Ұлт ұстазы, Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымының, тіл білімінің атасы әрі реформаторы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.
Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келген. Жастайынан көзі ашық, білім үйренуге құмар болған ол 1882-1884 жылдары ауыл адамдарынан сауатын ашып, хат таниды. 1886-1891 жылдары Торғай қаласындағы екі сыныпты орысша-қазақша училищеде, кейін Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын мектепте білім алған. Осылайша бірқатар оқу орындарынан дәріс алған Ахмет Байтұрсынұлы 1895 жылы өзінің ұстаздық қызметін бастайды. Мұғалім болып жүріп қоғамда орын алып жатқан кейбір мәселелерден де шет қалған жоқ.
Сондай-ақ Ахаң шебер аудармашы. Ол – орыс классиктерінің шығармаларын ана тілімізге аударып, қазақ әдебиетінің дамуына да үлесін қосқан жан. 1909 жылы Петербургте басылып шыққан «Қырық мысал» атты кітабында Крыловтың, Пушкиннің тәржімеленген танымал туындылары енгізілді. Ахмет Байтұрсынұлы қоғамда болып жатқан жағымсыз жайттарды осы мысал өлеңдері арқылы жеткізіп отырды. Бірінде өз ойын жұмбақтап жеткізсе, кейде ашық та айтқан. Осылайша ол 1905 жылдардан бастап саяси өмірге араласа бастады. Алғашқы мақсаты әлеуметтік теңсіздікке қарсы шығу болатын.
1909 жылы губернатор Тройницкийдің бұйрығымен Ахаң тұтқындалып, түрмеге де қамалады. Кейін Ресейдің ішкі істер министрлігінің ерекше кеңесі оны қазақ елінен жыраққа жіберу үшін Орынборға жер аударған. Бұл жерде де ол саяси көзқарасын ашық айтып, өзінің сенімді достары Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтармен бірігіп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығара бастады. 1913-1918 жылдар аралығында осы басылымның редакторы болып, халықты өнер мен білімге шақырып, қалың бұқараға үгіт-насихатын жүргізген еді. Алайда Ахметтің әрбір басқан қадамы Ресей үкіметінің қатаң бақылауында ұсталып, газетке жабылған жаланың кесірінен ол жазықсыз абақтыға отырып шықты.
Қазан төңкерісінен кейін қоғамдық өмірге белсене араласқан Ахаң қазақ жұртының тәуелсіз мемлекетін құруды мақсат еткен Алаш қозғалысы көсемдерінің бірі болады. Кейінірек Қазақстанның тұңғыш халық ағарту министрі, Қазақстан академиялық орталығының жетекшісі, Алматыдағы, Ташкенттегі жоғары оқу орындарының профессоры қызметтерін атқарады.
1926 жылы Ахмет Байтұрсынұлы түркітанушылардың бірінші съезіне қатысқан еді. Жиын Баку қаласында өткен. «Түркі тілдеріндегі терминология жайлы» деген тақырыпта баяндама жасап, жиынға келген бүкіл қатысушыны өз аузына қаратты. Ахаң сол басқосуда қазақ ұлтының тілдік жүйесін дәлелдеп, халқының болашағы үшін қайсарлық көрсеткен.
Бес рет сотталып, екі рет жер аударылған мемлекет және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлы 1937 жылы қазан айында тағы да қамауға алынып, екі айдан соң «халық жауы» деген айыппен атылып кетті. Оның жақтастарын, туңан-туыстарын қудалау 1988 жылға дейін жалғасқан. Тек сол жылдың 4 төртінші қарашасында ғана Ахаң ақталып, оның еңбектері ортамызға оралды. Осы уақытта оның «Ақ жол» деген кітабы да басылып шықты.
Айта кету керек, 2017 жылы Премьер-Министрдің қаулысымен 5 қыркүйек, яғни Ахмет Байтұрсынұлының туған күні Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілді. Оған дейін Тілдер мерекесі 22 қыркүйекте аталып өтетін. Жаңа қаулы жарияланғанда Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының атқарушы директоры Ербол Тілешов:
«Ахаңның біраз құжаттарын ақтардық. Бұрын Ахаң 1873 жылы 29 қаңтарда дүниеге келді деп келген. Архифтерді ақтарғанда Ахаңның өз қолымен жазған үш құжат табылды. Үшеуінде де ол «бесінші қыркүйек күні тудым» деп жазылған. Яғни, Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте өмір есігін ашқан. Осыған байланысты мектептегі оқулықтардың барлығы түзетіліп жатыр», — деген еді.
Естеріңізде болса, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы Жолдауында қазақ қоғамында жаңа қағидаттар және жаңа бағдарлар салтанат құруға тиіс екенін атап өтіп, Ахмет Байтұрсынұлының сөзін мысалға келтірген еді.
«Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» дейді. Бұл көзқарас бүгінгі күні өте маңызды. Біріншіден, жиырма бірінші ғасырдың ұрпағы терең білімді болғаны жөн. Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет. Үшіншіден, кез-келген істі кәсіби дағды арқылы жүзеге асырған дұрыс. Төртіншіден, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершілік баршамыздың бойымызда болуы керек. Бесіншіден, әділдіктен айнымаған жөн. Әділдік – қоғам дамуының маңызды шарты. Әділеттілік – әсіресе, ел-жұрттың тағдырын шешу үшін аса қажет қасиет. Алтыншыдан, бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық. Бәріміз нағыз қазақты дәл осындай кейіпте көргіміз келеді. Біз сонда ғана бәсекеге қабілетті мемлекет, зияткер ұлт қалыптастыра аламыз. Қазақ зиялыларының жаңа кезеңдегі міндеті – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ, ұлт сапасын арттыруға атсалысу. Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек», – деген-ді Президент.
