Астанада көлік пен құрылыс индустриясының жаңа көкжиектері ашылды

Астанада көлік пен құрылыс индустриясының жаңа көкжиектері ашылды

Қазақстанның жүрегі – Астанада, EXPO халықаралық көрме орталығы нағыз инновациялар мен әріптестіктің ордасына айналды.

Мұнда бір мезетте үш ірі салалық шара — Komtrans Astana + BUSexpo Astana және Eurasian Construction Technology Astana 2025 көрмелері өз есігін айқара ашты. Аталған көрмелер – еліміздің ғана емес, күллі Орталық Азия аймағының көлік және құрылыс салаларындағы жетекші оқиғалардың біріне айналды.

Көрмеге Қазақстанмен қатар, Қытай, Түркия, Өзбекстан елдерінен келген 230-ға жуық компания өздерінің озық өнімдері мен заманауи шешімдерін ұсынуда. Бұл – жаңа технологиялар мен халықаралық әріптестіктің тоғысқан тұсы, ал бизнеске бағытталған B2B формат көрмеге нақты мәмілелер мен жобалар әкелуде.

Komtrans Astana + BUSexpo Astana – жүк, коммерциялық және жолаушылар көлігіне маманданған, көлік индустриясының негізгі сегменттерін біріктіретін кәсіби платформа. Ал Eurasian Construction Technology Astana көрмесімен бір алаңда өтуі логистика, құрылыс пен инфрақұрылым салаларын кешенді түрде қамтып отыр.

Көрменің ресми ашылу салтанатында ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев сөз сөйлеп, елдің транзиттік әлеуетін арттыру жолындағы нақты қадамдарды атап өтті:

«Көлік және логистика – жаһандық экономиканың өзегіне айналған стратегиялық сала. Орта дәліз, Солтүстік–Оңтүстік бағыты сынды ірі жобалар Қазақстанның халықаралық аренадағы рөлін айқындайды. Мұндай көрмелер – серіктестікті нақты нәтижеге ұластыратын шешуші алаң», – деді ол.

blankКөрмеде ауыр жүк көліктері, заманауи автобустар, құрылыс техникасы, телематикалық жүйелер мен автосервиске арналған құрал-жабдықтар ұсынылып отыр. Шетелдік ірі компаниялар Қазақстанмен өндірістік кооперация орнатуға ниетті екенін білдіріп, ел нарығын Орталық Азияға шығатын маңызды платформа ретінде бағалап отыр.

Messe Frankfurt компаниясының вице-президенті Майкл Йоханнес те өз ойымен бөлісті:

«Бұл көрме бірнеше саланың тоғысуы арқылы Қазақстанның логистикалық хаб ретіндегі әлеуетін паш етіп отыр. Біз KomTrack атты жаңа бағыттағы көрме ұйымдастыруды да жоспарлаудамыз», – деді ол.

blankКөрме аясында өткен іскерлік бағдарлама да  «Өңіраралық логистикалық дәліздер: экономикалық ықпал және қаржылық тетіктер», «Орталық Азиядағы автотасымал кедергілері және цифрлық шешімдер», «Көлік саласына кадрлық ресурс: Жұмысшы мамандықтарының жылы», «Қазақстандағы автопаркті жаңарту: лизинг, мемлекеттік қолдау және халықаралық тәжірибе» сынды тақырыптар қамтылды.

blankБұл пікірталастар аясында сарапшылар логистикалық инфрақұрылымды дамыту, шекара маңындағы хабтарды кеңейту, кадр дайындау және жаңа қаржыландыру тетіктері секілді маңызды мәселелерді талқылады.

Business Media Central Asia басшысы Ануар Мәлік өз баяндамасында былай деді:

«Шекара бойындағы хабтар желісін дамыту – логистикалық тізбектерді оңтайландырудың нақты құралы. Бұл Қазақстанның аймақтағы саудадағы рөлін арттырып, өндірістік кооперацияны жаңа деңгейге көтереді», – деді ол.

Көрме аясында аймақтардан келген делегациялар техниканы жергілікті жағдайларға бейімдеу мүмкіндіктерін саралап, жаңа әріптестік жолдарын қарастыруда.

Ауқымды іс-шараны Business Media Central Asia (BMCA) ұйымдастырып отыр. Ал көрмеге ҚР Көлік министрлігі, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, ҚР Сауда және интеграция министрлігі ресми қолдау көрсетуде.

Астана қаласы