Торғайдың өнер өріндегі өрендері туралы не білеміз?

Торғайдың өнер өріндегі өрендері туралы не білеміз?

Аманкелді аудандық Халық театры 1960 жылы құрылған. Алғашында ұжым тынысы өнерлі жастардың аудандық қызыл үйінде драмалық үйірмеден басталған. Театрдың бастапқы іргетасын қалаушылардың қатарында Ділдәбек Қорғанбеков, Алтын Абылова, Кәки Ақанов, Мейрамхан Қапышев, Қазыбек Әбенов, Ғалымжан Ержанов сынды дарынды тұлғалардың есімдерін атауға болады.

Театр алғаш құрылғаннан кейін 1965 жылы тұңғыш рет Алматыға барып «Ақан сері, Ақтоқты» драмасымен халықтық театр атағын қорғаған.

Одан кейін де театр халықтық атағын бірнеше мәрте қорғап, өнер өрінде өзіндік қолтаңбалары бар екенін дәлелдеді.

blank

Қазақстанның көп жерлеріне гастролдік сапармен барды. Жезқазған, Павлодар, Қарағанды, Алматы қалаларында өнер көрсетті. Кезінде театр тарланы Асқар Тоқпановтан лайықты бағасын да алды. Театрдың алғашқы режиссеры Мейрамхан Қапышев болды. Кезінде ол кісіні талантты ақын, жазушы Хамитбек Мұсабаев «Торғайдың Шанині» деп атаған.

blank

Кейін Қантай Мақажанова деген кісі ұзақ жылдар бойы режиссерлық қызмет атқарды. Одан соң театрдың алғашқы әртістерінің бірі болған Тұрым Мұқанов режиссерлық жасады.

blank

Келесі тізбекті Лиза Мизамбаева, Гүлмира Ғұбайдуллина жалғастырды. Қазір бұл қызметті жас маман Нұрсұлтан Есжанов атқарады.

ҚР Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері, директордың уақытша міндетін атқарушы Лиза Таутанқызы аудандық мәдениет саласында қырық жылға жуық қызмет атқарып келеді. Негізгі қызметі аудандық мәдениет үйінде әдістемелік бөлімнің меңгерушісі. Театрда он жыл режиссер болып қызмет атқарды.

blank

«Өнер таусылмас қазына, сарқылмас байлық» атты кітаптың авторы. Оның ішінде аудан өнерпаздары туралы кеңінен баяндалады. Кітап – Лиза Таутанқызының өнерде жүргеніне 35 жыл толуына орай аудан әкімдігінің демеушілігімен жарық көрген.

 «Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша КРІ бағдарламасымен жұмыс жасап жатырмыз. Театр жанрын жандандыру мақсатында ауданда жастардың «Күлкі көңіл кілті» атты театры құрылды. Осы театрмен Қызылорданың Арал ауданына барып Құдайберген Сұлтанбаев атындағы әзіл-сықақ театрларының байқауына қатысып, 12 театрдың ішінде жүлделі үшінші орынды иелендік. Аталған бағдарламамен жас театр облыстың Қостанай, Әулиекөл, Наурызым, Жанкелдин аудандарын аралап келді», – дейді тетр басшысының міндетін атқарушы Лиза Таутанқызы.

Театрдан шыққан айтулы тұлғалар туралы айтқанда, алғашқы қадамдарын Аманкелді аудандық халық театрынан бастаған Халық әртісі Әнуар Боранбаев, І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының актрисасы Шара Мүсілова, театр ардагері Жұлдызай Жұмағұловалардың есімдерін құрметпен аталады.

blank

Театр ұжымының басым бөлігін жастар құрайды. Жастармен жұмыс қызықты. Театрдың үлкен жетістіктерінің бірі белгілі меценат, Аманкелді ауданының құрметті азаматы, белгілі жиҺанкез Сапар Ысқақовтың демеушілігімен жерлесіміз, ақын, жазушы Жұма-Назар Сомжүректің «Тілеп — Сарықыз» (Бақсының махаббаты) драмасының сахналануы.

blank

«Бақсының махаббаты» спектаклімен Арқалық қаласына екі рет қойылым қойып, жақында Жанкелдин ауданына барып келді. Қойылымның қойылуына Сапар ағамыз толық көмегін көрсеткен. Сахналық костюм, декорация, өзге де қажеттіліктер, жол қаражатын бәрін демеуші өзі көтерді. Енді, алдағы уақытта осы қойылымды Қостанай, Әулиекөл аудандарында қою жоспарланып отыр.

blank

Театр 1980 жылы шарықтау шегіне шықты. Тоқырау жылдарында да тоқтамай «Көңілашар» интермедиялық қойылымдарымен көрермендерінің көңілінен шықты.

