Мұсаұлы Шеген би (1785-1848) Торғай өңірінің төбе биі, батыры болған тарихи тұлға. Тобыл-Торғай өңіріндегі шешуі қиын, ең күрделі мәселелердің басы-қасында жүрген үш бидің (Наурызбай, Шеген, Тоқсан) бірі болып, Торғай елінің ханға бергісіз биі болған.
Қазіргі Қостанай (бұрынғы Торғай облысы) Жанкелдин ауданы жеріндегі киелі Тосын құмында дүниеге келген. Есімі алты Алашқа белгілі батыр, мәмлегер Шақшақ Жәнібек тархан мен Дәуітбай тарханның ұрпағы.
Шегеннің қоғамдық өмірге белсене араласқан кезі Орта жүзге орыс отаршыларының жағалай әскери қамал бекіністер салып, қазақ жерін толығымен орыс қоныстанушыларының қонысына айналдыру мерзіміне тұспа-тұс келді. Ол заманында ақылымен қатарынан озған дана би, ақ жарма әділ, батыл, ақ берен текті, шешен болғандықтан «Торғайдың төбе биі» атанған. Оның есімі тек Тобыл-Торғай өңірінде ғана емес, Орта жүз бен Кіші жүзде де аса құрметпен аталады.
Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин «Өсиет» атты өлеңінде:
Арғыннан ол күндерде Шеген шықты,
Халайық айбынынан қойдай ықты.
Азуы алты қарыс сан Арғынның,
Қойдырды тентектігін, бұзықтықты.
Бірімжан, Қазыбек би балалары,
Арғынның атасындай даналары.
Жігіттер болған ерге тасыр етпе,
Жақсылық жер менен көк аралары, — деп өсиетнама жазған.
Бұл – оның Орта және Кіші жүз халқының тағдырына қатысты ірі оқиғалардың ортасында жүргенінің айғағы. Мәселен Шеген би Кенесары Қасымұлын Ұлытауда ақ киізге отырғызып, хан көтергенде бата бергені жөнінде ел аузында аңыз әңгіме бар, оны біреу білсе, біреу білмейді. Сөзіміз «құрғақ, іші қуыс» болмауы үшін архивтік құжатқа назар аударайық. (Мұрағаттан тапқан профессор С.Негимов. Қараңыз, Қарсақбай ауданының күйі, «Жаңа мектеп» журналы, 1927 жыл, № 5-6). Онда былай деп жазылған. «… Ұлытаудың түстік бөктеріндегі «Хан төбе» дейтін жерде өткен ХІХ ғасырдың 30-шы жылдарында атақты Кенесары батырды Орта жүздің баласы Арғын Шеген би бас болып, ақ киізге салып хан көтерген…». Демек, жоғарыдағы ел аузындағы әңгімені мына тың дерек растай түседі.
Шеген би 1844 жылы «Анна» ленталы алтын медальмен марапатталған алғашқы қазақ зиялысы. 1845 жылы Шеген бидің Орданың Шығыс бөлігінің билеуші аға сұлтаны, төре Ахмет Жантөринге жазған тарихи хаты елі мен жері үшін жанын беретін тұлға екенін көрсетеді. Тобыл-Торғай өңірінде Шеген бидің билік сөздері де көп тараған. Оның өсиет-ғақлияларында да терең ойлы, тәрбиелік мәні бар байырғы бабалар сөздерінен үндестік сақталған. Мұны бабамыздың мына бір шешендік сөзінен-ақ айқын аңғаруға болады. «Би болсаң, даналық керек, даналық үшін саналық керек. Батыр болсаң білек керек, Білек үшін жүрек керек. Кедей болсаң кәсіп керек, кәсіп үшін машық керек. Пайдасы жоқ көп байлар, Арам өлген малмен тең…»
Шеген би Кенесарының саясатының бағыты дұрыс деп санап, оған көмегін аямаған. Ол қазақ даласына әскери қамалдар салына бастағанда патша өкіметінің өкілдеріне батыл сөйлеп, өзінің келісімінсіз Арғын руының жеріне әскери бекіністер салуға рұқсат берген ел сұлтандарына қарсы пиғыл көрсеткен тарихи тұлға. Сол үшін де Орынбор (Торғай) әскери бекінісіндегі түрмеге қамалған қазақтың алғашқы биі болды. Абақтыдан босап шығып, ауырып жатқан бидің жағдайын білу үшін қыпшықтың атақты билерінің бірі торы Қыпшақ Қара Тәйпен би Шегеннің Бозайғырдағы жайлауына келіп, көңілін сұрай былай депті:
«Бағыланда» қымбат болды-ау ұнның пұты,
«Бозайғырдай» болар ма қыстың жұты?
