Қостанай ауданының қос ауылы ауыз сумен қамтылды

Қостанай ауданының қос ауылы ауыз сумен қамтылды

Өңір басшысы Құмар Ақсақаловтың Қостанай ауданына жұмыс сапары барысында онлайн байланыс арқылы Октябрьский және Константинов ауылдарындағы су құбырларын іске қосу рәсімі жүргізілді.

Октябрьский ауылын ауыз сумен қамту жобасына 1 373 млн теңге бағытталып, құрылыс 2021-2025 жылдар аралығында жүрді. 37 шақырым желі төселіп, 337 құдық жөнделген. Нәтижесінде 470 үй тіршілік нәріне қол жеткізіп отыр. Ал Константинов елді мекеніндегі құрылысқа 774,3 млн теңге жұмсалыпты. Мердігер «Пан-Строй» ЖШС жұмысты бір жыл ішінде аяқтады. Салынған желі ұзындығы – 12,7 шақырым, 128 құдық қалпына келтірілген. Ауыл тұрғындары қуаныштарын жасыра алмай, алғыстарын жаудырды.

            «Бүгін Октябр ауылы тұрғындары үшін керемет қуанышты күн болды. Су құбырының іске қосылуы әр шаңыраққа шаттық, ертеңгі күніне сенім әкелді. Енді ауылдастардың тұрмысы жақсарып, жағдайлары көркейе түсері сөзсіз. Мемлекет басшысының тапсырмасымен атқарылып жатқан жобалар сәтімен жүзеге асып, игі күндеріміз көп бола бергей. Көп рахметімізді айтамыз», – деп лебіз білдірді тұрғындар.

Облыс әкімі де қос ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, құттықтауын жеткізді.

«Әр үйге судың кіріп тұруы деген – зор ғанибет. Бұл дегеніңіз – мүлдем басқа өмір, басқаша тұрмыс. Оны өзім де бір адамдай сезіне аламын, әлі есімде, ауылда тұрғанымызда ауыз су тапшылығын сездік, бейнетін көрдік. Сондықтан екі ауылдың тұрғындарын құттықтаймын. Бұған дейін де айтқанымдай, біздің міндет – ауылға су құбырын тарту ғана емес, ауыз судың әр шаңыраққа енгенін қадағалауда ұстау», – деді Құмар Ақсақалов.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы елді мекендерді ауыз сумен қамтуды 2025 жылға дейін аяқтауды міндеттеген еді. Бұл жоспар өңірімізде биыл толық орындалмақ.

Суретті түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