Биыл Арқалық қаласына қарасты Қайыңды ауылының «Аққайың» вокалды инструменталдық ансамблінің құрылғанына жарты ғасырдың жүзі болды. Өнер көгінде жасындай жарқ етіп, ұзақ жылдар бойы ұлт рухын асқақтатқан ансамбльқұрамы бүгінде жас буынмен қайта жаңғырды.
«Аққайың» ансамблі ең алғаш өңірде мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің ұлттық құндылықтарды жинақтап, дүбірі кеңге жайылған аймақтық «Торғай әуендері» фестивалінің ашылуымен бірге дүниеге келген болатын. Жыл сайын ел ішінен небір дарындарды жарыққа әкелген өнер бәйгесі дүйім жұрттың көзқуанышына айналды.
Ансамбль тарихы туралы айтқанда оның алғашқы қарлығаштары Төлеген Шайжан, Сұлтанбек Молдахмет, Мақаш Әбдіғапаров, Толғанай Ибраева, Қаршыға Ашықбаева, Мұхаметқали Ташаев, Сағынай Баймұханова, Бекзада Өзтаев сынды өнер иелерінің орны бөлек.Таланттар шоғыры жыл өткен сайын тың есімдермен толығып жаңғыра берді.
Арқалық қазақ жасөспірімдер театрында өткен «Аққайың» ансамблінің 50 жылдық концертіне көрермен көптеп жиналды. Салтанатты шарада мерейтой иелерін«AMANAT» партиясы Арқалық қалалық филиалының атқарушы хатшысы Сабыржан Тасмағанбет құттықтап, мерейтойлық медалмен марапаттады.
Ақиық ансамблдің мерейтойлық концертінде кезінде осы өнер ұжымының белді мүшелері болған, қазір еліміздің әр қалаларында тұратын Жұмағазы Кәкімжанов, Дәулеткерей Әбілахатұлы, Алтыншаш Әбдібекова, Қилыбай Елубаев, Әлім Есмағанбетов, Қайырбек Молдахметов, Нұрила Омарова, Мәриям Қоңқышева, Балтабек Құрманбаев, Айдар Есмағанбетов, Құрманай Бижанова, Сәуле Жүсіпбекова, Тоты Есмағанбетова тәрізді күміс көмей әншілері мен дәулескер күйшілеріәуелете ән шырқап, күмбірлете күй тартып, тыңдармандарының құлақ құрышын қандырды.
Атағы алысқа жеткен ансамбль мүшелерінің арманы – ел өнерін өркендету болатын. Жылдар бедерін үкілеп, арманын аялаған «Аққайың» ансамблінің аға буыны мен жаңа буыны қосылып ән шырқады. Ансамблдің құрамынан бүршік жарып көктеп шыққан дарынды әнші – комозиторлар Жұмағазы Кәкімжанов, Әлім Есағанбетов сынды төл авторларының арқасында «Арқалығым менің», «Пай-пай, «Қайыңдым!», «Қайыңдының кештері», «Ауылдан келген ару» сынды сыршыл әндер дүниеге келді.
«Саз аспаптарының қат кезінде Ақаш деген кісілер оны қолдан ойып, аталар ізін жалғастырған. Алыстағы ауылдың «Аққайың» ансамблі кезінде сонау Алматыға барып, республикалық деңгейдегі шоқтықты өнер жарысында жүлделі орын алған.
Сол толқынның ұстанған бағытын үзбей, жанды дауыста өнерімізді дамытсақ дейміз. Ансамблдің мерейтойын дәстүрге айналдырып, жыл сайын жүлдесін тігіп, жалғастырмақ ойымыз бар. Қазіргі қолданып жүрген заманауи саз аспаптарымызды Қайыңды ауылынан шыққан азаматтар демеушілік жасап алып берді», – дейді жаңарған, жасарған ансамблдің қазіргі жетекшісі, танымал әнші Нұрбол Әбдіғалымов.
Балтабек Құрманбаев,
ансамблдің байырғы мүшесі:
– Алматының ауылшаруашылық институында халық аспаптар оркестрі болды. Сонда «Аққайың» ансамблінің негізін салушылардың бірі Сұлтанбек ағамызбен аспапта бірге ойнадық.
Мен бұл ансамблдің құрамында екі жылдай ән салдым. Кейінгі жастарды тәрбиелеуде үлкен орны бар. Құрамында музыка училищесінде, консерваторияда оқыған нағыз таланттар өнер көрсетті.
Бүгін осы ансамбіліміздің мүшелері жан жақтан жиналып, халықтың басын қосып есеп беру концертін өткізіп жатыр. Сағым болған жастық шағымызды еске түсірдік.
Ол кезде ауылда бес мыңға жақын халық болатын. Мектепте 800 – ге жуық бала оқыды. Көп халықтың ішінен дарындылар қайтсе де шығады.
Тұрман Ашыбаев,
Арқалық қаласының тұрғыны:
– Қайыңдының «Қызылжұлдыз» ауылының тумасымын. Балалық шағымызда «Аққайың» ансамблінің концертін жиі тамашалайтынбыз.
«Елу жылда ел жаңа» деген. Өмір заңы болғасын буын алмаспай тұрмайды. Ансамблдің көп мүшелері қазір арамызда жоқ. Ағайынды Ахметшәріп, Молдашәріп Файзуллин деген ағаларымыз да шынайы өнердің туын тіккен хас таланттар болатын. Файзуллиндер ансамблімен де есімдері кеңге жайылды.
Кейінгі құрамын жас азаматтар алмастырды. Жастар ұйымдастырып қолға алып жатыр.Бұл өте жақсы қадам.Ұзағынан сүйіндірсін дейміз.
Масаты Жамақова,
Қайыңды ауылының тумасы:
– Кезінде ансамблде жақсы әншілер мен күйшілер көп болды. Мейрам Шәкіров, Әбдіхамит Ақашов, Мақаш Әбдіғапаров, Бектас Қасымов, Шайжан Төлегенов т.б ауылдастарымыз, ансамбль құрамында болып, өнер биігінен көрінді.
Қазір «Аққайың» ансамбліннің құрамы жастармен жаңарып жатыр. Келешегі нұрлы болсын. Жастар аға буынның арманын жалғап, тың серпінмен қияларға құлаш ұрып, еліміздің мәртебесін асқақтата берсін деп тілейміз.
Иә, жаңа құрам, жаңа леп. Аға буынның батасын алып, жастық жігермен жалындаған «Аққайың» ансамблі енді гастролдік сапармен ел ішін араламақ ниетте. Өнерлі өрендер алғашқы қадамдарын қасиетті Ұлытау өңірінен бастамақшы. Сәт-сапар болсын дейміз.
Мұрат Жүнісұлы
Суреттерді түсірген автор
Арқалық қаласы.