Байлаулы қап түбінде кетіп едің,
Келдің бе, аман-есен елдің құты?!». Міне, бұл Шеген бидің қандай дәрежеде халықтың құрметіне бөленгенін және сол кездегі Торғай өңіріндегі билердің бір-біріне деген құрметі мен сыйластығының белгісін көрсетсе керек.
Патша үкіметі мұрагерлік жолмен ұрпақтан ұрпаққа берілетін тархандық құқық заңдылығын бұзып, 1847 жылы Шегенге тархандық атақ берілмеді. Себебі, сол – Кенесары ханның саясатын қолдап, Торғай дуанынан әскери бекініс салуға қарсылық білдіргені үшін. Шеген би 1848 жылы абақтыдан шыққан соң, көп ұзамай қайтыс болды. Ақтық сапарға шығарып салуға Тобыл өңірінен келген Алдияр Жазыұлы Беген би Торғай халқына қаратып:
«Батыр еді қол бастаған, көсем еді сөз бастаған. Арыстан боп жаралған асылым- ай, алысқанды алысқа тастаған. Ау, Арғын-Қыпшақ, Әйдерке-Шақшақ баласы, жамағат! Тірі әулие табылмас енді бізге. Шеген кетті – алдынан жарылқасын. Артында қалды жоқтатпайтын ұрпағы» деп айтқан екен. Ел аузында қалған осы сөз атақты жырау, ешкімге өлең сөзде дес бермеген Қарабалық-Қыпшақ Өске (Ысмайыл) Торқаұлы «Арғыннан Беген мен Шеген шықты» деп жырға қосқан әйгілі Беген бидің ағасына берген шынайы бағасы деп білуіміз керек. Шеген биді өсиеті бойынша мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бабасы Шақшақ Жәнібек тарханның жанына жерлеу үшін алып шыққан керуенге жолда кедергілер кездесіп, Сыр елінің Ақтоған деген елді-мекен маңындағы бір көлдің жағасына аманат қойып, жерлеуге мәжбүр болған. Кейін жергілікті халық Шегенді ерекше жаратылыс иесі ретінде әулие санап, бұл жерді аманат қойылған Арғын, ал көлді «Шеген көлі» деп атапты. Халық жадында: «… Шегенге бұйырмады топырақ бабасы Шақшақ Жәнібек жанынан, Орындалмай өсиет торқалы орын тапты Сырдың бір көл жағасынан. Торғайда иісі, Сырда тәні жатыр, екі өлкеден орын алып…» деген жыр оралымдары сақталған. Шеген би туралы аңызға бергісіз әңгімелер де баршылық. Соның бірі өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары ел арасында кең тараған төмендегі әңгіме.
…Сыр бойында Меңдібай деген мықты кісі болыпты. Бірде көшіп-қонып жүріп, көктем кезінде Торғай өзенінен өтейін десе, Торғай арғындары өткел бермейді. Меңдібай да қайсар, айтқан сөзінен қайтпайтын адам болған. «Өтемін» деп болмаған. Сонда Торғай арғындары: «Кет әрі, таяқ жерсің!» дегенде, ыза болған Меңдібай: «Ұрып көріңдер! Сырда жатқан Шегеннің моласын сабасам да сендерге өшімді жібермеймін!» деп шіреніп, шалқая түскенде, арғындар сөзден жығылып, кешірім сұрап, өткелден Меңдібайдың малдарын өздері өткізіпті.
