Құрылыс саласында өсім тұрақты ма?

Құрылыс саласында өсім тұрақты ма?

Биыл Қостанай облысында 500 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған еді.

Өткен он айдың қорытындысында 435,6 мың шаршы метр үйдің бой көтеріп, пайдалануға берілгені белгілі болды.

Аталған дерек 4502 пәтердің тұрғындар игілігіне ұсынылғанын дәлелдейді.

Аймақтағы тұрғын үй құрылысының аяқ алысы туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

Облыс әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Тлеубаевтың хабарлауынша, тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткішінің өсу қарқыны былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 102,3 % құрапты.

«Бюджет қаражаты есебінен биыл облыста 14 несиелік тұрғын үй салынды. Оның төртеуі Қостанай қаласының «Береке» шағын ауданында және оны Қостанай ауданының «Бәйтерек» шағын ауданында бой көтерді. Жыл соңына дейін «Береке» шағын ауданында тағы бір көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын аяқтау жоспарлануда. Бұл жерде қазіргі уақытта 3 үйдің құрылысы жүріп жатыр және оған қосымша 13 үйдің құрылысы басталмақ», – деді Дидар Тлеубаев.

Баяндамашының айтуынша, облыс орталығындағы «Қонай» шағын ауданында құрылыс қарқыны қатты. Нәтижесінде 13,4 мың шаршы метр аумаққа 124 жер үй салынған. Аталған баспаналар тұрғын үй және жер заңнамасына сәйкес жер кезегінде тұрған азаматтарға сатылады. Қонайдағы жер үйлерді алудың тәртібі мен жолдары туралы бұған дейін газетімізде жазғанбыз.

Кезекте тұрған облыс тұрғындарын баспанамен қамту мәселесі де күн тәртібінен түспегенін еске саламыз. Бұл бағытта Ұзынкөл ауданының көрсеткіші үлгі.

Аталған ауданда жалпы ауданы 1,1 мың шаршы метрді құрайтын 18 пәтерлік жалға берілетін тұрғын үй салынып, құрылысы қазан айында аяқталды.

Жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрғандарды үймен қамтамасыз ету үшін биыл облыстың 16 өңірінде 547 пәтер сатып алу жоспарланды.

Оған шамамен 10,3 млрд теңге қаражат қарастырылған. Бұл үйлерді жекеменшік мердігерлер салады. Құрылыс аяқталған соң нысандарды коммуналдық меншікке сатып алады. Одан кейін дайын баспаналар халықтың әлеуметтік осал топ арасынан кезекте тұрғандарға беріледі.

Әлеуметтік осал топ деп отырғанымыз ҰОС ардагерлері, 1 және 2 топ мүгедектері, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ауыр науқасқа шалдыққан азаматтар, зейнеткерлер, жетім балалар, қандастар, көпбалалы аналар мен көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар деген сияқты категорияға жататын тұрғындар.

«Қазіргі күні 6,1 млрд теңгеге 195 пәтер сатып алынды. Олар Қостанай, Рудный қалалары мен Алтынсарин, Қамысты, Қарабалық, Меңдіқара және Федоров аудандарында. Іске асырылып жатқан тұрғын үй құрылысы жобаларының негізгі үлесі облыс орталығына тиесілі», – деді баяндамашы.

Биыл облыста Отбасы банк арқылы «Наурыз» және «Наурыз жұмыскер» атты жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды жүзеге асыру жалғасуда. Қараша айында жоғарыда аталған бағдарламалар бойынша өтінім қабылдау қайта жанданды. Қазірдің өзінде «Наурыз» бағдарламасына өтініш қабылдау жүріп жатыр және айдың соңына дейін жалғаспақ. Ал «Наурыз жұмыскер» бағдарламасына құжат қабылдау мерзімі небары 10 күнге созылып, қаражат лимитінің таусылуына байланысты аяқталыпты.

Көрсетілген мерзім ішінде облыс бойынша 93 өтініш қабылданыпты. Сұраныстың артуына орай жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасына қосымша қаражат бөлудің қажеттілігін көрсетуде деді жауапты мекеме өкілі.

«Қараша айында 2023-2029 жылдарға арналған тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында Қостанай облысының әкімдігі мен тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ арасында сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйді сату туралы Шарт жасалғанын атап өткім келеді. Бүгінде «ҚТК» АҚ Рудный қаласында 25 арендалық пәтер сатып алу жұмыстарын жүргізуде. Бұл үйлер кезекте тұрған медициналық қызметкерлерге беріледі», – деді облыс әкімдігінің құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Дидар Тлеубаев.

«Отбасы банк» АҚ астықты аймақта жүзеге асырып жатқан бағдарламаларының бірі – «Қостанай жастары» деп аталады.

Бағдарлама басталғалы бері, 2023-2024 жылдар аралығында 2,1 млрд теңгеге 159 несие берілген. Өңірлік бағдарламаға 18 бен 34 жас аралығындағы барлық жұмыс істейтін жастар қатыса алады.

Жас толқынның қызмет етіп жүрген мамандық саласы маңызды емес. Басты талап тұрақты табысыңыз болса жеткілікті. Өтініш тапсырып үй алуға жеңілдетілген несие рәсімдей аласыз.

Аталған қолдаулардың бәрі облыс тұрғындарының баспана мәселесін шешуге бағытталған.

Қымбат ДОСЖАНОВА