Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен отырыста өңірдегі мәдениет саясатын жүзеге асыру мәселесі қаралып, жартыжылдықтың есебі тыңдалды.
Ел Президенті төртінші ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде: «Мәдениет – жай ғана ғимараттар мен мекемелер емес, бұл – жаһандық әлемде ұлттық санамызды нығайтатын берік негіз», – деп, бұған деген таптаурын көзқарас өзгеруі керек екенін меңзеген еді. Сондай-ақ руханияттың қос қанатындай мәдениет пен өнердің халықты ағарту, өскелең буынды тәрбиелеу тұрғысындағы миссиясы жоғары екенін алға тартты. Бұл пайымды сөз осы саланы дамытуға бүкіл өңірде мейлінше көңіл бөлінуі керегін шегендеп бергендей еді.
Қазір Тобыл-Торғай өңірінде мәдениет саясатын ілгерілетуге басымдық беріле түсті. Мәселен, соңғы үш жылда саланы қаржыландыру деңгейі 71% өскен. Биыл бөлінген қаражат көлемі – 18,5 млрд теңге. Осының арқасында барлық мұқтаждық түгенделіп, жаңа жарқын жобалар мен бастамалар өмірге келіп жатыр. Облыстық Мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мэлс Абдрахманов осы турасында тарқатыңқырап баяндап берді.
Мәдениеттің әр бағытына жекелей тоқталды. Алғашқы тілтиек – кітапхана саласы. Руханият ұясының сан түрлі жобаға мұрындық, көптеген бастамаға арқау болып отырғанын көзіқарақты қауым жақсы біледі. Ол солардың бірсыпырасына ерекше тоқтала өтті.
«Мемлекет басшысы бүгінгі қоғам алдына жаппай оқитын ұлтқа айналу талабын қойып отыр. Өткен жылы алғашқы рет «#ОқыЖәнеЖең» онлайн байқауы оқуды ілгерілету бойынша ең ауқымды, креативті жоба деп танылды. Байқау 2024 жылы басталған. Биыл үшінші рет өткен жобаға облыстың 9 мыңнан астам тұрғыны қатысты, ал конкурстың соңғы бөлігіне 1027 қатысушы жетті. Осыған байланысты, Құмар Іргебайұлы, осы жылы байқауды тағы бір рет өткізу үшін қосымша қаражат бөлу мәселесін қарауды сұраймын», – деді Мэлс Абдрахманов.
Сондай-ақ өлкеміздің тұлғаларын дәріптеп, олардың еңбегін қайта басып шығару, жаңа әдеби туындылар жаздыру жұмыстары қолға алынған. Облыс басшысының тікелей қолдауымен биыл алғаш рет бес бағытта әр алуан жастағы оқырмандарға арналған кітаптар шығарылып жатыр. Оған облыстық бюджеттен 25 млн теңге бөлінген.
«Бұдан бөлек, облыста «Қостанай жас қаламгерлер мектебі» жобасын іске асыру мәселесі пысықталуда. Жоба мақсаты – көркем сөзге бейім, азаматтық ұстанымы берік, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін жаңа буын қаламгерлерін тәрбиелеу. Мектепті Қазақстан Жазушылар одағымен, сондай-ақ білім басқармасымен бірлесіп ұйымдастыру көзделіп отыр. Мұндай мектептің ашылуы – келешек Бейімбет Майлин, Мәриям Хакімжанова, Ғафу Қайырбеков, Сырбай Мәуленов сынды ақындарымыздың жолын жалғап, ұлттың мәдени кодын қалыптастыратын жас қалам иелерін қолдаудың жарқын көрінісі болмақ», – деп тағы бір тың жобаны таныстыра өтті ол.
Мэлс Бейбітұлы тарихи-мәдени мұралар бағытында атқарылған жұмыстарға да ерекше тоқталды. Айтуынша, облыс аумағында 1329 тарихи ескерткіш бар. Оларды сақтау үшін ғылыми-реставрациялық және археологиялық жұмыстар жыл сайын жүргізіледі. Солардың ең маңыздыларын жіпке тізіп берді.
«Биыл сәуірде Шоқан Уәлихановтың туған жері туралы дәйек іздеу мақсатымен Сарыкөл ауданы Күнтимес ауылында ғалымның қонысы болған аумақта археологиялық зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде ХІХ ғасырдың орта шеніне қатысы бар 20 артефакт табылды. Қыстақтың толық картасын жасау үшін әлі де ізденіс керек. Сондай-ақ бүгінде Торғай қақпасындағы геоглифтерді зерттеу жұмыстары басталды», – деді ол.
Міржақыптың 140 жылдығына орай Бидайық ауылындағы мұражай-үйді қалыпқа келтіру жұмыстары аяқталудың алдында. Торғайдағы 1993 жылдан бері жөндеу көрмеген Шақшақ Жәнібек музейі де жаңа кейіпке енгізілу үстінде. Облыстық Тарихи-өлкетану музейі де 30 жылдан кейін толық жаңартыла бастады. Алға қойылған жоспарлар да аз емес. Мәселен, қала орталығында заманауи өнер галереясын ашу көзделіп отыр. Арқалықтағы Мәдениет сарайын жарақтандыру ойда бар. Ағымдағы жөндеу жұмыстары өз алдына.
«Биылғы тағы бір жетістік – аудан-қалаларда көркемөнерпаздардың халық театры ашыла бастады. Бұл өзіңіздің тапсырмаңызбен қолға алынған жұмыс еді. Былтыр олардың саны алтау болса, биыл 16-ға жетті. Тек Алтынсарин, Ұзынкөл, Қарабалық аудандары мен Лисаков қаласында әлі күнге театр ашылмады», – деп ашығын айтты М.Абдрахманов.
Өңір басшысы жиынға онлайн қатысып отырған аталмыш өңірлердің әкімдерінен осы селсоқтықтың себебін жекелей сұрап, ортақ тапсырманың жылдамырақ орындалуын міндеттеді.
Биылғы ең маңызды оқиғалардың бірі Жахаңның мерейтойы болмақ. 140 жылдыққа орай 140 іс-шара тізімі жасалған. Ең негізгілері – «Алыстан «Алаш» десе, аттанамын» республикалық ақындар айтысы, «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» атты жыр-терме орындаушылар байқауы, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар, Қостанайда Міржақып ескерткішін ашу, Патриоттар форумы, отандық жұлдыздардың қатысуымен өтетін гала концерт, эстетикалық талғамы биік этноауыл құру…
«Бұл – өңір үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін де маңызды оқиға. Сондықтан аталған жобалардың іске асырылуын ерекше бақылауда ұстап, уақтылы аяқтауды қамтамасыз ету қажет. Барлық жоспарланған іс-шара, әсіресе, негізгі той қарсаңында жоғары деңгейде өтуге тиіс. Облыстық басқармалар Жанкелдин ауданы әкімдігімен бірлесіп, алда тұрған айтулы мерейтойды абыроймен атқарып шығуға міндетті», – деп қадап тапсырды облыс әкімі.
Сондай-ақ өңір басшысы аудан-қала әкімдеріне мәдениет нысандарының құрылысын, қайта жаңғыртуын және күрделі жөндеуін жіті бақылауда ұстауды, «Таза Қазақстан» акциясы аясында мәдениет объектілерінің, ескерткіштер мен іргелес аумақтардың ахуалына мониторинг жүргізуді міндеттеді.
Ж.Жүсіпбек
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
