Арқалыққа ҚР Ғылым және жоғары білім министрі келді

Арқалыққа ҚР Ғылым және жоғары білім министрі келді

Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің қатысуымен «Ұрпақтар сабақтастығы» атты форум өтті.

Іс — шараға әр жылдары университет қабырғасында қызмет атқарған ректорлар мен профессорлар, ардагер ұстаздар мен түлектер, жергілікті атқарушы билік өкілдері, университет ұжымы мен студенттері қатысты.

Министр бастаған қауым ең алдымен университет алаңқайында орналасқан ұлы ұстаз Ыбырай Алтынсариннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң қонақтар университеттің материалдық-техникалық базасымен танысты.

Пленарлық отырыста сөз сөйлеген Саясат Нұрбек университеттің жаңа даму кезеңі мен өңірдің болашағы туралы айтты.

blank

«Бүгін біз қазақ ағартушылығының темірқазығы саналатын киелі Торғай даласында, Ыбырай Алтынсарин атындағы оқу ордасында бас қосып отырмыз. Бұл жиын – Арқалық қаласының даму тарихындағы жаңа бетбұрыс, сондай-ақ еліміздің білім беру жүйесіндегі маңызды кезең», – деді министр.

Министр өз сөзінде оқу орнының университет мәртебесін алуы өңір үшін ерекше мәнге ие екенін атап өтті.

blank

 

«Университет – тек оқу орны емес, қаланың интеллектуалдық дамуы мен жастардың өсуіне жол ашатын орталық. Жастар өз туған өңірінде сапалы білім алып, осында қалып, жердің дамуына үлес қосады», – деді ол.

Сонымен қатар ол бұл мәртебенің білім сапасын арттыруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейтуге және педагог кадрларды жаңа стандарттармен даярлауға жол ашатынын жеткізді.

blank

Форум барысында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов, қала әкімі Әмірхан Асанов, Арқалық қаласының құрметті азаматы Шөптібай Байділдин және Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Ержан Әмірбекұлы сөз алып, толғамды ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.

blank

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2026 жылы ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығын атап өту аясында Арқалық қаласында «Ұстаз рухына тағзым» атты жас педагогтер конференциясын өткізуді ұсынды.

«Жай ғана студенттер емес, ең білімді, ең белсенді, ең мықты болашақ педагогтерді жинаймыз. Бұл олардың кәсіби жолындағы алғашқы үлкен қадам болмақ. Конференция аясында қатысушылар міндетті түрде Торғай ауылына барып, Ы.Алтынсариннің алғашқы ашқан мектебі мен музейін көреді. Бұл жас мамандар үшін үлкен рухани тәжірибе болады», – деді министр.

«Ұстаз рухына тағзым» атты конференциясы еліміздің педагогикалық жоғары оқу орындарының үздік студенттері үшін дәстүрлі, жыл сайын өтетін іс-шараға айналмақ.

blank

Келесі кезекте министр университет студенттерімен кездесіп, еркін форматта сұхбат өткізді. Кездесу барысында ол заманауи мұғалімнің миссиясы, білім беру жүйесіндегі жаңа реформалар мен жас мамандарға қойылатын талаптар жөнінде кеңінен қаузады.

blank

Форум – ұлағатты ұстаздар еңбегіне құрмет білдіріп, жас мамандарға шабыт сыйлаған мазмұнды кездесуге айналды. Ардагер ұстаздар мен жас мамандардың тәжірибе алмасуы үшін арнайы сессиялар ұйымдастырылды.  Министр қала тұрғындарымен де арнайы кездесіп, халықтың көкейлерінде жүрген сұрақтарын тыңдап, жеке қабылдау да өткізді.

blank

Маңызды іс – шаралар легі университет түлектері мен студенттерінің күшімен әзірленген концертті тамашалаумен түйінделді. Сондай – ақ, бұл күні білім ордасының бірқатар түлектері мен оқытушылары министр қолынан марапатқа кенелді.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

Суреттерді түсірген – автор

                                                                        Арқалық қаласы