Оған «Tugan qala» жобасының зор ықпалы тиіп отыр.
Миллион теңге тұратын идея! Қазақстандағы моноқалалардың тұрғындары өздері мекен еткен шаһарлардың инфрақұрылымын жақсарту қамымен жыл сайын осындай жүздеген бастама ұсынады. Тек соңғы 5 жылда ERG қызмет ететін қалаларда 1 297 жобалық ұсыныс түскен. Оның 423-і дауыс беруге жіберіліп, 185 жоба қала тұрғындары тарапынан қолдау тапты. Бұл туралы Лисаков қаласында өткен Tugan Qala ERG форумында мәлім болды.

Бұл – ERG-дің туған қалаларында жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан осымен бесінші, мерейлі Tugan Qala форумы.
– Tugan Qala тұрғындардың өздері тұрып жатқан қалаларды жақсы жаққа өзгертуіне септесіп, нақты қолайлы құралдар мен ашық, айқын іріктейтін жүйе ұсынды,- дейді әлеуметтік технологияларды дамыту қауымдастығының вице-президенті Сәния Арапова. – Бастама жүректен шығып, жүрекке жетті. Жыл сайын келіп түсетін ұсыныс санының үздіксіз артып келе жатқаны соның айқын дәлелі. Бізді бастамалардың сапасы да жақсарып келе жатқаны шын қуантады.
Лисаков қаласында бұл бастама тек өткен жылы қолға алынған. Алайда бүгінде алғашқы нәтижелерін беріп отыр. Форумға келген 150-ден астам адам осы жоба аясында салынған әр нысанды аралап, әрқайсысымен жеке танысты. Олардың арасында мемлекеттік орган, жергілікті атқарушы билік, өнеркәсіп индустриясының өкілдері мен қала тұрғандары бар.
Қалалық жағажайдағы воркаут-алаңы, тренажерлары орнатылған спорт алаңы, автотұрақ пен футбол алаңын салу бастамаларын Лисаков тұрғындары қызу қолдап, дауыс берген.

Форумға қатысушылар Tugan Qala жобаларының нақты нәтижелерінен бөлек, өз идеясын жетілдіріп, нақты нысан ретінде іске асырған бастама авторлары – жекелеген адамдармен кеңінен танысып, бұл жолды өздері де еңсере аларын анық білді. Ынта мен ықылас болса, қалаға пайдаңды тигізіп, ажарын ашу әркімнің қолынан келетін іс.
Лисаков тұрғындары осы елді мекенде турзимді дамыту үшін атқарылып жатқан іс-шарадан хабардар болып, еліміздің өзге де осындай моноқалаларында игі істерімен із қалдырған адамдардың өнегелі бастамаларымен танысты. Өздері тұрып жатқан қаланы жақсартуға ұмтылған бұл азаматтардың идеялары бүгінде түрлі қалаға сән беріп, елдің игілігіне жарап жатыр.
Көптен бері бір ойдың жетегінде, жеке жобасын ашуды көздеп жүргендерге «Әлеуметтік желілердің бизнеске жәрдемі: сатылым мен ілгерілету» тақырыбындағы шеберлік сабақтары пайдалы болды. Олар кәсібін мейілінше аз шығынмен барынша қарқынды дамытып, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану тетіктерін меңгеруге талпынды. «Күнделікті өмірде жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану» тақырыбындағы тренингке қызығушылар көп болды. Форум «Туған қалам Лисаков» онлайн байқауының жеңімпаздарын марапаттауға ұласты.

– Әлеуметтік жауапты компания ретінде біз қызметкерлеріміздің жұмыс жағдайын жақсартуға қомақты қаражат құйып келеміз. Алайда қызметіміз мұнымен шектелмейді. Жұмысымыздың ауқымды бөлігі қызметкерлердің отбасына, олар тұрып жатқан қалаларға бағытталған, – деді ERG-дің әлеуметтік қамдау жөніндегі директоры Шаттық Әбдіхалықов.
Қала тұрғындары түгел біле бермеуі де мүмкін. Бірақ ERG мен Қостанай облысының әкімдігі арасында бірлескен әлеуметтік дамыту бағдарламалары бар. Әкімдік пен ERG әлеуметтік инвестицияларды қайда бағыттап, қандай түйткілдерді шешу керек екені жайлы бірлесе қызмет етеді. Инвестициялардың басым бөлігі білім беру, медицина, мәдениет пен спорт, тұрғын үй шаруашылығы мен абаттандыруға жұмсалып келеді. Осы орайда, сонау 2017 жылы әлеуметтік жобалар байқауында айтылған «Tugan Qala» бастамасы осыншалықты кең қанат жайды. 2022 жылдан бері 207 млн теңгеден астам қаражатқа 23 жоба іске асты. Соның 6-уы осы Лисаковта.

Қазір ERG-дің барлық қалаларында — Хромтау, Ақсу, Рудный, Лисаков қалалары мен Қашар, Октябрский кенттерінде өтінім берудің келесі кезеңі жүріп жатыр.
Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Суреттерді түсірген — Айдана МАРАТ
