ШЫҰ және жасанды интеллект. Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашыла ма?

ШЫҰ және жасанды интеллект. Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашыла ма?

Президент Тоқаевтың жасанды интеллект арқылы ШЫҰ форумын құру туралы бастамасына Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының сарапшысы Әлия Мұсабекова пікір білдірді.

ШЫҰ саммитінде сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні ұйымның болашақтағы дамуының негізгі векторы ретінде айқындады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, 2033 жылға қарай жаһандық AI нарығының көлемі бес триллион долларға жетпек, ал ШЫҰ бұл салада әлемдік флагманға айнала алады. Қазақстан Астанада ШЫҰ-ның жасанды интеллект жөніндегі алғашқы сараптамалық форумын өткізуді, ал 2027 жылы — «ШЫҰ экономикаларының игілігіне жасанды интеллект» атты жоғары деңгейлі халықаралық конференция ұйымдастыруды ұсынды.

Бүгінде AI жаңа геосаяси бәсекелестіктің алаңына айналып отыр. Қытайдың DeepSeek V3 моделіндегі серпіліс технологиялық жетістіктердің әлемдік нарықтарға лезде әсер етіп, тұтас экономикалардың әлеуетін қайта бағалататынын көрсетті. АҚШ, Еуропа, Жапония және Қытай лидерлік үшін қызу бәсекелесуде, дәл осындай жағдайда «цифрлық геосаясат» қалыптасуда.

Қазақстанның ШЫҰ-ны осы динамикаға кіріктіру жөніндегі бастамасы бірнеше міндетті қамтиды. Біріншіден, бұл ұйымды қауіпсіздік пен инфрақұрылым мәселелері жөніндегі форумнан технологиялық интеграция алаңына айналдыру талпынысы. Екіншіден, аймақ елдерінің медицинада, логистикада, қаланы басқаруда «ақылды шешімдерді» енгізу қажеттілігіне жауап. Үшіншіден, ШЫҰ елдері тек қуып жетуші емес, сонымен бірге жаңа цифрлық стандарттарды қалыптастыра алатынын дәлелдеу мүмкіндігі.

Қазақстан үшін жасанды интеллектке басымдық беру — ұлттық стратегия мәселесі. Ел қазірдің өзінде Digital Bridge форумын ғаламдық IT-талқылаулар алаңы ретінде танытып үлгерді. Астанаға ШЫҰ-ның AI жөніндегі сараптамалық форумын бастамашы ету мәртебесін бекіту оның аймақтық цифрлық хаб ретіндегі рөлін күшейтпек. Бірақ одан да маңыздысы — Қазақстанның болашақ экономикасы енді мұнай мен уранға ғана емес, әлеуметтік және өндірістік салаларды өзгертуге қабілетті технологияларға да негізделетінін көрсету.

Қытай Жасанды интеллект саласындағы жаһандық ынтымақтастық ұйымын құру идеясын ілгерілетіп жатқанда, Қазақстан прагматикалық қадам жасап отыр — бәсекелеспей, серіктестік бастаманы нығайтады. Мұндай тәсіл жаңа «ойын ережелерін» қалыптастыруға ықпалдасуға жол ашады, онда негізгі фактор — технологиялық алпауыттар мен дамушы елдер арасындағы мүдделер теңгерімі болмақ.

Осы тұрғыдан алғанда, Президент Тоқаевтың ұсынысы ШЫҰ-ның мерейтойына арналған дипломатиялық ишара ғана емес, Орталық Азияға «технология тұтынушысы» рөлінен шығып, жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі халықаралық коалицияның бір бөлігі болуға мүмкіндік беретін ұзақмерзімді стратегияға берілген өтініш ретінде қабылдануы тиіс.

Алия Мұсабекова,
ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азияны зерттеу бөлімінің бас сарапшысы