Әлем кубогынан бір күміс, бір қола

Әлем кубогынан бір күміс, бір қола

Қостанайлық спорт сүйер қауым алыстан олжалы оралып, көк туымызды желбіреткен екі бірдей өренін күтіп алды.

Айдос Үсенов бокстан Черногорияда өткен жастар арасындағы әлем кубогының қола жүлдегері атанса, Алина Төлегенова кикбоксингтен Италияның Иезола қаласында ұйымдастырылған әлем кубогының финалында бақ сынап, күміс медаль иеленді.

“Черногорияда өткен жарыста екі кездесу өткіздім. Косово елінің өкілін уақытынан бұрын жеңдім. Сербия боксшысынан ұтылдым. Тартысты кездесу болды, жеңуге болатын еді, бірақ қателік өзімнен кетті. Бұл қателіктермен келешекте жұмыс істейтін боламыз”, — дейді Айдос.

Ол Олимпиадаға дайындық базасында жастар құрамасымен бірге екі апта оқу-жаттығу жиынын өткізген.

“Спортқа келгеніме алты жыл болды. Жарыстарға қатысып жүргеніме екі жыл. Азия, әлем чемпионаттарына бардым. Туып-өскен жерім — Петропавл қаласы. Қостанайға бірнеше жыл бұрын қоныс аударып, осында жақсы нәтиже көрсете бастадым”, — деп қосты жас спортшы.

Бұл жетістікке білікті бапкері Сапабек Мұқышевтің еңбегі зор.

“Әлем кубогына 21 елден жас спортшылар қатысты. Ресей, Куба, Словакия, Түркиядан келген мықты боксшылар болды. Қазақстан командалық есепте екінші орын иеленді. Айдостың бойынан отты көріп, оған сендік. Сол сенім бүгінде нәтижесін беріп отыр. Облыс әкіміне, федерация президенті Сайлаубек Ерғазыұлына, Еркін Сайранұлы Бұқановқа, федерацияның Құрметті президенті Махаббат Жотаевқа алғысымызды білдіреміз”, — деді ол.

Ал Алина Әлем кубогында үш кездесу өткізіп, барлығында италиялық қарсыластарымен жұдырықтасты. Бұған дейін Камбоджада өткен Азия чемпионатында күміс медаль иеленіп, әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Республиканың бірнеше дүркін чемпионы.

“Бұл жарысқа екі апта дайындалдым. Алғашқы жиын Түркияда, екіншісі Алматыда өтті. Наурыз айында жарыс басталды. Финалда Италия спортшысына жол беріп, екінші орын алдым”, — дейді Алина.

Алина мен Айдостың спорттағы жетістіктері оларды тек жеңіс тұғырына ғана емес, бір ұжымға да біріктіріп отыр. Екеуі де Жанат Батырбекұлы ашқан жаттығу залында бірге жаттығады.

“Айдос он бесінші наурызда Қытайға барады. Онда жергілікті спортшылармен бірлескен оқу-жаттығу жиындары өтеді. Екі халықаралық турнирге қатысып, елге оралған соң Азия чемпионатына дайындықты жалғастырады. Алинаны алда әлем чемпионаты күтіп тұр”, — дейді жаттықтырушы Жанат Батырбекұлы.

Алина Алтынсарин мектебінің түлегі, бүгінде Зұлқарнай Алдамжаров атындағы Қостанай әлеуметтік университетінің екінші курс студенті. Әлемдік деңгейдегі жарыстарды көріп үлгірген Айдостың жасы небары он алтыда. Қостанайдағы нөмірі 27 – мектептің 11-сыныбында оқиды.

Айбек ЖҮЗБАЙ 

Суреттерді түсірген – Жансая Сәбитбек 

Жаңалықтармен бөлісу