Лиза Таутанқызы жетекшілік еткен жылдары Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» драмасымен 2011 жылы халық театры атағын қорғады. Мұнан соң Б.Әлімжановтың «Қайран кемпір-шалдар-ай» атты комедия-драмасын, С.Балғабаевтың «Құдағилар» комедиясын сахналады. Жалпы, аудандық театр мерекелік іс-шаралардың үнемі басы – қасынан табылады. Республика күні, Конституция күні, Театр күні, Ұлттық домбыра күні т.б атаулы күндерде міндетті түрде сахналық көріністер қояды. Театр репертуары жылына бір спектаклмен толығып отырады.

blank

Алдағы жоспарлар туралы айтқанда ұжым биыл күзде Халық театрының 65 жылдық мерейтойына орай драмалық үйірмелер арасында аудандық байқау өткізуге ниеттеніп отыр. Ол байқауда театр саңлақтарының атындағы арнайы жүлделер тағайындалмақ. Осы мақсатта тиісті орындарға хат жазылып, дайындық үстінде. Жүлдегерлерге Әнуар Боранбаев атындағы жүлде, Мейрамхан Қапышев атындағы жүлде, Ділдәбек Қорғанбеков атындағы жүлде т.б берілмек. Келер жылы Мейрамхан Қапышевтың 90 жылдық мерейтойына арналып, аймақтық театрлар фестивалін өткізу көзделген.

Театр тынысы әлеуметтік желілерде, түрлі басылымдарда насихатталып отырады. Қысқасы ұжым қайраткерлері театрдың туын жықпай келеді. Өнердің өрінде жүрген тұлғалардың ізін кейінгі толқын жалғастыру үстінде. Халық театры болғандықтан онда халықтың ортасынан шыққан өнерпаздар өнер көрсетеді. Мұғалімдер, кітапханашылар, мәдениет сарайының қызметкерлері театр шығармашылығына үлестерін қосып келеді. Ортақ іске мәдениет үйінің басшысынан бастап, техникалық қызметшілеріне дейін атсалысады. Мысалы, «Тілеп Сарықыз» қойылымында 55 адам ойнаған. Басты рөлде аз ғана адам болғанымен қалғаны көмекші құрамда өнер көрсеткен.

blank

Театр суретшісі Есенжол Қожабеков бесаспап маман. Декорацияны да, гримді де өзі істейді. Театрдың өрістеуіне қосып жатқан еңбегі ұшан-теңіз. Аудан мақтанышы, өнер тарланы Қазбек Әбеновтің 100 жылдығында қобызшының портретін салып шығарды.

Келешекте театрда жастар мол болғандықтан мюзикл де қойғылары келеді. Жақсы материал болса жастардың күш – жігері, қарым – қабілеттері жеткілікті. Үлкен – үлкен драмаларды сахналаған ұжым. Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді батыр», «Қозы Көрпеш Баян сұлу», «Еңлік- Кебек», «Ақан сері Ақтоқты», Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» классикалық шығармаларын сомдап шығарды.

blank

Исі қазаққа белгілі композитор Қалибек Деріпсалдин, әуезді әнші Айтан Сейдахметовтер де осы театрдың шекпенінен шыққан.

Бүгінде «Тілеп Сарықыз» спектаклінде басты рөлді ойнаған талантты жас, кәсіби әнші Әйгерім Мұхамбетжан, мәдени іс-шараларды жүргізуші, мұғалім Айдос Қызыринов, мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Индира Бақытқалиқызы, Есір ауылдық клубының меңгерушісі, айтыскер ақын Балтасар Ізтілеуов, жас әнші Асылхан Дүйсенғалиев, мобилограф Ерасыл Талғат, әнші-жетігенші Қырмызы Уәлиева, Шынар Ақдәулетова, кітапханашы Нәбира Сақұлова, костюмер Айжан Сейдиналар театрдың дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

                       Аманкелді ауданы