Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында Әулиекөл ауданында ауқымды инвестициялық жоба іске асырылмақ. Бұл туралы аудан әкімі Жансұлтан Тәукенов хабарлады.
Оның айтуынша, Жосалы ауылы маңында 1000 басқа арналған сүт-тауарлы ферманың құрылысы көзделіп отыр. Жобаның жалпы құны – 5,4 млрд теңге, оның ішінде 600 млн теңге – жеке қаражат, ал 4,8 млрд теңге – «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан заем ретінде беріледі.
Жобаны «Белый аист» ЖШС жүзеге асырады. Компания директоры – Талғат Бақытжанұлы Тапаев. Құрылысты іске асыру мерзімі 2025 жылдың тамызынан 2027 жылдың қазанына дейін жоспарланған.
«Бүгінде жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылысқа арналған 9,9 гектар жер учаскесі аукцион арқылы сатып алынды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өндірісі үшін 6 мың гектар жер телімі бөлінді. Жоба аясында 43 жаңа жұмыс орны ашылып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайына оң әсер етері сөзсіз», – дейді аудан әкімі.
Қазіргі уақытта 4,9 млрд теңгеге қаржыландыруға өтінім мақұлданған.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
