Арқалық театрының репертуары комедия жанрымен толықты

Арқалық театрының репертуары комедия жанрымен толықты

Арқалық қаласындағы облыстық қазақ жасөспірімдер драма театры М. Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясын сахналап, көрермендерінің ыстық ықыласына кенелді.

Күлкі мен шындық астасқан жаңа қойылымның режиссері – белгілі өнер майталманы Батырбек Шамбетов.

«Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясы күлдіре отырып, ойға жетелейтін шығарма.

Қарапайым отбасы. Үйреншікті тіршілік. Бір үйдің ішінде басталған біртүрлі келісім. Күйеуін «сатқысы» келген әйел. Сатып алғысы келген қыз. Былай қарағанда тура соғым саудалағандай көрініс. Бұл жай ғана сауда емес – сенім мен сезімнің, үміт пен өкпенің тартысы. Бірақ, шын мәнінде оқиға астарында не болып жатыр?… Міне, мәселе осында.

blank

Қойылымда адам бойындағы шынайы махаббат пен аңғалдық, дүниеқоңыздық пен ашкөздік – нәзік юмор, шымыр диалогтар, астарлы ирония арқылы суреттеледі.

blank

Премьераны алғашқы күні қаладағы мекемелер мен ұйымдардың басшылары, жалпы театр сүйер қауым көріп тамашалады.

Қойылым соңында қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Қазыбек Оразұлы театр ұжымына алғыс хат табыстаса, театр басшысы Нұрлыбек Қасжанов қойылым режиссерына ұжым атынан алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етіп, ерекше еңбегіне ризашылығын білдірді.

blank

«Қазіргі таңда отбасылық құндылықтарға көп көңіл бөлінуде. Соған сай біз де өз тарапымыздан мысқалдай болса да өз үлесімізді қосқымыз келді. Халқымызда «Мың естігеннен бір көрген артық» деген нақыл сөз бар. Шырғалаң тіршіліктің кейбір көлеңкелі тұстарын әзілдей отырып, көпшілікке ой салу мақсатында көрсеткіміз келді», – дейді қоюшы режиссер Батырбек Шамбетов.

Қойылымды сомдаушылар небары төрт адамнан құралған. Рөлдерді: Елена — Дильназ Изтаева, Оксана — Алтынай Қаби, Андрей – Азамат Алматов, Елес — Әлібек Манетов шынайы шеберлікпен, жастыққа тән жалынды жігермен нанымды да қонымды ойнап шықты.

Осылайша, театр репертуары тағы бір тың туындымен толықты.

Мұрат Жүнісұлы

Суреттерді түсірген – автор

                                                                                               Арқалық қаласы