Архив қоры екі миллионға жақындады

Архив қоры екі миллионға жақындады

Облыста архив саласын дамыту, тарихи құжаттарды сақтау және оларды цифрландыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл туралы облыс әкімдігінің ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Азамат Кашиев өңірлік коммуникация қызметі алаңында баяндап берді.
Архив мемлекеттің тарихи жады, қоғам мен билік арасындағы сенімді ақпараттық негіз. Бүгінде архив саласының басты міндеті құжаттарды сақтау ғана емес, оларды цифрландыру арқылы азаматтар үшін ашық әрі қолжетімді ету болып отыр. Осы бағытта облыста «Архив – 2025» жобасы аясында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

«Қазіргі таңда өңірдің архив қызметі облыстық мемлекеттік архиві мен қала-аудандық 20 филиалды қамтиды. Салада 247 қызметкер еңбек етеді. Облыс бойынша архивтердің жалпы 5 668 қорында 1 миллион 728 мыңнан астам материал бар. Олардың қатарында басқару және ғылыми-техникалық құжаттар, фото, фоно, бейнематериалдар, жеке құрам құжаттары мен 350-ден астам азаматтың жеке тектік құжаттары сақталған», – дейді басқарма басшысы.

Архив қорларын толықтыратын дереккөздер тізіміне 787 заңды тұлға енгізілген. Архив қызметкерлері мекемелерге құжаттарды дұрыс рәсімдеу, сақтау және мемлекеттік қорға өткізу мәселелері бойынша тұрақты түрде әдістемелік көмек көрсетіп келеді. 2025 жылы ғана үш мыңнан астам кеңес беріліп, архив ісіне қатысты 70 семинар мен кеңес ұйымдастырылған.

«Бұл салада негізгі басымдықтар құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, архив ісін цифрлық форматқа көшіру және мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға беріледі. Осы мақсатта облыста «Бірыңғай электронды архив құжаттары» ақпараттық жүйесі енгізіліп, бүгінде ол барлық мемлекеттік архивтер мен 534 мемлекеттік мекемеде қолданысқа енгізілді. Цифрландыру архив құжаттарының сақталуын күшейтіп қана қоймай, азаматтар мен мемлекеттік орган өкілдері архивтік ақпаратқа жедел қол жеткізе алады. Қазіргі уақытта 11 мыңнан астам фотосурет және 430 мыңнан аса қағаз құжат цифрлық форматқа көшірілді. Сонымен қатар, 2020 жылдан бері облыстағы 523 мекеме ведомстволық сақтауда тұрған құжаттардың 96 пайыздан астамын электронды форматқа өткізді», – дейді Азамат Кашиев.

Архив саласындағы ең сұранысқа ие мемлекеттік қызмет – әлеуметтік-құқықтық сипаттағы архивтік анықтамалар беру.

Бұл қызмет электронды үкімет порталы мен «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы онлайн түрде көрсетіледі. 2025 жылы архивтер 30 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетсе, оның 71 пайыздан астамы электронды форматта ұсынылған.

«Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатылған. Соның нәтижесінде өңір тарихына қатысты көптеген бірегей архив құжаттары көпшілікке ұсынылады. «Архив – 2025» жобасы аясында салаға бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын артып келеді. Егер 2020 жылы архив саласын қаржыландыру 610,6 млн теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш 918,3 млн теңгеге жетті. Соңғы жылдары архив мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жаңартылып, заманауи компьютерлер, сканерлер, желдету және өрт қауіпсіздігі жүйелері орнатылды», – дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар, архив қызметкерлерінің еңбегі де жоғары бағаға ие. 2021 жылдан бастап 22 желтоқсан – Архивші күні кәсіби мереке ретінде бекітілді. Бірқатар сала мамандары «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен және «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Жалпы, облыста архив саласы кезең-кезеңімен әрі жүйелі түрде дамып келеді.

Сералы МЫРЗАБАЙ