Салтанат емес, сана серпілтер сабақ Фото: kaz.nur.kz

Салтанат емес, сана серпілтер сабақ

Бірі – ғылымның жарық жұлдызы, бірі – ұлттық рухтың жаршысы. Екеуі де ғасырлар арасын жалғаған тұлғалар. Бүгінгі ұрпақтың жүрегінде Шоқандай ойшылдың ізі, Міржақыптай күрескердің үні бар ма?… Қостанайда өтіп жатқан мерейтойлық іс-шаралар осы қос қайраткердің ел тарихындағы орнына терең үңілтіп, бүгінгі ұрпақтың тарихи танымын тәрбиелеуге бағытталған.

 «AMANAT» партиясының жанындағы «Мiras» аймақтық кеңесінің отырысында Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қазез мерейтойлық даталардың маңызын ерекше атап өтті.

Шоқан Уәлихановтың туғанына 190 жыл толуына орай, өңірде бірқатар ғылыми және мәдени-ағарту жұмыстары іске асты. Аталған іс-шаралар қатарында дәрістер, тарихи кештер, кітап көрмелері және «Шоқан Уәлихановтың ізімен» атты деректі фильмнің көрсетілімі де бар. Өңірдің жоғары оқу орындарында да арнайы кештер өткізіліп тұрады. Маусым айында «Жанашыр бол» қоғамдық қоры жүзеге асырып жатқан жоба аясында Сарыкөл ауданының Күнтимес ауылына (Шоқан Уәлихановтың туған жері) екі күндік танымдық жорық ұйымдастырылды. «Тарихқа қадам» атты бұл жорыққа Октябрь, Алтынсарин және Заречный ауылдарының оқушылары қатысты. Бағдарлама квест форматында құрылып, Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі туралы деректі фильмді көру, тақырыптық экскурсиялар сынды мазмұнды элементтермен толықты.

Қоғамдық даму басқармасы қазақ халқының тағы бір ұлы перзенті, ағартушы, жазушы және қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлының мұрасын сақтау мен таратуға арналған бірқатар маңызды жобаларды да қолға алып отыр.

«Міржақып Дулатұлының рухани мұрасын кеңінен насихаттау аясында біз «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасын іске асыруға бағытталған іс-шаралар кешені аясында Патриоттар форумын және «Міржақып Дулатұлы және ұлт руханияты» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Қайрат Қазез.

Бұл конференцияға еліміздің танымал ғалымдары, тарихшылары мен мәдениеттанушылары, сондай-ақ мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың өкілдері шақырылмақ. Іс-шара аясында ұлттық бірегейлік, рухани құндылықтар және Міржақып Дулатұлының қазақ мәдениеті мен қоғамдық ой-сана дамуына қосқан үлесі кеңінен талқыланатын болады.

Шоқан Уәлиханов пен Міржақып Дулатұлына арналған мерейтойлық іс-шаралар –тарихи тұлғалардың есімін ұлықтаудың, өскелең ұрпақтың ұлттық тарихқа, мәдениетке және рухани құндылықтарға деген сүйіспеншілігін арттырудың айқын көрінісі. Болашаққа бағытталған рухани серпіліс десек те артық емес.

Айбек ЖҮЗБАЙ