Тағдырдың жазуымен Мұсаұлы Шеген биге топырақ Сыр елінен бұйырғаны белгілі. Жергілікті халық «Шеген көлі» деп атаған көл жағасында заманында дәуірлеген қарт Торғайдың әрі биі, әрі батыр тұлғаның мәңгі жай тапқаны ақиқат. Міне, көріп отырғанымыздай Шеген бабамыздың Сыр елінде аманат қойылғаны осы аңызға бергісіз әңгімелер мен Қызылорданың мұрағатынан Шеген бидің аманат қойылған жері көрсетілген 1940 жылғы картасы да дәлел бола алады…
Өткен ғасырдың 30-шы жылдары ғұлама академик Қ.Сәтбаев алғашқылардың бірі болып Шеген бидің қайраткерлік қызметін зерттесе, әйгілі М.Әуезов «Хан Кене» пьесасында Шеген биді бас кейіпкердің бірі ретінде көрнекті образ ретінде көрсетіп, абыз ақсақал ретінде сомдады. Кейін Шеген би жөнінде қазақтан шыққан алғашқы тарихшы-ғалым, кәсіби қазақ тарих ғылымының негізін салушы Е.Бекмаханов бастап, Қазақстанда қайта құру кезеңінде елімізге белгілі ғалымдар Б.Адамбаев, М.Қозыбаев, С.Созақбаев және Ә.Ламашев жалғастырып, еліміз егемендік алған жылдарында тарих ғылымының докторлары М.Қойгелдиев, Қ.Салғарин, И.Ерофеева, Б.Насенов, Ж.Артықбаев, С.Негимов, Ө.Исенов, Б.Әбдіғали, Л.Серғазы және зерттеуші, этнограф Т.Дайрабай мұрағаттық құжаттар негізінде ғылыми-танымдық материалдар жариялады.
Мұсаұлы Шеген бидің ұрпақтары да елге қызмет еткен атақты тұлғалар болды. Шегеннің қызы Айменнен туған Ыбырай Алтынсарин қазақтың ұлы ағартушысы болса, балалары Қазыбек пен Бірімжан елге танымал би болды. Немересі Дәуренбек 42 жыл үзбей Тосын болысын басқарса, Қорғанбек Торғай уезі бастығының көмекшісі қызметін атқарып, мемлекет қызметкері болған тұңғыш торғайлық қазақ ретінде елге қамқоршы бола білді. Одан туған Ахмет пен Ғазымбек және Мұқтар жоғары білім алған алғашқы қазақ жастарының легінен көрініп, ХХ ғасыр басында ұлтына қызмет еткен Алаш қайраткерлері қатарынан көрінді. «Ахмет юст» атанған Ахаң болса Ресей империясының Дума мінберінен алғашқы сөйлеген қазақ болды. 1917 жылы желтоқсан айында өткен ІІ съезде«Алаш Орда» Халық Кеңесінің мүшелігіне сайланды. Ал Алаштың жас қайраткері Ғазымбек болса Алманияда оқыған алғашқы қазақ жастарының қатарында болып, «Алаш» партиясының программалық жобасын жасаушылардың бірі, «Ақ жол» газетінің редакторы болды. Сондай-ақ Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің тұлпар мініп, қол бастаған сардарының бірі Шегеннің шөбересі Қасымхан Алтынсары болғаны тарихтан белгілі.
