Биыл қаланы абаттандыру аясында көпқабатты үйлердің шатырларын, қасбеттерін жөндеу жұмыстарына 1 миллиард 590 миллион теңге қарастырылған.
Атап айтқанда, қаладағы көпқабатты үйлердің қасбеттерін металсайдингпен қаптау, үйлердің сыртын сәндік жарықтандыру, үйлердің сыртын бояу, балкондарына шыны салу, балкон жақтауларын орнату сияқты жұмыстар қолға алынған. Сондай-ақ, 360 миллион теңгеге ауданы 21 мың 250 шаршы метр жерге сырмақтас төселуде.
А. Байтұрсынов көшесі, №12 мекенжайында орналасқан 60 пәтерлі тұрғын үйді жөндеп, қалпына келтіруге облыстық бюджеттен 974 миллион теңге қарастырылды. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін, жаңа пәтерлер баспанаға мұқтаж ретінде кезекте тұрған тұрғындарға берілетін болады. Үй кезегінде тұрған азаматтардың қоныс тойын тойлайтын күн де жақын. Үй салынуда, үйлер жөнделуде. Қала ажарлана түсті. Жөндеу жүргізіліп жатқан көпқабатты үйлердің тұрғындары алғыстарын айтуда.
«Бізге қолдау жасап жатқан Президентімізге рахметімізді айтамыз. Халықтың қамын ойлап үкімет көмегін беруде. Үйімізді жақсы жөндеп жатыр. Сыртын қаптап, балкондарымызға дейін жаңартып бермек. Енді, үйіміз қыста бұрынғыдан да жылы болады деп ойлаймыз. Үйлерді қаптап, бояғасын маңайымыздың бәрі әдеміленіп қалды. Көшеміз жақсы көрініп, қаладағы көрікті көшелердің біріне айналды», – дейді сырты қапталып жатқан А. Байтұрсынов көшесі №20 үйдің тұрғыны Райхан Сағымжанқызы.
Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ
Арқалық қаласы
