Қаладағы «Қостанай-Су» мекемесі ағынды сулардың жинақтағыш-буландырғышын биологиялық тазарту жөніндегі ауқымды үш жылдық жобаны қорытындылады. Бастама осыдан екі жыл бұрын қолға алынған еді.
Яғни, 2022 жылдың қараша айының соңында «Қостанай-Су» мекемесінің мамандары су айдындарын биологиялық сауықтыру технологиясымен танысу үшін Петропавл қаласына арнайы барған. Сапар барысында бір жылдан астам уақыт бойы «Ғылыми-технологиялық су орталығы» микробалдыр–хлорелланың көмегімен тазалау жұмыстарын жүргізіп келе жатқан «Биопруд» ағынды су жинақтағышының жай-күйін көзбен көріп қайтты.

Осылайша қосталайлық мамандар Петропавл қаласының су арнасы қызметкерлерімен тәжірибе алмасып, кейін хлорелла микробалдырын өсіру өндірісімен танысты. Дәл осы сапар Қостанай қаласының ағынды су жинақтағышында да осындай жұмыстарды бастауға түрткі болды. Нәтижесінде 2023 жылдың наурыз айында Қостанайдағы су айдынын сауықтыру бойынша негізгі жұмыстар басталды.
Қостанайдың ағынды су жинақтағышы аумағы төрт мың гектардан асатын ірі нысан. Бұған дейін бұл аумақ экологиялық тұрғыдан күрделі аймақ саналып келген еді. Соңғы үш жылда мұнда альголизация, яғни су айдынын хлорелла штамымен қоныстандыру әдісі жүйелі түрде жүргізілді. Технология табиғи қоректік тізбекті іске қосуға негізделген.
Су айдынына түскен хлорелла оттегін белсенді түрде бөліп шығарады. Бұл өз кезегінде түптік шөгінділерді ыдырататын пайдалы бактериялар мен зоопланктонның дамуына серпін береді.

«Хлорелла экожүйенің негізгі буынына айналады. Оттегінің молаюы бактериялар мен зоопланктонның дамуына жол ашты. Ал зоопланктон органикалық ластанулар мен қалқыма бөлшектерді жояды. Кейін бұл биомасса табиғи жолмен балықтар мен су құстары арқылы сыртқа шығарылады. Оттегінің жоғары деңгейі органиканың шіруінің алдын алып, залалсыздандыру мен тотығу процесін қамтамасыз етеді. Нәтижесінде жағымсыз иіс жойылып, су айдыны сауықтырылады», – дейді «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС директоры Александр Рейбандт.
Жоба барысында жинақтағышқа шамамен екі жыл ішінде үш жүз тоннаға жуық хлорелла суспензиясы енгізілген. Айта кетерлігі, жоғары нәтиже алу үшін қостанайлық коммуналдық қызмет мамандары бұрын пайдаланылған ескі лай картасын ғалымдарға беріп, оны табиғи ірі реактор ретінде қолданған. Бұл зертханалық жағдайда алу мүмкін емес көлемде биоматериал өндіруге жол ашты.

Жобаның тиімділігі тәуелсіз аккредиттелген зертханалардың қорытындысымен расталып отыр. Мониторинг ай сайын GPS-навигациясы мен кәсіби құралдар арқылы төрт бақылау нүктесінде жүргізілген.
«Нәтижесінде химиялық оттегі тұтыну көрсеткіші төрт есеге, ал биологиялық оттегі тұтыну бес есеге төмендеді. Еріген оттегінің мөлшері 11–12 мг/литрге дейін артты. Су сапасы жақсарып және жағымсыз иіске себеп болатын көк-жасыл балдырлар 95 пайызға азайса, пайдалы зоопланктон саны 5,5 есеге көбейді», – дейді Александр Рейбандт.
Сонымен қатар жоба алдағы уақытта қалаға табыс әкелуі де мүмкін. Хлорелла көмірқышқыл газын сіңіріп, метанның бөлінуіне тосқауыл болғандықтан, жоба климаттық жоба ретінде танылды. Халықаралық әдістемелерге сәйкес, Қостанай қаласы жыл сайын шамамен 61 мың еуро көлемінде көміртекті офсет төлемдерін алу мүмкіндігіне ие. Қазіргі таңда бұл мәселе бойынша тиісті министрлікпен келіссөздер жүргізілуде.

«Жаңа тазарту қондырғыларын салу шамамен 30 миллиард теңгеге бағаланады. Мұндай жобалар, әдетте, несие арқылы жүзеге асырылады, ал бұл халық үшін тарифтердің күрт өсуіне әкелуі мүмкін. Ал қол жеткізілген нәтижелерді ескерсек, әзірге ондай қажеттілік жоқ», – дейді «Қостанай-Су» кәсіпорынының бас инженері Виталий Панаетов.
Мамандардың айтуынша, хлорелла – ерекше тірі ағза. Ол тамырсыз, сабақсыз бүкіл ластаушы заттарды сіңіреді, фотосинтез үдерісі өте жылдам жүреді және жасуша 8–16 жаңа жасушаға дейін бөлінеді. Бұл ретте оның қарқынды өсуі табиғи тепе-теңдіктің орнауына ықпал етеді.
Жобаның соңғы кезеңінде ғалымдар тек тазарту жұмыстарын жүргізіп қана қоймай, технология мен зияткерлік меншікті қалаға табыстады. Қостанайда арнайы реакторлар салынып, «Қостанай-Су» кәсіпорнының қызметкерлері оқытылды. Енді мекеме су айдынындағы экологиялық тепе-теңдікті өз күшімен ұстап тұра алады. Үш жылдық жұмыстың басты нәтижесі ағынды су жинақтағышы «өлі» техникалық нысаннан қала жүктемесін қоршаған ортаға зиян келтірмей көтере алатын тірі, өзін-өзі тазартатын экожүйеге айналды.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген – автор
