Ы.Алиынсариннің облыстық мемориалды музейінде Мемлекет және қоғам қайраткері, артына өшпес із қалдырған ірі тұлға Кенжебек Үкіұлы туралы кітаптың тұсаукесері өтті.
Саналы ғұмырын халық қызметіне арнаған, ең бір қиын уақыттарда Қостанай-Торғай облыстарының тұңғыш әкімі болған қайраткердің есімі елге етене таныс. Тәуелсіздік алған жылдары басшылық тізгінін қолға алып, аумалы-төкпелі дәуірде ел аманатын абыроймен арқалап,өңір көшін өрге сүйреді. Мемлекеттік қызметке ғана емес, ұлттың руханиятына, мәдениетіне, қоғам ісіне сіңірген еңбегі зор еді. Ізін басқан жас буынға қамқор пана, жұртына кеудесі кенді, сөзі зерлі, ақылшы дана болды.
Естелік кітапта тау тұлғаның талайлы тағдыры, өнегелі өмірі, кісілік келбеті мен азаматтық болмысы, тағылымды еңбек жолы толық қамтылған. Алғы сөз облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың лебізімен басталады.
«Өңірімізге қызметке келген облыс әкімдері, әр саланың басшыларына Кенжебек Үкіұлы ағалық ақылын айтып, батасын беріп отырушы еді. Ел ағасының адамгершілігін, байсалдылығын – үлкен өмір мектебі деуге болады. Ағамыз облысымызды басқарған жылдар – еліміз нарықтық экономикаға көшіп жатқан күрделі кезең. Өңіріміздің әлеуетін көтеру үшін үлкен міндеттерді алдына қойды. Қала-аудандарға жергілікті ұлт азаматтарын тарту мәселесін қолға алды. Сол тұңғыш басшылар кейін үлкен ел ағаларына айналып, Кенжебек Үкіұлымен аға-іні, дос-замандас болып араласып кетті», — деп жазыпты өңір басшысы.
Кітаптың тұсаукесер рәсіміне әкімдік өкілдері, зиялы қауым, қайраткермен қызметтес, сыйлас болған көзкөргендер, жастар қауымы, жұбайы мен баласы қатысты. Алғашқы сөз облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықовқа ұсынылып, ол өңір басшысының құттықтау сәлемін жеткізді.

«Іссапарға кетуіне байланысты Құмар Іргебайұлы бүгін келе алмады. Ағаның отбасына, барша жақындарына сәлемін жолдады. Мен соны жеткізіп тұрмын, — деді Берік Таңжарықов. — Кенжебек Үкіұлы – Тобыл-Торғай өңіріне ғана емес, елімізге кеңінен танылған тұлға еді. Қос өңірді басқарған кезінде өзінің біліктілігін, басшылық дарынын, қарым-қабілетін барынша ашып көрсете білді. Кенжебек аға әкімдік қызметтен қол үзсе де, Қостанайдан қоныс аудармады. 1993-2005 жылдар аралығында облыстық бірнеше басқармаға басшылық етті. 2005 жылдан Қостанай облысы әкімінің кeңесшісі болып істеді. 2009 жылғы наурыз айынан бастап облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып, денсаулығы сыр бергенше жұмысын адал атқарды. «Жақсының аты өлмейді» дейді халқымыз. Оған бүгін тұсауы кесілгелі тұрған кітапқа кірген естеліктер куә».

Кітап жеті бөлімнен тұрады. «Жарқын бейнең жадымызда» бөлімінде туған-туыстарының естеліктері, «Таспаға жазылған тарих» мүйісінде қайраткер туралы жазылған мақалалар топтастырылған. Үшінші бөлімі Кенжебек Үкіұлының БАҚ-та жарияланған сұхбаттарына арналыпты. Кемел тұлғаның оралымды ой-толғамдарын, мақалаларын «Кейбір ойлар…» тарауынан оқуға болады. «Еңбек ардагері — ел құрметтісі» топтамасында зиялы тұлға облыстық Ардагерлер кеңесінде қызметте жүргенде іске асырған жобалар қамтылады. «Құттықтаулар» бөліміне әр жылдағы мерейтойына Әбіш Кекілбаев, Манаш Қозыбаев, Кенжеғали Сағадиев бастаған танымал адамдар жолдаған лебіз-пікірлер енгізілген. Соңы әріптес, қанаттас, сырлас-жолдас, ізбасар азаматтардың естеліктерімен түйінделеді. Кітаптың жарық көруіне ағамыздың баласындай болып кеткен жерлес інісі Дәуітхан Ақмышұлы, танымал қаламгер Абылай Мауданов атсалысқан.

Кітаптың кермежібін кесу құрметі облыс әкімінің орынбасары Берік Таңжарықов, қоғам қайраткері Тоқтарбай Қадамбаев және Сымбат Кенжебекұлы Үкинге берілді.
Салтанатты рәсімге жиналған қауым Кенжебек аға жайлы жылы лебіз, естелік-сыр ақтарысып, кітаптың мән-мазмұнын сөз етісті. Ерен тұлғаның «екінші өмірі» ұзақ та баянды болғай десті.





Толығырақ — газеттің алдағы санында.
Ж.Балғынбекұлы
Суреттерді түсірген — Диана Алмасқызы
