7 июля, 2025
Емдеу мекемелеріндегі дәрілік заттар неге уақытында айналымнан шығарылмайды?

Емдеу мекемелеріндегі дәрілік заттар неге уақытында айналымнан шығарылмайды?

Қазақстанда дәрілік заттарды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесіне барлық қатысушыларды біріктіру процесі енгізілді. Бұл елдегі фармацевтика нарығының ашықтығын арттырып, жалған дәрі-дәрмектермен күрес жолында  өте маңызды шешім. Қостанайға келген сапарында Мемлекет басшысының көмекшісі Тамара Дүйсенова бастаған делегация сала мамандарына осы бастаманың мәнісін түсіндіріп, МӘМС жүйесінің жұмысын ілгерілету туралы  баяндады.

Таңбалау жүйесі препараттың өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолын бақылау үшін керек. Бұл – сертификатталмаған және жалған дәрілердің айналымға түсуіне тосқауыл. 2022 жылғы 1 шілдеден бері елде 307 миллионнан астам дәрі-дәрмек қаптамасы таңбаланған.

«Негізгі мақсат – азаматтарға сапалы әрі қауіпсіз дәрілік заттар ұсыну. Айналымдағы ашық бақылау жалған препараттардың нарыққа енуіне жол бермейді және Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті әкімдіктерге медицина мекемелерінің дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілуін бақылауға жол ашады. Сонымен қатар дәрілердің мақсатты пайдаланылуын қадағалауға оңтайлы. Сондықтан бұл жүйені тиімді пайдалана отырып, тиісті шаралар қабылдау қажет», – деді ҚР Президентінің көмекшісі Тамара Дүйсенова.

Тексерістер Қостанайдың 12 мекемесінде дәрілік заттардың айналымнан шығарылуы баяу екенін көрсетіп берді. ҚР Денсаулық сақтау минисирінің орынбасары Ербол Оспановтың мәлімдеуінше, бұл мәселеде денсаулық сақтау басқармасы, комитет және бақылау департаменті бірлесіп, жағдайды зерттеп, себептерін анықтауы керек. Техникалық немесе операциялық себептері болуы мүмкін, кейде жүйеге тіркеуге деген немқұрайдылық та кездеседі. Сондықтан бұл бағытта нақты жұмыс жүргізу қажет.

«Өлім-жітім себептері бойынша тіркелген жағдайлар артқаны байқалып отыр. Назар аударсақ, өлімнің негізгі себебі ретінде кәрілік жиі көрсетіледі. Бұл дегеніміз – медицина қағаздарының дұрыс толтырылмауы. Мұны ұйымдардың ішкі тәртіптерімен байланыстыруға болады. Өлімге әкелген ауру емес, патологиялық жағдай немесе нақты себептің орнына жалпы «кәрілік» деп жазылған. Ал шын мәнінде нақты себеп анық көрсетілуі керек. Демек, өлім себептерін нақты анықтау және бақылау мәселесін реттеу қажет. Бұл бағытта бірлесіп жұмыс істеу маңызды», – деп тоқталды вице-министр.

Бүгінде таңбаланған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету аясында облысқа 2 млн тарта дәрілік зат қабылданған. Оның ішінде тоғыз жүз мыңдайы тіркеліп, бес жүз мыңнан көбі айналымнан шығарылған. Бұл – облыстар бойынша орташа көрсеткіш. Алайда назар кейбір денсаулық сақтау ұйымындағы көрсеткіш орташа деңгейден төмен. Бұл емханаларда және басқа ұйымдарда дәрілік заттар таратылғанымен, балансынан шығарылмай отыр. Дәрілік қамтамасыз ету болғанымен, есептен шығаруда мәселе бар деген сөз.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Суреттерді түсірген – Бердіболат Көркембаев