Боранды түн, күрт суытқан күн және от алмай қалған көлік. Германиядан келген турист дәл осындай жағдайға тап болды. Оған Қостанай облысының учаскелік инспекторы көмек көрсетті.
Кешкі патрульдеу кезінде Мичурин ауылдық округінің бір ауылында учаскелік полиция инспекторы, полицияның аға лейтенанты Нұрсұлтан Махин шетелдік нөмірлі автокөлікті байқайды. Рөлде – Қазақстан арқылы транзитпен сапар шегіп жүрген Германияның азаматы болды. Инспектор оған қажет болған жағдайда байланысқа шығуы үшін өз визиткасын қалдырды.
Ертеңінде турист әйел мессенджер арқылы учаскелік полицейге хабарласты. Оның түнде болған қарлы бораннан кейін көлігі от алмай қалған.

Инспектор ауылдық округ әкімімен бірге жедел жетті. Автокөлікті жылы гаражға жеткізіп, мәселе жазғы дизель отынының қатуынан болғанын анықтады. Қозғалтқышты жылытып, жағармайды ауыстырған соң көлік қайтадан жүретін болды.
Туристке түнеу үшін қонақүйден орын да ұйымдастырылды. Барлығы ойдағыдай болғанына көз жеткізген соң, ол сапарын жалғастырды.
Кейін турист қазақстандық полицейлер мен жергілікті билікке алғысын білдірді:
«Мен сіздердің мейірімділіктеріңізге және көмектесуге әрдайым дайын екендеріңізге тәнті болдым. Әсіресе полицей Нұрсұлтанға және қол ұшын созған барлық жандарға рахмет!»
Қарапайым учаскелік полицейдің жұмысы нағыз қолдауға айналды. Бұл оқиға – еліміздің кез келген түкпірінде көмекке сенуге болатынын дәлелі.
