Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің алдында орналасқан ұлы ағартушының ескерткіші жанында ерекше толқынысқа толы сәт Экономика және құқық факультетінің түлектеріне диплом тапсыру салтанаты өтті. Бұл күн түлектер үшін білім мен ізденіске толы студенттік жылдардың қорытындысы ғана емес, үлкен өмірге қадам басар тарихи сәт.
Ахаң атындағы ҚӨУ – еліміздің рухани әрі ғылыми орталықтарының бірі. Бүгінде мұнда 8500-ден астам студент білім алуда. Білім ордасында бес факультет пен ғылыми институт жұмыс істейді. 140 білім беру бағдарламасы арқылы студенттер бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде оқып жатыр. Университет құрамында бес жүзден астам профессор-оқытушы, оның ішінде ғылым докторлары, профессорлар, халықаралық сарапшылар бар.

Университет тарихында 190 мыңнан астам түлек қанат қақса, 2024–2025 оқу жылының қорытындысы бойынша 2392 жас маман жоғары білім туралы дипломын иеленіп отыр.

Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов арнайы қатысып, түлектерге ыстық лебізін білдіріп, университеттің өңір дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті.
– Баршаңызды ерекше сәтпен – үлкен өмірге бастар маңызды қадаммен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – әрбір әулет үшін де, жеке тұлға – азамат ретінде сіздер үшін де үлкен белес. Бүгінде Қостанай өңірлік университеті – терең тарихы, бай дәстүрі бар, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Сексен жылдан астам шежіресі бар университетте қазір 8,5 мыңнан астам студент білім алуда. Бүгінгі шараның Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіші алдында өтуінің өзі – зор символикалық мәнге ие. Ұлт ұстазының рухы асқақтаған бұл алаңда бас қосу – үлкен жауапкершілік пен ұлағаттың көрінісі. Тобыл-Торғай жері – еліміздің рухани, білім мен ғылым саласындағы ерекше орны бар аймақ. Бұл топырақтан түлеп ұшқан азаматтар ел дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ал осындай ордалы оқу орнының түлегі болу – үлкен мәртебе, зор абырой. Студенттік шақ – адамның ең тәтті, ең қызықты кезеңі. Болашақ достықтар мен серіктестіктер, өмірлік байланыстар осы университет қабырғасында қаланды. Сондықтан бұл тек білім алған орта ғана емес, нағыз өмір мектебі болды. Қазақта «Ғылым – теңіз, білім – қайық» деген терең мағынасы бар сөз бар. Бүгін сіздер осы теңізге берік қайықпен, яғни тиянақты біліммен шыққалы тұрсыздар. Бұл – сіздердің келешектегі табыстарыңыздың бастауы, – деді Бақытжан Хаберұлы.

Салтанатты рәсім барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің басқарма төрағасы – ректоры Сейітбек Қуанышбаев жүрекжарды тілегін арнап, бітіруші түлектерге ақ жол тіледі.

– Бүгін біз университетіміздің тарихындағы маңызды сәттің куәсі болып отырмыз. Диплом табыстау рәсімінің соңғы күнін атап өтіп, түлектерімізді үлкен өмірге шығарып салудамыз. Бұл – әрі толғанысты, әрі қуанышты кезең. Бүгінгі күн – Экономика және құқық факультетінің түлектеріне арналды. Таңертең экономика мамандығы бойынша студенттерге, түстен кейін құқықтану мамандығы бойынша бітірушілерге дипломдар табысталуда, – деді Сейітбек Бекенұлы.

Салтанатты рәсімнің ерекше бөлімі – қос диплом иегерлерін марапаттау болды. 2021 жылдан бері ҚӨУ мен Литваның Витаутас университеті (Каунас қ.) бірлесіп жүзеге асырып келе жатқан халықаралық бағдарлама алғашқы жемісін берді.


Биыл тұңғыш рет Қостанай өңірінде екі студент бір мезетте қос елдің дипломына ие болды. «Есеп және аудит» білім беру бағдарламасы бойынша оқыған Сабина Қабдыева мен Әлия Сыздық. Олар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ дипломымен қатар, QS әлемдік рейтингісінде 750-орында тұрған Витаутас университетінің дипломын иеленді.

Сахна төріне көтерілген түлек Әлия Сыздық ұстаздарына алғыс айтып, университет қабырғасында алған білімнің кәсіби жолда сенімді тірек боларына сенім білдірді.
– Біз үшін ерекше күн. Бірнеше жыл күткен дипломдарымызды қолымызға алдық. Бұл диплом – жай ғана қағаз емес, ол біздің болашағымызға үлкен әсер ететін құжат. Әрине, бұл – жаңа мақсаттардың, жаңа белестердің бастамасы, – деді Әлия Сыздық.

Салтанатты рәсім барысында факультетті үздік тәмамдаған студенттерге қызыл дипломдар, ал қалған бітіруші түлектерге бакалавр дәрежесін растайтын жоғары білім туралы дипломдар салтанатты түрде табыс етілді.
Суреттерді түсірген – Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ
