Полиция қызметкерлері Қамысты және Әулиекөл аудандары аумағында жасалған бірнеше мал ұрлығының эпизодтарын ашты.
Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде қылмысқа қатысы бар адамдар анықталып, ұсталды. Ұрланған малдың бір бөлігі иелеріне қайтарылды.
Маусым–қыркүйек айлары аралығында Қамысты ауылы маңында төрт рет ірі қара малдың жоғалуы тіркелген. Залал шеккен тұрғындарға келтірілген жалпы шығын 4 млн 550 мың теңгені құрады.
Бірінші жағдайда еркін жайылымнан қызыл түсті сиыр (құны 850 мың тг) жоғалып кеткен.
Екінші эпизодта тұрғынның екі сиыры ұрланған. Олардың жалпы құны — 1 млн теңге. Полиция олардың бірін Адаев ауылынан тапты. Күдікті ол сиырды басқа бір малға айырбастап жіберген.
Үшінші жағдайда ауыл тұрғынының жайылымнан екі бас малы жоғалған (құны 1 млн тг).
Төртінші эпизодта тағы екі сиыр ұрланған, залал 1 млн 700 мың теңгені құрады.
Жедел іс-шара барысында полиция төрт ұрлыққа қатысы бар 19 жастағы аудан тұрғынын анықтап, ұстады. Тергеу мәліметінше, ол малдарды еркін жайылымнан айдап әкетіп, Ақтөбе қаласына шығарып сатқан.
Барлық факті бір өндіріс шеңберінде біріктірілді. Мал ұрлығын бірнеше рет жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Әулиекөл ауданы: мал ұрлығы үшін бұрын сотталған күдікті ұсталды
Әулиекөл ауданының полициясына облыс тұрғыны жүгініп, оның жайылымнан Әулиекөл тұқымының 14 бас ірі қарасы ұрланғанын хабарлаған. Келтірілген залал 7 млн теңгені құрады.
Жедел іс-шаралар барысында полицейлер бұған дейін осындай қылмыстар үшін сотталған күдіктіні анықтап, ұстады.
Іс ірі көлемдегі мал ұрлығы фактісі бойынша тергелуде.
Қостанай облысының полиция департаменті ауыл шаруашылығы жануарларының иелеріне малды қорғау шараларын күшейту және күмәнді жағдайлар туралы полицияға дер кезінде хабарлап отыру қажеттігін еске салады.
Айта кетейік, 17–19 қараша аралығында республика аумағында «Мал ұрлығы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Операцияның алғашқы күнінде полицейлер мал мен ет өнімдерін тасымалдау ережелерінің 20 бұзушылығын, сондай-ақ мал жаю ережелерінің 45 бұзушылығын анықтады.
