Торғайлық жас маман ел дамуына елеулі үлес қосып жатыр

Торғайлық жас маман ел дамуына елеулі үлес қосып жатыр

Елдің дамуына адал қызметімен сүбелі үлес қосып жүрген мемлекеттік қызметшілердің бірі Жанкелдин ауданы әкімі аппаратының басшысы Ерасыл Қойшыбек.

Ерасыл Қойшыбекұлы 1995 жылы 28 наурызда Жанкелдин ауданы, Аралбай ауылында дүниеге келген. 2001-2012 жылдары Аралбай ауылындағы Жанкелдин орта мектебінде орта білім алды. Мектеп бітіргеннен кейін 2012- 2016 жылдары Астана қаласында М. Нәрікбаев атындағы Қазақ гуманитарлық заң университетінде құқықтану мамандығы бойынша жоғары білім алды. Жоғары оқу орнын тәмәмдағаннан кейін2016-2017 жылдары әскер қатарына шақырылып, Алматы облысы, Қапшағай қаласындағы №32363 әскери бөлімінде отан алдындағы борышын өтеді.

Алғашқы еңбек жолын 2018 жылы «Жанкелдин ауданы, Торғай ауылы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінде бас маман қызметінен бастайды. 2019 жылы Жанкелдин ауданы әкімінің аппараты заң бөлімінің бас маманы қызметіне ауысты. Осы жылы Жанкелдин ауданы әкімінің аппараты ұйымдастыру-бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметіне жоғарылады. Бұл лауазымда 4 жылдан астам қызмет атқарып, 2024 жылдың 5 қаңтарында Жанкелдин ауданы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды. Қазіргі таңда, осы қызметті тындырымды атқарып келеді. Отбасы жағдайы: үйленген, 3 баланың әкесі.

Әкесі  Қойшыбек Нұреддинұлы Молдабек зейнеткерлік жасқа дейін Аралбай ауылының әкімі болып қызмет атқарған. Анасы  Үкіжан Исламбекқызы Искакова қырық жылға жуық білім беру саласында еңбек еткен.

Ерасыл Қойшыбекұлы табысты қызметі үшін 2021 жылы «Мемлекеттік қызметшілер күні» мерекесіне орай Қостанай облысы әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

«Жалпы, ауданымыз бойынша жүзге жақын мемлекеттік қызметші бар. Үлгілі еңбегімен танылған мемлекеттік қызметішлеріміз көптеп саналады. Олардың ішінде, көп жыл ауыл әкімі болып абыройлы қызмет атқарып келе жатқан Жарқын Сабыржан, Елдос Едресов, Берік Әубәкіров сынды аға буынның есімдерін зор құрметпен атап өтуге болады. Сондай – ақ, мол тәжірибесі бар, бас маман болып қызмет атқаратын Сейтбаттал Нұрханов, Жаңыл Бекмагамбет сынды мемлекеттік қызметшілеріміз де кейінгі жас буынға үлгі ретінде танылуда. Мемлекеттік қызмет — үлкен жауапкершілік пен  адалдықты талап ететін сала. Әріптестеріме қажырлы еңбек пен табыс тілеймін. Халықтың сенімін ақтай берсін», – дейді жас та болса бас болып, аудан тіршілігіне етене араласып отырған марапатты мемлекеттік қызметші, Жанкелдин ауданы әкімі аппаратының басшысы Ерасыл Қойшыбек.

Мемлекеттік қызметте сатылап өсіп келе жатқан іскер азаматтың алдағы уақытта да шығар биігі аз болмасын дейміз.

Мұрат ЖҮНІСҰЛЫ

      Жанкелдин ауданы