Жанкелдин ауданының құрметті азаматы, мәдениет саласында 42 жыл еңбек еткен Рысты Ерденқызы қоғамда салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды ұрпақ санасында жаңғыртуды мақсат еткен жан. Республикалық ардагерлер кеңесі төсбелгісі иегерінің айтуынша, бүгінгі қоғамда әженің рөлі бұрынғыдай маңызды болуға тиіс.

«Өкінішке қарай, бала тәрбиесі әжеден алыстап барады. «Мамина» деген ұғым пайда болды. Ал бұл – ұлт болашағы үшін алаңдатарлық жағдай. Сол себепті әр отбасында әженің тәрбиесі, ұлттық құндылықтарға негізделген бағыт қайта жандануы керек», – дейді Рысты Ерденқызы.
Осы себепті оңтүстік облыстарда бұрыннан қалыптасып келе жатқан қағиданы жаңғыртып, былтыр облыс- тық ардагерлер кеңесінің жанынан «Әжелер алқасы» құрылды. Алқаның төрайымы болып Рысты Ерденқызы тағайындалды.
Құрылған сегіз айдың ішінде облыстың 14 ауданы мен 4 қаласында бөлімшелері жасақталып, алқаның төрайымдары тағайындалды. Жоғары сынып оқушыларымен кездесулер, пікірталастар, дәстүр сабақтары ұйымдастырылып келеді. Облыста ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған маңызды жұмыстар атқарылып жатыр. Қалалық және аудандық ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылған Әжелер алқасы ұрпақ тәрбиесі, ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту, рухани мұраны насихаттауда белсенділік танытып келеді. «Ұлт тағдыры – тілінде және отбасының тәрбиесінде» атты тақырыптық кездесулер жастарға терең ой салды. Бұл туралы алқаның сегіз ай ішіндегі қорытынды семинарында айтылды.
Мәселен, Қостанай қалалық ардагерлер ұйымының жанынан құрылған Әжелер алқасы қысқа мерзімде жиырмаға жуық іс-шара ұйымдастырған.

«Біздің алқа былтыр желтоқсан айынан бастап жұмыс істеп келеді. Алқаның басты міндеті – ұлттық құндылықтарды насихаттау. Мектептер мен жоғары оқу орындарына барып, жастармен кездесулер өткіздік, дәстүр сабақтастығы туралы дәрістер оқылды», – дейді төрайымы Райхан Арыстанова.
Әжелер қауымы әскери бөлімдерде де болып, жауынгер жастармен «Ақ орамалдың қасиеті» тақырыбында сырласты, концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде өткен «Музей түні» іс-шарасына қатысты. Жүн сабап, кілем тоқу, қолдан аяқ-киім, бас-киім тігу сынды шеберлік жұмыстарын көрсетті. Аталармен бірге ағаш шеберлігі, етік тігу өнері де көрсетілді. Ұн тарту, таба нан пісіру – барлығы да ұмыт қалған ұлттық кәсіпті жандандыруға бағытталған дәстүрлер.
Рудный қалалық ардагерлер ұйымының әжелер алқасының төрайымы Күләш Күдебаева жастармен, мектеп оқушыларымен және колледж студенттерімен кездесулер ұйымдастыру арқылы ұлттық киім, отбасындағы бала тәрбиесі жайлы маңызды әңгімелер қозғап келеді.

«Бұл кездесулер көбіне диалог форматында өтеді. Оқушылармен еркін пікір алмасып, болашаққа бағыт-бағдар беруге тырысамыз», – дейді Күләш Күдебаева.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Батырбек Ахметов әжелер алқасының жұмысын жоғары бағалап, бұл ұйымдардың ұлттық руханиятты сақтауда ерекше орын алатынын атап өтті. Осындай бастамалардың алдағы уақытта да тың серпінмен жалғасатынына сенім білдірді.

