарияланып жүрген «Дарынды жазушы, дара тұлға», «Білімнің кілті – кітапта», «Әйел теңдігінің жыршысы» секілді мақалалары арқылы қоғамның рухани дамуына үлес қосып жүр. «Абайдың ұлы айдыны» жыр жинағына енген өлеңдері – ақындық жолының жемісі. 2024 жылы қала жастарының «Алтын кітабына» есімі «Журналистика» саласы бойынша енді.

blank

«Бұл энциклопедияға Тәуелсіздік алған күннен бастап еліміздің жаңа сатыға көтерілуіне үлес қосқан ұлт тұлғаларының келбеті топтасқан. Халық қалаулыларын таныстыру барысында көкейтесті мәселелер де қозғалады. Кейіпкерлердің адамзаттың асыл мұрасы – адамдық қасиетті жоғары бағалайтындарын өмірбаян мазмұндарынан анық байқауға болады. Туған елдің дамуына үлес қосу – перзенттік борышымыз. Еңбегіміздің еленіп жатқанына дән ризамыз», – дейді мерейлі марапат иесі.

Бүгінде екі баланың анасы Гүлназ Көшімбекқызы өз ісінің білгір маманы. Ол — отбасылық құндылық пен ұлттық руханиятты қатар ұлықтап жүрген жас қаламгер, үздік кітапханашы.

Мұрат Жүнісұлы

                                                                                                     Арқалық қаласы