Облыс аумағындағы жиырма ауданның 101 елді мекенін су басуы ықтимал еді. Алдын алу жұмыстарының арқасында 43 елді мекенге қауіп төніп тұрған жоқ. Десек те, 57 ауылда әлі де су басу қаупі бар.
Қостанай облысының екі Қарасу және Қостанай аудандарында өткен көктемгі су тасқыны кезінде жарияланған төтенше жағдай режимі әлі күшінде. Қостанай облысының ТЖД бастығының орынбасары Өміржан Тұқышевтің сөзінше, өткен жылы өңірде су тасқынына қарсы 111 іс-шара жоспарланып, оның 96-сы жүзеге асырылған.
«Тобыл қаласындағы қорғаныс дамбасы нығайтылды. Сондай-ақ, Арқалық қаласының Северный ауылында нөсерлік кәріз жүйелері салынды. Атқарылған жұмыстардың арқасында төрт көпір, екі су қоймасы мен бөгет және алты дамба жөнделді. Отыз шақырымнан астам жағалауды бекіту жұмыстары атқарылып, бес шақырым үйінді бөгеттер тұрғызылды. Мұның сыртында, бес көлік жолы қалыпқа келтіріліп, 693 құлаған электр бағандары жаңартылды. Он төрт жаңа су өткізу құбыры орнатылып, 40 шақырымға жуық нөсерлік кәріз жүйелері жөнделіп, тазартылды», – деді Өміржан Тұқышев.
Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасарының сөзінше он бес іс-шара түрлі себептерге байланысты орындалмаған. Осы жылғы су тасқыны кезеңінде мұз кептелісін болдырмау үшін, ТЖД мен әкімдіктер қажетті жарылыс жұмыстарын жүргізетін орындар мен мұз көлемін анықтаған. Биыл жалпы алғанда 193,9 мың текше метр мұз жару жоспарланып отыр.
«Облыс аумағын әуеден бақылау үшін қажетті қаражат бекітілді. Су тасқынының алдын алу және оның зардаптарын жою үшін жанармай қоры, инертті материалдар, құм салынған қаптар дайындалды. Сондай-ақ, зардап шеккен тұрғындарға азық-түлік жеткізу бойынша келісім-шарттар жасалды», – деді ӨКҚ алаңында өткен брифингте Өміржан Тұқышев.
Су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындарды орналастыру үшін 104 эвакуациялық пункт белгіленген. Онда 12 431 адам жайғаса алады. Сондай-ақ, құтқару жұмыстарына 2 815 адам, 392 техника мен 123 жүзу құралы және 336 мотопомпа бар.
«ТЖД жеке құрамы күшейтілген қызмет режиміне ауыстырылды. Кезекші топтар екі ауысымдық режимде жұмыс істеуде. Қостанай қаласынан Арқалық қаласына, Жанкелдин және Аманкелді аудандарына 77 қызметкер мен 28 техникадан тұратын 3 арнайы топ жіберілді. Бұл топтар жағдайды бақылаумен, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын және су өткізу жүйелері, сайлар, каналдар мен аулаларды қар мен мұздан тазарту жұмыстарын атқаруда», – деді ол.
Сондай-ақ, Қарасу ауданының, Жамбыл ауылына Семей қаласынан ҚР ТЖМ 68303 әскери бөлімінің инженерлік техникасы бар жеке құрамы келіп, қорғаныс дамбасын нығайту үшін құм салынған қаптарды төсеу жұмыстарын жүргізуде.
Сералы МЫРЗАБАЙ