Қостанайлықтар би кешімен бүлдіршінге зор үміт сыйлады

Қостанайлықтар би кешімен бүлдіршінге зор үміт сыйлады

Орталықтағы достық үйінің алдында ерекше жылылыққа толы қайырымдылық би батл-шоу ұйымдастырылды. Мерекелік кешке тұспа-тұс келген жиын Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен, «Ассамблея жастары» РҚБ және этномәдени бірлестіктердің қолдауымен өтті.

Кештің басты мақсаты – ауыр дертке шалдыққан екі жасар Айя Нұрханқызына қолдау көрсету.

Айя жедел миелоидты лейкоз дертіне шалдыққан. Бірнеше ай бұрын ол Түркиядағы клиникада трансплантация жасатып, қазір Қытайдың Тайсинь қаласындағы емханадан кейінгі оңалту курсынан өтіп жатыр.

blank

Кеш барысында Қоғамдық келісім мекемесінің басшысы Наталья Рамазанова мәдениет пен мейірімділікті біріктірген осындай жобалардың маңыздылығына тоқталды.

Кештің алғашқы бөлімі — импровизациялық би джемінен басталды. Бұл сәтте көрермендер де сахнаға шығып, би арқылы өз эмоцияларын білдірді. Кейін сахнада брейк-данс шеберлері өз өнерлерін көрсетті.

blank

Кавказдың отты биі — лезгинкамен жалғасқан бағдарлама көрерменді ерекше әсерге бөледі.

blank

«Ахыска таулары» ансамблі өздерінің ұлттық би үлгілерін ұсынып, салт-дәстүрдің би тілімен қалай жеткізілетінін көрсетті.

Армян, Әзербайжан және басқа да этнос өкілдерінің билері кештің көркін аша түсті. Қатысушылар көрермендерді ортаға шақырып, ұлттық би қимылдарын бірге билеуге шақырды.

blank

Кештің ерекше бір сәті — ұлттық билер туралы викторина болды. Қатысушылар «Сертаки қай елге тән? (Грекия)», «Камажай қандай би? (қазақ)», «Краковяк (Польша)», «Хава нагила (еврей биі)» сияқты сұрақтарға жауап беріп, ұлттық би мұрасын еске түсірді.

Бұдан кейін сахнада от пен жарықтың ерекше үйлесімімен отты иллюзионисттің шоуы өтті. Бұл көрініс — кештің ең әсерлі сәттерінің бірі болды.

Кеш соңында этно-дискотека ұйымдастырылып, жастар әртүрлі халықтардың би ырғағына билеп, қаланың туған күнін қуанышпен атап өтті.

Науырзым ауданынан арнайы келген көп балалы ана — Жібек Нұрсейітова да өз тілегін білдірді:

– Қала күніне орай Науырзымнан арнайы келіп қатысып отырмын. Осындай игі іс-шараның бір бөлшегі болғаныма қуаныштымын, – деген ол барша тұрғындарға денсаулық, бақ-береке тіледі.

Қайырымдылық би кеші тек көңілді кеш қана емес, шынайы жанашырлық пен мейірімділіктің көрінісіне айналды.

Әр қатысушы, әр көрермен кішкентай Айяның сауығуына өз үлесін қосты.

Ұйымдастырушылар барлық қолдау білдірген азаматтарға, еріктілерге және көрермендерге алғыс білдіреді. Өйткені би тілі – бұл достық пен бірліктің тілі.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді түсірген Айбек Таңатбаев