2025 жылдың 22–30 маусым аралығында Ақтөбе қаласында шахмат әлемінің айтулы оқиғасына айналған халықаралық «Владимир Дворковичті еске алу – Aktobe Open 2025» фестивалі өтті. Шахмат додасына 20 елден келген 311 шахматшы қатысып, шеберліктерін сынады. Жарыс заманауи «ACE» теннис орталығында ұйымдастырылды.
Фестиваль үш санат бойынша өткізілді. Атап айтқанда, Masters (рейтингі 2400 және одан жоғары), Challengers (1900–2399 рейтингі аралығы), Open (1400–1899 рейтингі аралығы).
Барлық партиялар швейцариялық жүйе бойынша 9 турда өтті. Әр ойыншыға 90 минут және әр жүріс сайын қосымша 30 секунд уақыт берілді. Бұл – қатысушылардың шыдамдылығы мен терең тактикалық ойлауын сынайтын ерекше формат.
Осы ауқымды додада Қостанай қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Рамзан Байдаулетов ерекше көзге түсті. Open санатында бақ сынаған Рамзан 311 шахматшының ішінен IV орынды жеңіп алып, өзінің жоғары деңгейдегі дайындық пен дарынды ойын өрнегін дәлелдеді. Бұл – тек жеке жетістік қана емес, сонымен қатар қазақстандық шахмат мектебінің дамып келе жатқанын көрсететін маңызды оқиға.
Жарыс барысында қатысушылар тек бәсеке емес, нағыз шахмат өнерінің мерекесін сыйлады. Әр партияда терең ой, дәл есеп, шапшаң шешім мен жанкештілік қатар көрінді.
Aktobe Open 2025 – талантты жас шахматшылар үшін үлкен мектеп, ал Рамзан Байдаулетов үшін бұл турнир – алдағы үлкен белестердің бастауы болары сөзсіз.