Кеңес заманында да ұрпақтары елге белгілі тұлғалар болды, елдің рухани, мәдени дамуына өз үлестерін қоса білді. Атап айтқанда Әбдісалық Жармұхамбетов ұстаздық жолда 50 жылға тақау адал еңбек етіп, омырауына Ленин орденін тағып, «Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұғалім» деген құрметті атақ алған алғашқы торғайлық ұстаз болса, Мұқтар Қорғанбекұлы мен Жағыпар Жармұхамедов Торғайдан оқыған жастардың ішінен бірінші болып, Ташкенттегі САГУ-дің тіл-әдебиеті мен дәрігерлік факультетін 1930 жылы бітірді. Ал Нұрхан Қорғанбеков 1930 жылдардың басында қазақ жастары арасынан алғашқылардың бірі болып Мәскеудің алтын және металдар институтын бітіріп, еліміздің түсті металлургиясының іргетасын қалаушылар қатарынан көрінді. Елімізде ғылым мен баспа жұмысын өркендетуде де Шеген ұрпақтарының қосқан үлесі зор. Мәселен Батырбек Бірімжанов Қазақстанда химия ғылымын өркендеткен тұлғалардың бірі және бірегейі болса, қарындасы Іңкәр Бірімжанова Торғай қыздары арасынан алғаш ғылым жолына түсіп, медицина ғылымдарының докторы дәрежесіне қол жеткізді. Роза Қорғанбекова болса әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің химия факультетінің профессоры, химия ғылымының докторы дәрежесіне қол жеткізген алғашқы торғайлық қыздардың бірі. Шегеннің шөбересі Әбдірашит Бектемісов болса қазақтан шыққан алғашқы баспагерлердің бірі ретінде елімізде баспа жұмысын қалыптастырған алғашқы баспагерлердің легінде болып, мемлекеттік «Қайнар» баспасын ширек ғасыр-
дан астам уақыт басқарып еліміздің құрметті баспагері атанды. Майдангер журналист-баспагердің баспа саласындағы көп жылғы еңбегі тиісті бағаланып, ҚазССР-на еңбегі сіңген мәдениет қызметкері белгісімен марапатталды.
Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары да Бекет Махмұтов еліміздің спорт қайраткерлері арасынан АИБА-ның бірінші вице-Президенті және АИБА-ның Азия континентальдық бюросының төрағасы болып сайланып, халықаралық бокс федерациясының тізгінін ұстаған қазақтан шыққан алғашқы спорт қайраткері болса, Шегеннің кенже ұлы Алтынсарының шөпшегі Кеңес Жұмаханұлы Арыстанов Торғайдан шыққан тұңғыш облыстық ішкі істер департаментінің бастығы дәрежесіне дейін көтерілді. Тумасынан ата-бабасына тартқан ержүрек азамат 80-ші жылдары Алматы қаласында елімізде алғаш құрылған ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасын басқара жүріп, бейбіт күнде көрсеткен ерлігі үшін 35 жасында КСРО-ның жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Ал Шеген бидің тікелей ұрпағының бірі Атығай Арыстанов болса ХХІ ғасырдың ширегінде генерал шенімен бірнеше облыстық ішкі істер департаментін басқарып, торғайлықтардың мақтанышына айналды. Демек, бұл ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып берілетін рухани құндылықты сақтауда Шеген ұрпақтарының ата-бабалары салып кеткен сара жолдан таймағанын көрсетсе керек.
Шеген биді тарихи тұлға ретінде кейінгі ұрпаққа көрсету, халқымызға таныту енді басталған секілді. Биыл қазақтың біртуар ұлдарының қатарындағы кесек тұлға Мұсаұлы Шеген бидің туғанына 240 жыл толады. Әділетті жаңа Қазақстан дәуірінде Торғайдың төбе биін мәңгі есте қалдыру мақсатында жуырда Жанкелдин ауданы Шеген ауылының тұрғындары атынан біртоп ардагерлері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанындағы республикалық «Тарихи тұлғалар» тізіміне енгізу үшін аудан әкімі мен мәслихат депутаттарына өтініш-хат жолдаған еді. Ауыл тұрғындарының өтініш-хаты ауданның тиісті орындарынан қолдау тауып, маусым айның басында аудандық мәдениет бөлімі арқылы Қостанай облыстық мәдениет басқармасының ономастика бөлімінің қарауына жолданды. Елі мен жерін қорғап, сол қасиетті жолға өзінің бар өмірін сарп еткен Мұсаұлы Шеген биге тиісті шешім қабылданып жатса – халыққа керегі де сол.
Қорыта айтқанда, асылдың сынығынан жаратылып, ел қорғаны болып ерен істер тындырып, отаршылдық саясаттың құрбаны болған Мұсаұлы Шеген би – Торғай өңірінің аты аңызға айналған тарихи тұлғаларының бірі екендігіне дау жоқ! Осы орайда есімі жылдар бойы халық жадында сақталып, ұрпағына өшпес із қалдырған кемеңгер тұлғаны ұмытпай ұлықтау ұрпақтарының басты парызы екенін естен шығармауымыз керек.
Ертай ҚАРАБАЛА,
өлкетанушы, ҚР ІІМ зейнеткері
