22 июня, 2025
Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Жұмыла көтерген жүк жеңіл

Қостанай қаласының тұрғыны Гүлзара Мырзаболатова он үш жастағы ұлын ерекше балаларға білім беретін мектептің күндізгі бөліміне ауыстыра алмай келе жатыр. Осы мәселемен бес жылда бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Оған себеп – балаға берілген дәрігерлік анықтама қортындысы. Бұл туралы Қазақстан халық партиясының «Халық аманаты» жобасы шеңберінде өткен дөңгелек үстелде айтылды.

«Балам үйде білім алып жатыр. Күндізгі оқу бөліміне ауыстырғымыз-ақ келеді. Бес жыл болды күтумен келеміз.  Ол өзі сыртқа зияны жоқ. Ақыл-есі сау. Қазір жүзумен айналысып жүр.  Дәл қазір мектепке барғанын қалаймыз.  Қазір уақыты босқа өтіп жатқандай көрінеді. Он үш жасқа да келдік. Ортаға шықса, белсенділігі артып  дамып кететініне сенімдіміз», – дейді анасы Гүлзара Мырзаболатова.

Міне, қазіргі талап, заманауи жүйе  титімдей баланың өз бетімен өмір сүріп кетуіне қайшы келіп тұрған жайы бар. Оған кесе көлденең  – кезінде баланы  қараған ақ халатты жанның қорытынды шығарылымы.

Мамандардың айтуынша, оның тағы бір тұсы айқын.

«Бала сабаққа барып, сыныппен жолыға алады. Бірақ ол бала үшін жеке сабақ өткізіп тұруға ол жердегілер міндетті. Себебі дәрігердің тағайындаған анықтама қағазы соны нұсқап отыр. Ол мәселені тек дәрігер шешеді. Емдеу мекемесіне барып, толық тексерістен өтулеріңіз керек. Онда «бала мектепке бара алмайды» деп ашық жазылған. Қайта талдауын беріп көріңіздер!», – деді облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігері Жанна Рысункина.

Дәрігер маманның атап өткеніндей, анықтама қағазы жыл сайын жаңартылып отырады. Жыл басында бала денсаулығын тексеріліп, ағзадағы өзгерістер анықталады. Белгілі бір қорытындыдан кейін дәрігерлік комиссия тиісті шешімін бекітеді. Сөйтіп дәрігері мектепте оқи алатынын айтып, мәселені шешуді түсіндіруі қажет. Осылай комиссия алқасы арқылы реттеледі. Енді ол бала Тобыл қаласындағы бейімдеу орталығына жатқызылатын болды. Бірнеше күн дәрігерлердің бақылауында болып, сараптама қортындысы шығарылмақ.

Қазақстан халық партиясы облыстық филиалы жетекшісінің орынбасары Жанна Тұрсынбекқызының айтуынша,  бүгінгі қоғам жүйеге өзгеріс енгізуге аса сұранып тұрғандай.

«Партиямыздың «Халық аманаты» жобасы бойынша іс-шаралар легі өз деңгейінде өтіп жатыр. Балаларды қорғауға байланысты білім беру бағытында партия белсенділері, эксперимент тобы мониторинг жүргізді. Сонда ерекше күтімді қажет ететін балаларды тәрбиелеп келе жатқан 200 — ден астам  ата-анадан тиісті ұйымдарға арыз түскен. Бұл мәселе жүйелі жұмыстың жүргізілмей тұрғанын көрсетіп тұр», – деді Жанна Тұрсынбекқызы.

Облыстық білім басқармасының балаларды әлеуметтік қорғау бөлімінің бас маманы Валерия Шатровская да бұл пікірге қосылады.

«Өкінішке қарай, бүгінде ерекше балалардың саны өсіп келе жатыр. Бес жылдың ішінде арнайы кабинеттердің де қатары артты. Қазір облыста осы бағытта білім беріп жатқан 27 мекеме бар. Онда  600 ден астам бала білім алады. Талаптың арқаны сондай ауылдың мектептерінде де біртіндеп ашылып жатыр. Қазір ондай орындар Алтырсарин, Қарасу аудандарында жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта Науырзым, Сарыкөл, Меңдіқара аудандарында ашу көзделуде. Балабақшалардан кабинеттер құру жоспарға енді. Қазірдің өзінде сексеннен астам маман тартылып отыр», – деді Валерия Шатровская.

Иә, қазір жеке мамандарға жүгіне беру де оңай емес. Әсіресе, бұл отбасында мүгедек жандарды бағып отырған ата-ананың қалтасын қағары сөзсіз.

«Жеке логопед жалдасаңыз сағатына бес мың теңгеден кем алмайды. Осы жағдайларды заң жүзінде мемлекеттің қамқорлығымен шешу керек деп ойлаймын. Партия тарапынан осы мәселе көтеріліп, арнайы мамандарға жалақы тағайындаса оңтайлы болар еді. Кез келген ата-ананың жеке логопед мамандарға жүгінуге шамасы жете бермейді. Әрқайсысының күнделікті алып отырған дәрумендері де бар.  Бір жағынан баланы белсенділікке бейімдеген дұрыс. Музыка, спортқа бейімдеу арқылы белгілі бір бағдарға бағыттап отырған дұрыс. Кестемен жүруді талап ететін ортада тиісті жерлерде маман тапшылығы бар екені рас. Жүйелі түрде жұмыс жүргізу қажет.Тиісті орындар жұмыла жұмыс істесе нәтиже болады», – деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Саят Жүсіпов.

Бұл тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда тапсырма берген болатын.

«Әр облыс орталығында аутизмі бар балаларды қоса алғанда, ерекше балаларды дамыту және оңалту орталықтары құрылуы қажет. Мұндай балалар саны әлемде де, Қазақстанда да артып келеді. Бұл бағытта демеушілер мен «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен нақты ілгерілеу бар», – деді Президент.

Анау айтқандай, Қостанайда ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды әлеуметтік бейімдеуге бағытталған спорттық бағдарламалар белсенді дамып жатыр. Бұл туралы өңірде дөңгелек осы салада бірнше жыл тер төгіп жүрген Валентина Исмурзина айтты.

«Спорттың балалардың дене белсенділігі мен моторикасын, координациясын, әлеуметтік дағдыларын дамытуда маңызы зор. Биыл өңірде осындай балаларға арналған 9 спорттық іс-шара ұйымдастырылған. 10 арнайы мекеме оқушыларын қамтыған жарыстар өтті.Былтырғы  «Жұлдызай-2024» республикалық фестиваліне Қостанайдан 87 бала қатысты. «Терма парк» базасында ерекше балаларға арналған жүзу сабағы іске қосылып, жыл бойы кемінде 50 баланы қамту жоспарланған. Бұл мақсатқа 6 млн теңге бөлінді», – деді Валентина Исмурзина.

Биыл облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы жаңа әлеуметтік жобаны қолға алмақ. 10 бейімделген спорт түрі бойынша 200-ге жуық баланы қамту жоспарланып отыр. Жоба бюджеті — 20 млн теңге. Бұл бастамалар ерекше балалардың әлеуметтенуіне, денсаулығын нығайтуға және қоғаммен тығыз араласуына үлкен мүмкіндік бермек.

Айбек ЖҮЗБАЙ

Суреттерді түсірген Жансая Сәбитбек