«Бұл басқосуды ұлтымыздың рухани құндылықтарын, адамгершілік қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіруге бағытталған іс-шара деп білемін. Бүгінгі семинарда айтылар ой, ортаға салынар ұсыныстар ұлттық тәрбиенің қилы жаңалықтарын ашып, алдағы жұмыстарыңызға тың серпін береріне сеніміміз мол. Қазақ халқы ежелден ұлттық тәрбиені адамгершілік өнегесін ананың әлдиі, әженің ақылынан бастаған. Сіздер сол алтын арқауды үзбей, бүгінге жетілуші ұрпақ тәрбиесінің шамшырағы, ұлттық құндылықтардың жаршысы, ұлы руханияттың алтын діңгегісіздер. Әрқайсыңыздың өмірлік тәжірибелеріңіз, көрегенділіктеріңіз, мейірімге толы жүректеріңіз біз үшін үлкен мектеп, таусылмас арна», – деді Батырбек Ахметов.
Ұлттық құндылықтарды Отанға деген рухты қалыптастыратын, сақтайтын, дамытатын қасиеттер деп ұқсақ, әрбір ұлттың өзіне тән алмастырмас шынайы бағытқа жеткізетін ұстанымдары, қағидалары қашан да өзекті. Осы орайда қазақтың халықтық педагогикасының негізін қалаған Мағжан Жұмабаевтың сөзімен айтсақ, әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбиелеуі туралы ескіден келе жатқан жолы бар. Біз өмір сүріп жатқан жаһандану кезеңінде салт-дәстүрдің тозығын емес, озығын алуымыз керек. Қоғамды толғандыратын ұлттық құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізе білудің өзі де ғанибет.
«Өздеріңізге мәлім, бұл қоғамдық ұйымдар республикамыздың барлық облыстарында құрылып жұмыс жүргізуде. Әже – ардақты да аяулы, жанға жайлы сөз. Әже тәрбиесі, әженің әлдиі, әженің аялы алақанын осы отыр-ған бәріміз де естіп, сезіп өстік. Әже тәрбиелеген ұлы Абай, Шоқан, Ыбырай – қазақ халқының мақтаныштары, символы. Әже – ұлттық салт-дәстүрдің, өшпейтін өмірдің, ертегі, жыр-дастандардың сандығы. Өкінішке қарай, осы «Әже» деген ардақты атқа лайықты болып жүрміз бе деген сұрақ туады», – деп ой түйген алқа төрайымы атқарылған шаруа мен болашаққа бағыт-бағдарын саралап өтті.
Әжелер алқасының мақсаты мен міндеті былтырғы ардагерлер кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде тиянақты таныстырылған еді. Ғафу Қайырбеков атындағы мектеп бұл бас- тамаға бірінші қолдау білдіріп, күні кеше жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізілді. Бұл басқосу Алтынсарин мектеп-лицейіндегі жиынға ұласты. Достық үйінде көрісу күніне орай қалалық әжелер алқасы ұйымдастырған мерекелік іс-шара өтті.

Тобыл қаласы «Ақ бидай» ансамблінің 25 жылдық мерекелік концерті аудан жұртын думанға бөледі. Науырзым мектебіндегі ұлттық құндылықтарды қастерлеуге арналған кездесу көптің көкейіне рухани ләззат сыйлады. Тобыл кенті «Алтын Дән» мәдениет үйіндегі «Өнегелі, өнерлі ақ әжелер» атты ән- фестивалі салт-дәстүрімізді жаңғыртты. Оған Қамысты, Меңдіқара, Қарабалық, Жітіқара, Әулиекөл аудандары мен Лисаков, Рудный қалаларынан әжелер ансамблі қатысты. Қостанайдағы №31 келешек мектебі мен Меңдіқара аудандық ардагерлер кеңесі мен әжелер алқасы ұйымдас- тырған кездесулер оқушыларға патриоттық ой салғаны сөзсіз. Тыл мен соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетуді назардан тыс қалдырмаған әжелерге артылатын міндет пен қойылатын биік талаптар әлі де бар. Жанкелдин ауданында өтетін алдағы ауқымды іс-шараға дайындық қызу. Бұл жолы да ұлттық өнер, әже тәрбиесі, тіл тағдыры, отансүйгіштік бағытындағы іс-шаралар қамтылмақ. Алдағы уақытта Конституция, Қарттар, Ұстаздар, Республика, Тәуелсіздік күні сынды атаулы мерекелер аясында ауқымды іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл – әжелердің ел болашағына қосар өлшеусіз үлесінің бір парасы ғана.
Айбек ЖҮЗБАЙ
