Теннис орталығы қашан ашылады?

Теннис орталығы қашан ашылады?

Биылғы мамыр айында Қостанай қаласында үстел тениисінің құрылысы басталды.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жергілікті журналистермен бірге құрылыс алаңына барды. Спорт нысаны «Береке» шағын ауданында, Тобыл Аренаның қасында бой көтеруде. Құрылысы биылғы мамыр айында басталған. Бұл – екі жыл мерзімге жоспарланған жоба.

Сондықтан, бас мердігер «Статус Тейд» ЖШС жұмысты 2026 жылдың қазан айында толық аяқтаймыз деп отыр. Техникалық қадағалауды «Лир» ЖШС іске асырады, авторлық қадағалау «Дом» архитектуралық ателье» ЖШС-на бекітілген. Жоба құны 1 млрд 683 млн теңге. Қаражат облыстық бюджеттен бөлінген. Биыл негізі мен  қабырғаларын орнатуды бастайды. Мердігер ұйым сөзінде тұрып, құрылысты тап-тұйнақтай атқарса теннис орталығы келесі жылдың күзінде есігін айқара ашпақ. Қазірдің өзінде іргетасы дайын, инженерлік желілер тартылуда.

blank

Құрылыс алаңы екі мың шаршы метр. Құрылыс басқармасының басшысы Дидар Тілеубаевтың айтуынша, ғимарат екі қабатты болып салынады. Бірінші қабатында 24 ойыншыға арналған 12 стол, 100 жанкүйерге шақталған трибуна орнатылады. Екінші қабаты әкімшілік кешен, жаттықтырушылар бөлмесі, медициналық және киім ауыстыру кабинеттері деген сияқты. Орталықтың іші халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес жабдықталады. Сондықтан халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұялмай ұйымдастыруға болады.

blank

– Аймақта үстел теннисіне арналған дәл осындай кешен жоқ, бірақ споршылар бар. Үстел теннисінен біздің нәтижеміз жаман емес. Қостанайлық жастар республикадан жүлде алып жүр. Жаттықтырушылар да бар. Мұндай орталыққа сұраныс бар. Спорт кешені үстел теннисін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді, – деді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дулат Советханұлы.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов құрылысты мерзімінен кешіктірмей жүргізу қажеттігін тағы бір мәрте нақтылады. Мердігер бәрі жоспар бойынша жасалып жатқанын айтты. Құмар Іргебайұлы отандық құрылыс материалдарын қолдануды ұсынды.

blank

– Мұндай орталық жас спортшылардың дамуына, шеберліктерін шыңдауына ауадай қажет. Үстел тениссі – олимпиадалық спорт түріне жатады. Жақсы көрсеткішке жету үшін спортшыларға лайықты жағдай жасалуы керек. Ал ол жергілікті атқарушы органдардың міндеті. Сондықтан аудан, қалаларда дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынуда. Соңғы үш жылда облыс бойынша 18 спорт нысанын салдық, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қымбат ДОСЖАНОВА

Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